Қазақстан синоптиктері алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын ұсынды. Болжамға сәйкес, елдің басым бөлігінде қатты жауын-шашын, көктайғақ және тұман күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады.
«9 ақпанда елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын күтіледі, ал 10 ақпанда қатты қар жауады. Сондай-ақ аталған өңірлерде көктайғақ болады деп болжанып отыр», делінген хабарламада.
Сондай-ақ республика бойынша тұман, төмен қарлы боран және желдің күшеюі күтіледі.
«11 ақпанда оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жауын-шашын біртіндеп тоқтайды, десе де түнде ауа температурасы -8-21 градус аязға дейін төмендейді», делінген мамандардың болжамында.