Ауыл балаларының темір-терсекке үйірсек екені рас. Балалық шақта әкеміздің жанында жүріп, машина мен трактордың руліне жайғасқанды үлкен мәртебе көретін едік. Ал қазіргі жас буынның қызығушылығы заманға сай өзгеріске түскен. Соның бір жарқын мысалын Мәшһүр Жүсіп ауылындағы мектептен байқадық. Жергілікті оқушылардың роботтехникаға әуестігі көрген жанды тамсантады.
Ғұлама Мәшһүр Жүсіп атындағы ауыл тұрғындары балаларының сабақтан бос уақытында пайдалы әрі келешегі зор ғылым түрімен шұғылданатынына дән риза. Мұнда біраз жылдан бері роботтехника сабақтары тек информатика пәні аясында ғана оқытылып қоймайды, апта сайынғы үйірме түрінде де жалғасып келеді. Түрлі механикалық тетіктер мен жаңа технологияларды жасанды интеллектімен байланыстыратын қолданбалы өнерге бой ұрған жас ұрпақтың қазірде қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Ауылдық мектеп ішінен құрылған командалар республикалық, облыстық роботтехника турнирлерінде топ жарып жүр. Бұл жетістік балаларды ғылыми-техникалық прогреске жетелейтін ұшқынға айналып, оқу орнындағы жоғары сынып оқушылары жаңа бағдарламалау тілін шемішкеше шағады.
Ауыл үлкендерінің айтуынша, жасөспірімдердің автоматтандырылған техникалық жүйелерге деген қызығушылығына себепші болған мектеп ұстазы Асқар Аюпов екен. Ол білім мекемесінде физика және информатика пәндерінен сабақ береді. Тәлімгердің электронды-цифрлық жүйеге деген энтузиазмы барлық шәкіртін баурап алған тәрізді. Педагогикадағы 8 жылы ішінде жаңа ақпараттық технологиялар саласында бар білгенін алдына келген оқушылардың санасына ерінбей-жалықпай құюда. Ұстаз келешектің Илон Маскы мен Билл Гейтстерін оқытып жатқанына сенімді. Балалардың көзіндегі от пен пәнге деген құштарлық осыны аңғартса керек.
– Қазір барлық әлем цифрлы өркениетке қадам басып жатыр. Қолымызда ұстаған ұялы телефон, түрлі мобильді қосымшалар, жерсеріктік телетаратылым, ғаламтор, электронды кітаптар – осы саладағы инновациялардың жемісі. Ғалымдардың айтуынша, адамзаттың ендігі болашағы құлтемірлермен байланысты екен. Біздің еліміз де бұл үдерістен қалмайтыны анық. Отандық білім жүйесіне роботтехника негіздері енгізілді. Біз оқушыларға робот құрастырудың, оны бағдарламалау мен басқарудың негіздерін үйретеміз, – дейді ұстаз.
Мұғалімнің айтуынша, роботтехника физика мен информатика пәндерін біріктіреді. Кәдімгі ойыншыққа жан бітіріп, оны қолмен басқаруға үйрету кез келген бала үшін аса қызықты екені даусыз. Физика мехатроникалық жағынан көмектессе, информатика бағдарлама жазу, басқару, роботты қимылға келтіру, тіл бітіруге себеп болады. Оған қоса әр құрастырылатын роботтың өз талаптары мен жүйесі болатын көрінеді.
– Мысалы, түрлі жарыста кеңінен тараған «Сумо» аталатын роботтар бар. Көлемі көбіне 25х25 немесе 10х10 см, салмағы 500 грамнан 1 килограмға дейін тартады. Жарыс барысында олар белгіленген шеңбер ішіне қойылып, бірін-бірі итеріп сызықтан шығарып тастауға әрекеттенеді. Оны құрастыру барысында балалар ортадағы серпілу күшін, құлтемірдің салмағын жақсы меңгеруі керек. Түрлі қабылдағыш чиптер мен тетіктер өзара үйлесімде әрекет етуі үшін бағдарламада мін болмауға тиіс. Оқушыларды осыған үйретемін. Жалпы, роботтехника сабақтары бірқатар қиын техникалық пәндерді оқушыларға үйретуде де керемет құрал. Мұнда оқушылардың тек логикалық ойлау қабілеті жетіліп қана қоймай, сонымен қатар математикалық, алгоритмдік жалпы қабілеттері мен электронды сызбаларды түсіну, өз ойын нақты және дұрыс жеткізу, проблемаларды түрлі жолмен шешу, топпен жұмыс жасау секілді басқа да зерттеушілік біліктіліктерін де дамытады. Нәтижесінде оқушылар өз жобаларын жүзеге асыра алады, – дейді жаңашыл ұстаз.
Мәшһүр Жүсіп мектебінің балалары Асқар Хамзаұлының жетекшілігімен 2019 жылдан бері түрлі турнирге қатысып, өз тәжірибелерін шыңдауда. Алғашқы жылдан-ақ олардың қабілеттері байқалып, үлкен жарыстарда жүлделі орындарға таласқа түсе бастаған. Әсіресе Қарағанды қаласында өткен республикалық, облыстық ашық жарыстарды нәтижелі аяқтаған. Кейінгі 5 жылда облыс көлемінде ұйымдастырылған «WRO-2018», «KazRoboSport-2019», «Зерде», «Pavlodar Robotics Challenge», «Менің роботтехникам», «Robopolis-2022» сайыстары мен чемпионаттарында 15 шәкірті жүлделі орындарды иеленіпті. Ал республикалық «KazRobotics 2019» турнирінде оқушылары Марат Райымбек пен Ерхан Махмұтов 3-орынға, «Зерде» зерттеу жұмыстарында Марат Жәнібек бас жүлдеге іліксе, Исабек Нұралы мен Тлеуғабыл Айзере І дәрежелі дипломмен марапатталған. Бұдан басқа ел бойынша өткен «RoboLand 2021» сайысында Назмұхан Ернар ІІІ дәрежелі дипломға, Қазбек Қазтай арнайы аталымға ие болыпты. «RoboLand» халықаралық сайысында 2019 жылдан бері оқушылар Назмұхан Жанболат, Мыңтай Нұртілек, Исабек Нұралы, Баян Ислам, Назмұхан Ернар бірінші және екінші орындарды иеленіп келген. Шәкірттердің бұдан да өзге жетістіктері жетерлік.
А.Аюповтың өзі былтыр «Үздік педагог-2022» республикалық байқауында жеңімпаз атанып, арнайы сертификатпен және «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталғанын айтып өткен абзал.
Жалпы, Баянауыл ауданында 24 мектеп бар болса, соның 8-іне 2017 жылы LEGO MINDSTORMS EV3 деп аталатын роботтехникалық конструкторлар сатып әперілген екен. Бұл, әрине, тұтас аудан үшін өте аз. Кейбір ауылдардағы мектепке жергілікті ата-аналар мен демеуші азаматтардың көмегімен әлгіндей робот жиынтықтары сатып алынған. Дей тұрғанмен, бұл үлгілердің қазіргі күні ескіре бастағаны байқалады. Мәшһүр Жүсіп мектебінде робот-құрастырмалардың кейбір қозғалтқыштары істен шығып, датчиктері жарамай қалған. Көбіне ата-аналар өз қаражатына оларды жаңалап отырады екен.
– Былтыр Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрі болып тұрған уақытта роботтехника сабақтарында пайдаланылып келе жатқан құралдар жаңартылады деп уәде беріп еді. Расында, біз қолданатын құрастырмалы жиынтықтар әбден ескірді. Оның өзінде мектебімізде 4 данасы ғана бар. Кейде жарыстарға дайындалғанда чиптер мен мехатрониктеріміз жетпей қалады. Олардың орнына заманға сай жаңа түрлері әрі көп көлемде алынса дейміз. Қазіргі нарықта неміс технологиясы негізінде жасалған VEX деп аталатын құрастырмалар мықты саналады. Солар қолымызға тисе, мүмкіндігіміз артып, жетістіктеріміз еселене түсер еді. Ал әзірге қытайлық «Алиэкспрес» арқылы өз қаражатымызға тапсырыспен Arduino электронды құрастырмаларын сатып алып жатырмыз. Олардың құны арзан әрі құрылысы қарапайым. Дегенмен робот құрастыруда көптеген артықшылығы бар. Ал бағдарламалауда кең таралған Python тілін қолданамыз, – дейді кейіпкеріміз.
Негізі информатика пәні бастауыш сыныптардан бастап оқытылғанымен, ауыл мектебіндегі 1-4-сыныптар үшін роботтехникамен айналысуға мүмкіндік жоқ. Себебі оған арналған «WeDo» жиынтықтары Мәшһүр Жүсіп мектебіне алынбаған. Бұған қоса роботтехника туралы ана тілінде жазылған оқулықтар жоқтың қасы. Бұл салада еңбектеніп жүрген педагогтер барлық ақпаратты орыс тіліндегі кітаптардан және ғаламтор беттерінен алатыны шын. Информатика пәнінің мұғалімдері балалардың құлтемірлерді құрастыруға деген қызығушылықтары жоғары екенін ескеріп, роботтехника сабағын жеке курс ретінде оқытуды ұсынады. Мысалы, ол оқу бағдарламасының кестесіне сәйкес бір тоқсанда 9 рет қана өткізіледі. Бала әрқайсысы 45 минуттық 9 сабақтан роботтар әлемі жайында толыққанды не үйренуі мүмкін? Салдарынан көптеген мектепте робот құрастырумен әуестенетін балалардың саны онша көп емес. Сондықтан бұл бағытта тереңірек оқытуға көңіл бөлінсе деген тілегі бар информатика пәні ұстаздарының.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Мәшһүр Жүсіп ауылы