• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 08 Ақпан, 2023

«Жұмыспен жарылқаушылар»

283 рет
көрсетілді

«Базар барсаң – бақыр бар, барсаң бақыр түгіл тақыр жоқтың» кері. Қазір интернет арқылы жалған жұмыс, өтірік вакансия ұсынатын компаниялардың, өз пайдасына жегіп қоятын желілік бизнестің қара тізімін оңай тауып алуға болады. Жұмыспен жарылқаушылардың қара тізімін жасауға септесіп отырғандар да сол – секта сияқты «сетевиктердің» айласынан әрең сытылып шыққандар. Өкінішке қарай, көп адам осыны өз басынан өткермей түсіне бермейтіндіктен, үш күні қор болған жігіттің мысалын баяндап көрелік.

Жалақысы жоғары жұмыс табамын, байлыққа батып қаламын деп жүріп, керісінше құлдыққа душар болған, яки бүкіл жиған-тергенінен айырылып, өмірінің соңына дейін құтыла алмайтын қарызға батып қалғандар да жоқ емес.

Сонымен, әлеуметтік желіде Әділбек Нұрымбет деген азамат: «Жақында жұмыс іздеп гугл ақтарып отырып «Дәрігерлік жұмыс, жоғары жалақы және қосымша бонусы бар» деген жарнамаға хабарласқанмын. Телефонның арғы жағындағы жігіт: «Офиске кел, сөйлесеміз», деді. Кеңселеріне шауып барсам, кіреберісте үлкен холл бар екен. Адам көп, әр жерге отыра қалып, бәрі бірнәрсе жазып жатыр. Мен де кіреберістегі кісіге жөнімді айттым. «Анкета толтырыңыз» деді. Сөйтсем, бәрі анкета толтырып отыр екен. Мен де не деген қырғын жұмыс орны деп ойладым да, толтыра бердім. Анкетасын өткізгендерді кезегімен шақырып жатыр. Кезек маған да жетті. Мені қабылдаған жігіт: «Біз көтерме саудамен айналысамыз. Сіз дәрігер болғандықтан біздегі дәрілер мен медициналық аппараттар жөніндегі ақпараттарды клиенттер мен өз қызметкерлерімізге түсіндіресіз. Қазақстан ішінде, кейде жақын шетелдерге конференцияларға барасыз, жалақыңыз өте жоғары болады», дей келе, екі күн тағылымдамадан өту керектігін, одан сәтті өтсем, әрі қарай жұмыс істейтінімді хабарлайтынын айтты. Кешке тағы бір жігіт қоңырау шалып: «Құттықтаймын, сіздің кандидатураңыз өтті, ертең сағат 11.30-да келіңіз», дегенде қуанып қалдым.

Ертеңіне айтқан уақытында жетіп бардым. Содан бәрімізді бір мәжіліс залына кіргізіп, бизнес жайында, Роберт Кийосакидің квадраты сияқты үш сағат дәріс оқыды. Оның ертесіне әркім өз саласы бойынша ақпарат алатынын, үйге алға қойған 50 мақсатыңды жазып келіңдер деп жіберді. Ертеңіне бізді бөлмеді. Кешегі келгендердің бәрін қайтадан сол жерге жинап, компания, анау-мынау жайында айта келіп, ең соңында бұл желілік маркетинг Тяньши болып шықты. Зая болған үш күнімді айтсайшы!? Бұл аз дегендей тағы 160 мың теңгеге Тяньшидің өнімдерін сатып алып, онымен де қоймай артымыздан адам шақырады екенбіз. Айына 1 млн теңге алып жүр деп, бір жігітті мысалға келтірді. Қанша жылда жетті десек, 4 жылда дейді. Қаным басыма шапты. «Үш күн уақытымды алғанша бір­ден айтпайсыңдар ма?» десем, «Бір күнде ай­тып тастасақ, миыңа салмақ түсіп кетеді», деп қарап отыр. «Кешегі айтқан уәделерің қай­да?» десем, «Осы пакетті сатып алсаң, біз саған жарнама жасауды үйретеміз ғой», дейді тағы да ұялмастан. Тіпті осыдан кейін бірден «желілік маркетинг» деп басын ашып айтып, сөйлесуге барған бірінші күні бәрін түсіндіріп тастай­тындарды жақсы көріп кеттім. Нағыз алаяқ­тар осында екен. Гуглға жалақысы жоғары деп хабарлама қойып, хабарласқанда «Суриков көшесі 55/1-ге шақырса», онда ол – Тяньшидің желілік маркетингі. Компанияның өнімі туралы ешнәрсе айтпаймын. Өйткені білмеймін. Бірақ адамды тіпті алаяқтықпен шақыруы – шектен шыққандық», деп өз басынан өткен оқиғаны бүге-шігесіне дейін ерінбей жазыпты.

Бұл жазбаның бізді ойлантқан тұсы, осы тектес оқиғалар жазбаға пікір қалдырған­дардың көпшілігіне таңсық емес, талайының басынан өткен, аузы да ақшасы да күйген. «Жолап кетсең қыр соңыңнан қалмайтын, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын «сетевик» туысқан мен таныстан құтылудың жалғыз жолы – араласпай қою» деген ақыл да жүр арасында. «Жай еден жуатын жұмыс іздесең де желілік бизнестің есігін қағып тұрасың», дейді енді бірі.

Расында, бүгінде екінің бірі осы бизнестің жетегінде жүр. Өкініштісі, олардың арасында жоғары білімді мамандар, түсіндіргенде небір сөздің түбін түсіретін «дарындылары» да бар. Сөздеріне құлақ салсаң, жазылмайтын ауру, кетірмейтін кеселі жоқ. Өздері де сенеді, жұртты да сендіреді.

Егер бұл өнімдердің барлығы керемет болса, онда неге аурухана толы ауру-сырқау деген сауалды өзіңізге қойып көріңізші. Осы жолдарды жазып отырғанда да қандай желілік бизнес шықса, бірінші болып кіріп алатын «тәтемнен» жарнама төпелеп түсіп жатыр...