Күнделікті тіршілікте көпшілік біле бермейтін, білгеннің өзінде айналып өтуге тырысатын елді мекен бар. Мұнда бұрыннан халық көзінен оқшауланған лепрозорий мекемесі орналасқан. Ежелден келе жатқан кеселдің кесірінен емдеу мекемесінің мәңгілік тұрғындары жұрттан жырақта өмір сүруге мәжбүр. Сондықтан да оған шалдыққандардың адам шошырлық әлпеті мен әлеуметтік жағдайға тиісті мекемелерге ғана мәлім.
Еліміздегі лепрозорий мекемесі Қызылорда облысында орналасса, орта ғасырларда Еуропада алапес ауруына шалдыққандарды қоғаммен араластырмай емдейтін лепрозорий орталықтары бірнеше мыңнан асқан.
Әлмисақтан, адам баласын шошытқан алапестің жаман жері де сол, бұл ауру оба мен шешек сияқты емес, жұққаннан кейін алғашқы белгілері білінбей, ағзада он, тіпті жиырма жылға дейін жүре береді. Әуелі адамның сыртқы жүйке жүйесін зақымдап, денеде ақтаңдақ түрінде көрініп, аяқ-қолды жансыздандырып, асқына келе науқасты ажарынан айырып, адам қарарсыз күйге түсіреді. Атының өзі шошытқан бұл ауру елімізде алғаш рет Жайықтан табылған. Бүгінде негізгі екі ошағы бар десек, бұл – Атыраудағы Балықшы, Жылыой және Қызылордадағы Арал, Қазалы аудандары. Науқастардың 80 пайызы – осы өңірлердің тумалары.
Қазіргі таңда елімізде алапеспен ауыратын 265 адам есепте тұрса, олардың орташа жасы – 68, ең кішісі – 40, ең үлкені – 90 жастан асқан. Бірақ біздің қуанышымызға орай, кейінгі бес жылда елімізде алапесі бар адам тіркелмеген.
Халықаралық ғылыми қолданыста «Хансен ауруы» дейтін атауға ие ескі кесел балалар мен жасөспірімдеріміз де айналып өткені қуантады. Қазірге алапес тек егде, жасы келген жандардан табылып отыр және бұл – осы инфекцияның жойылып бара жатқан ошақтарына тән жағдай.
– Әрине, алапестің алдын алу мәселелеріне үлкен мән беріледі. Алайда алапестің клиникаға дейінгі профилактикасы әлі күнге дейін зерттеліп жатыр. Осыған орай екіншілік профилактика, алапестің салдарын, яғни асқынуларын емдеу мен қайталануына жол бермеу басты міндет болып қала береді, – дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Асылхан Әбішев.
Қазақстанда алапесті жүз жылдай бұрын, 1929 жылдан бастап, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Қаулысымен Қазақ КСР-де лепрозорийді ұйымдастыру туралы шешім қабылданған кезден бері емдеп келеді. Қазіргі таңда Қазақ республикалық лепрозорийі – ерекше емделуді ғана емес, өз пациенттерін оңалтуды да жүзеге асыратын ерекше үлгідегі мамандандырылған емдеу мекемесі.
Лепрозорий Қызылорда облысында орналасқан және екі диспансері бар. Пациенттердің арасында тұрақты медициналық көмекке мұқтаж мүгедектер, үйсіз, бас тартқан, туыстары жоқ және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, әлеуметтік баспанаға мұқтаж науқастар бар. Алапеске душар болғандар оның қайталану қаупіне байланысты өмір бойы оқшау өмір сүреді.
Осынау жұқпалы кеселді емдеудің бүкіл тарихына көз салсақ, отандық дәрігерлер ем-домның талай тәсілін қолданып келеді. Бастапқы шаралар негізінен пациенттерді анықтау мен оқшаулауға бағытталған. Осыдан кейін міндетті химиотерапия жүргізу алға шықты. Қазіргі уақытта алапеспен күресуде мүгедектіктің алдын алу мен науқастарды оңалту өзекті.
Дегенмен дәрігерлер алапеске шалдыққан науқастарға қатысты алалаушылық пен лепрофобия тек халық арасында ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау мамандары арасында да бар екенін жасырмайды. Айналып келгенде бұл да пациенттердің дұрыс, толыққанды ем-дом мен әлеуметтік көмек алуына кері әсерін тигізеді.
Арғы ата-бабаларымызда болмаған бұл ауру бізге қайдан келді деген сауалға қатысты халық арасында түрлі қауесет бар. Көбі алапес дейтін жұқпалы ауру балықтан, тіпті балықшылардың арасынан тараған деседі. 50 жылдарға дейін науқастардың мойындарына қоңырау іліп келген. Шылдырлап, жақындаған кезде беттерін бүркеп, адамдар жасырынып қалады екен. Бірақ ақ желеңділер лепра инфекциясының қайдан шыққанын ғылыми түрде дәлелдеп, Патша үкіметі Қазақ даласына келе бастаған тұста, Ресей мен Еуропа халқы алып келген деген дәйек жасаған.
Ал халықаралық ұйымдардың анықтамасына сүйенсек, Қазақстанның алапес бойынша эндемиялық аудандарына иммундық тапшылығы анық байқалатын тұрғындары бар экологиялық апатты аумақтары жатады. Демек бұл – ескі кеселдің қайта пайда болу қаупі сақталады деген сөз.
АЛМАТЫ