• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2014

Ұлт бағына туған тұлға

503 рет
көрсетілді

ЕЛ АМАН БОЛСЫН, ЕЛ ҮШІН ТУҒАН ЕР АМАН БОЛСЫН!

Өзін ойлаған – құлқынының құлы, халқын ойлаған ұлы! Сымбаты бөлек сырын, құпиясы көп қырын екінің бірі ұға бермейтін Ұлылық – тіреусіз Аспан жаратқан, көк күмбездей төңкерілген зеңгір көкке Ай мен Күн орнатып, оны алтын шеге – сансыз жұлдыздармен бекіткен құдіреті шексіз, шапағаты мол Алла тағаланың ерекше мейірі түсіп, өзгеше жаратқан бітімі бөлек, тұлғасы ерек ерен сүйіктісіне берген үлкен сыйы. Қазақстан Республикасының бүкіл халық сайлаған тұңғыш және қазіргі Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды ел бағына туған тұлға жайлы ойлағанда қаламға оралған алғашқы ой осы. Бұлай деуіміз жалаң мадақ, жай сөз емес. Бес мыңнан астам ұлт пен ұлыстың жүз тоқсан екісі ғана мемлекеттік деңгейге жетті, тәуелсіз болды. Соның бірі, бірегейі – Қазақстан. Бұрыннан бар, барлық жүйесі қалыптасқан мемлекетті басқару да оңай емес, ал күлі көкке ұшқан кеңестік жүйеден мұраға қалған, экономикасы тығырыққа тірелген елде жаңадан мемлекет құру – тақыр жерге тау тұрғызғанмен бірдей ерлік емес пе?! Нұрсұлтан Әбішұлының Жаратқан Ием сыйлаған қымбат қасиетінің бір қыры осы қиын кезде анық танылды. «Шын сөз – құдіретті сөз» депті Мұхаммед пайғамбар. Тәтті өтіріктен ащы шындық артық. Ана бір жылы Тәуелсіздіктің елең-алаңында халық жалақыға зар болып, ел жәрдемақыларын ала алмай жатқан қиын кезде Нұрсұлтан Әбішұлы ереуілге шыққан шахтерлерге барып, «Мен өтірік уәде бере алмаймын, қиындыққа төзсек, бірлік болса, бәрі орнына келеді», деп ащы да болса ашығын айтты. Кейбір солақай саясаткерлер құсап шындықтан жалтарып, жалған сөйлеген жоқ. Жүректен шыққан сөз жүректерге жетті. Ел босқа дүрлікпей, белді бекем буып еңбек етті. Елі еңбеккер, ел бастаған ері кемеңгер болса алынбайтын асу жоғын Қазақстан әлемге паш етті. Бір бұл ғана ма?! Елбасының көрегендігі мен ерлігінің арқасында төл теңгемізді дер кезінде жасап, ай сайын өсіп, күн сайын құлпырып келе жатқан Астана сынды жас та жасампаз қала салып, ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізіп, Астана декларациясын қабылдап, т.б. толып жатқан тарихи ұлы істерді жүзеге асырып, тәуелсіздіктің 22 жылында ғасыр жүгін еркін көтеріп кеттік. Елбасы Н.Назарбаевтың өз сөзімен айтсақ: «Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады. Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімді жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!». Мамыр айының 29-ында, 2014 жылқы жылы Астанада Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Елдің ертеңіне кең жол ашқан бұл одақ жайлы ойды Елбасы бұдан жиырма жыл бұрын Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінде алғаш айтқан болатын. Нұрсұлтанның алдағыны көріп, алысты болжайтын ерекше  қасиетін өмір өзі көрсетті. Осы тарихи құжаттың бүгіні бекем, келешегі кемел еліміздің онан әрі дамып, гүлденуіне қуатты серпін беретініне барлық қазақстандықтар сияқты мен де сенімдімін. «Біз дамыған 30 елдің тобына кірудің маңыз­ды тетігі арқылы экономикамыздың өңір­лік, жаһандық экономикалық жүйемен терең ықпалдасуын айқын көріп отырмыз. Бұл, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақ қа­лыптастыруға қатысуымызға, Дүниежүзілік сау­да ұйымына кіруімізге байланысты», – деді Елбасы. Алшы түсер асыққа құйылған қорғасындай көкейге қона кететін сөз бұл! Өзін сыйлайтын, келешегім кемел болсын дейтін жеке тұлға да, мемлекет те өз қазанында өзі қайнап, өзімен өзі томаға тұйық өмір сүре алмайды. Дүние дөңбекшіген мына аласапыран уақыт, алмағайып заманда алыс-беріс, барыс-келіссіз өмір – есігіңді тарс жауып алып, сырттан таза ауа кіргізбей өзіңді өзің тұншықтырумен бірдей. Еуразиялық экономикалық одақ еліміздің өрісін кеңейтеді. Бір ғана мысал. Қазақстан халқының саны он жеті миллион. Еуразиялық экономикалық одақ арқылы алдан айқара ашылар рыноктың көлемі жүз жетпіс миллион болғалы тұр. Бұл одақ бизнес үшін жаңа кәсіпорындар ашуға, жұмыс орнын көбейтуге, жастардың білім алу өрісін кеңейтуге, т.б. жағымды жаңалықтарға  бастама болады. Н.Назарбаевтың: «Еуразиялық экономика­лық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия ареалдары арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз», деуі де содан. Елбасы көтерген бірімен-бірі тамырлас, сабақтас көптеген көркем, өміршең идеялар Қыз Жібектің көз жауын алған сымбаты бөлек сұлу көшіндей болып сонадайдан сом тұлғалы ұлылықты танытады. Мың мысалдан бір мысқал – Кеңес өкіметі құлаған соң ТМД елдеріне ақпараттық аштық қаупі төнді. Сол кезде Нұрсұлтанның бастамасымен ТМД елдеріне хабар тарататын «Мир» телеарнасы ашылды. Оның тұңғыш басшысы, Қазақстан азаматы Ғаділбек Шалахметов болды, бұған Қазақстан Президентінің биік беделі ықпал жасағаны анық. ТМД елдеріндегі мәдени, әдеби, т.б. жаңалықтарды ТМД халқына таратып отырған жалғыз ақпарат көзі – осы «Мир» телеарнасы. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоя салып жедел Түркияға аттанған Елбасы Бодрум қаласында өткен Түркі­тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі­нің мемлекет басшылары деңгейіндегі төртінші саммитінде бүкіл түркі жұртына ортақ телеарна ашу жайлы жаңа идея айтты. Бұл идеяның да маңыздылығы мен өміршеңдігі айдан анық. Көп векторлы саясатты ұстанған еліміздің көшбасшылығын бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр. Содан да болар, өзге түгіл өзіне қатаң талап қоятын темірледи Маргарет Тэтчер: «Мен оған өте сенемін және оның Қазақстанда атқарып жатқан істерінің бәрімен келісемін... Бүгінде әлем бес немесе алты ықпалды саясаткерді біледі, Н.Ә.Назарбаев солардың арасында», деп ағынан жарылды. Ал Түркияның Президенті Абдолла Гүл: «Нұрсұлтан Назарбаев біз үшін Қазақстан Президенті ғана емес, ол, сонымен қатар, бүкіл түркі дүниесінің лидері» деді. АҚШ Президенті Барак Обама, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Еуропалық Одақ президенті Херман Ван Ромпей, т.б. сырт көз сыншылар Н.Назарбаевтың бітімі бөлек, елден ерек екендігі жайлы разылықпен айтты. Күні кеше, 12 маусым  күні Ақмола облысындағы Бурабайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысында Елбасы қол қойған заң шеңберінде инвесторларға үлкен жеңілдіктер жасалды. Бұл шешім ел экономикасына құятын инвестициялардың көлемін ұлғайтары анық. Бурабайдағы келелі кеңес кезінде халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің туы тапсырылды Елбасыға. Бұл да символикалық мәні бар оқиға. Қазақстан Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай деп жазды: «Тағы да айқындаушы тарихи сәт келіп жетті, біз планетаның озық мемлекеттері қатарына кіруге, іс жүзінде жаңа әлемнің жаңа елін құруға тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық ресурстар бар, тиісті реформалар жүргізілді. Біздің тұрлаулы еліміз, білімді халқымыз, қабілетті кадрларымыз бар. Біз өзіміздің шикізат ресурстарымызға тәуелді емес, баламалы экономика құрып жатырмыз. Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құн­дылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақ­саткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын. Мен XXI ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық». Тіреусіз аспан жаратқан, көк күмбездей төңкерілген зәулім көкке Ай мен Күн орнатқан Алла тағаланың ерекше мейірі түсіп, өзгеше жаратылған бітімі бөлек, ерлігі ерен, Ел бағына туған тұлғаның әр сөзі адастырмас ақ жұлдыз. Бағыт беріп тұрған бағдаршамның бірі осы сөз Елбасының тағы бір сөзі: «Біз өз жетістіктеріміз үшін мақтаныш сезіміне бөленеміз. Әлемдік дағдарыс біздің мемлекет пен қоғам ретінде орныққанымызды растады. Біздің шекарамыз, саяси жүйеміз, экономикалық үлгіміз ел ішінде де, одан сыртқары жерде де ендігі жерде елеулі келіспеушіліктер мен талас-тартыстардың өзегіне айналмайды. Енді біздің алдымызда жаңа міндет тұр. Біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз», деп сыр шертеді. Мұның бәрі қыздырманың қызыл тілі емес, іштен шыққан ішті сөз. Қашанда бүкпесіз сөйлеп, ашығын айтады Елбасы. Себебі, ол еліне арқа сүйейді, халқы оған сенеді. «Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды» (Күлтегін). Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы сөз болғанда менің ойыма Бұқар жыраудың: «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай», деген сөзімен жарыса Вольтердің «Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы тұлға жеткілікті», деген парасат пайы­мы оралады. Азия мен Еуропа алыптарының осы сөз, осы ойы «елін сүйген, елі сүйген Елбасы» (М.Қасымбеков) Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнап айтылғандай. Сәбит Досанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Алматы.

Адам құқы  – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі

Еліміз тәуел­сіздігін алып, өз алдына дербес мемлекет бола бастаған күннен-ақ  азаматтардың құ­қық­тары мен бостандықтарының сақ­талуына үлкен мән  беріліп келеді. Бұған басты дәлел,  Ата Заңымыздың  түгел­дей аза­мат­тардың құқықтарына, бос­тан­­дық­тары­на, мүд­де­леріне арналғандығы. Бұл – демо­кра­тиялық ашық қоғамда өмірдегі барлық құндылықтардың ішінде адам құқықтары мен бос­тан­дықтары өте  маңызды болып саналатындығының айғағы.  Елбасымыздың сара сая­сатының негізінде әрбір азаматтың құқығы  ерекше қорғалады. Ол дипломатия мемлекетаралық қа­тынастарды қалыптастыруда ғана емес, адам құқықтары саласындағы ха­лық­ара­лық ынтымақтастықты дамыту мен ны­ғайтуда да шешуші рөл ат­қарады. Тәуелсіздікке қол жеткізу адамзат тарихында қаншалықты қиын болса, оны сақтап, іргесін нығайту жолындағы қиындықтарды еңсеру де оңай емес екендігі тарихтан белгілі. Өркениет көшін алға жылжытуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарар рөлі зор. Ел алдында бір кездері «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садақа ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты –толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, кез келген тәуекелге барамын», –деген Елбасымыздың халқына деген перзенттік, патриот­тық сезімі осы кезге дейін аянбай атқарған іс-әрекетімен астарласып жатқандығының куәсіміз. Ол ел өмірінің алуан салалы тір­ші­лік тынысын терең танып, қазақы қасиетті бойына сіңіріп, қиындықты байсалды әрекетпен шешкен көреген Мемлекет басшысы. Жыл сайынғы Жолдау елді бірлікке, еңбектегі табандылық, биік мақсат-мүдделерге жетелеп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың қатысуымен 2010 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған “Конституция – мемле­кеттің демократиялық дамуының негізі” атты халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткені бәріміздің есімізде.  Дәл сол халықаралық ғылыми-тәжі­ри­бе­лік кездесуде  құқықтық мемлекет институттары мен азаматтық қо­ғам­ды дамытуға қосқан үлесі үшін Президент Нұрсұлтан Назар­баевқа Ха­лықаралық заңгер­лер одағының “Фемида” сыйлығы берілді. Мұндай сыйлық бұған дейін Ресей Феде­рациясы Үкіметінің төрағасы Д.Медве­дев­ке, Болгария Президенті П.Стоя­новқа берілген екен. Осыдан-ақ әлем алдында Елбасының биік беделі мен ай­рық­ша саясатын байқау  қиын емес. Әрбір  мемлекеттің халықара­лық саясаты мен беделі мемлекет бас­шысы мен сол елдің мемлекеттік институттарының, қызметкерлері­нің, өкілдерінің ұстанымдары мен іс-әрекетіне, олардың дайындығы мен мемлекетке шынайы жан­ашыр­лығына байланысты екендігі белгілі. Бұл жағынан  құзырлы мемлекеттік орындар, заңгерлер, саясат­кер­лер Конституция аясында берілген мүмкіндіктерді жүзеге асыруда едәуір нәтижелі қызмет атқарып келеді. Елбасының ядролық полигонды жабудан бастап, басқа мемлекет­термен достық  қатынас орнату ние­тіндегі әлемге әй­гі­лі көптеген бастамалары мен нақ­ты қадамдары көңіл қуантар дәйектер. Сондай-ақ, Қазақстан дүние­жү­зілік қоғамдастықта қабылданған, қастерленетін адам құқықтарын қорғауды көздейтін барлық ха­лық­аралық келісімдерге, конвенция­ларға қосылды. Конституцияның негізінде ел игілігі үшін  көптеген жұмыс атқарылды. Соның ішінде Президент мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап, қысқа мерзімде еліміздің ал­ғашқы сыртқы саясат стратегиясын бекітіп, әлемнің 150-ден астам мем­лекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Біз байқап, саралаған жетіс­тіктер, Тұңғыш Прези­дентіміздің мемлекетіміздің құқықтық  дамуына қосқан үлесі мұнымен ғана шектеліп қалмақ емес. Ел мерейін асқақтатып, абыройымызды арттырар игі істер жалғаса беретіндігі белгілі. Адам құқықтарын сақ­тау жөнін­дегі түйінді мәсе­лелерді шешу – бұл әрқай­­сымыздың  күш салуымызға  байланысты кешенді, көп еңбекті қажет ететін мақсатты міндет. Біз барлық халықаралық құқық жөніндегі көпшілікке танылған актілерге қосылдық. Осыған байланысты, біз еш­кімге Конституциямен және заңдар­мен бекітілген адам құқықтарын бұзуға және елдің қадір-қасиетін төмендетуге жол бермеуіміз керек. Қазіргі замандағы адам құқықтары – жал­пыадамзаттық мәдениеттің қуатты бө­лігі болып қала береді. Данияр ЖАНЗАҚОВ, Қызылорда облыстық сот актілерін орындау департаментінің басшысы. Қызылорда.

 Рухани дамуға дем берген

Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен еліміз үшін жаңа тарихтың басталғаны белгілі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көкірегінде қайнап піскен елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асып, бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды. Астана осынау 16 жылдың ішінде әлемге танылды және елімізді де әлемге танытты. Елбасымыз астананы Ақмолаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жа­ңа елорда ұлттық идеяның ұйыт­қысына айналды. Сөйтіп, ерке Есілдің жағасындағы, Са­ры­арқаның тө­сін­дегі, інжу-мар­жандай Астана «Әлем қаласы» атанып, көркімен де, кескін-келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Елбасы өзінің ерен ерік-жігерінің арқасында үлкен батылдық пен көзсіз ерлікті қажет ететін бастаманы жүзеге асырып, қазақтың сахара төсінде әлем астаналарымен сәулет таластыратын осы заманғы үздік мегаполис қалыптастырды. Есіл өзенінің сол жағалауы жаңа Астананың мәдени-рухани орталығына айналды. 2003 жылы Елбасының Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезін шақыру туралы бастамасы бүгінгі таңда әлемге үлгі. Астана бір үстел басына мұсылман, христиан, будда, синтоизм, даосизм, брахманизм секілді бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дін өкілдерін жинап, үнқатысу ұйымдастыра алды.   Сырт жұрт әуелі мұның мүмкін еместігін айтты, күмән келтірді. Алайда, Елбасымыз мүмкін еместі мүмкін етті. Шынында,  Астана  – Елбасының ерлігі! Мұны бүкіл Қазақ елі біледі, түсінеді, түйсінеді. Жаңа қаланы тұрғызудың қандай қиын болғанын да сезеді халық. Астанадай алып қала тұрғызу үшін алып жүрек керек. Кезінде «осындай қиын шақта қазаққа жаңа астананың керегі қанша?» деп кері тартқандар бүгінде төмен қарайды. Өйткені, Астана жыл өткен сайын құлпырып, қазіргі кезде көз тойғысыз келбеттенді. Астанаға келген қонақтардың көзі бірден түсетін сәулетті ғимараттардың қатарында «Нұр-Астана» мешітімен қатар 2012 жылдың 6 шілдесінде  пайдалануға берілген «Хәзірет Сұлтан» мешіті бар. Астанаға келген әрбір қонақ ислам дінін ұстанатын мемлекетке келгенін сезінсін деген мақсатта салынған бұл екі мешіт елдігіміздің тірегіндей. Шыны керек, Астана өнегесі өңірлерге де жұғысты болуда.  Қазір мешіті жоқ ауыл сирек. Облыстағы имандылық үйлерін ұстауға жергілікті билік қолдау көрсетіп келеді. Жыл өткен сайын мешіттердің материалдық-техникалық базасы нығайып, халық имандылыққа бет бұруда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабының «Жаңа дәуірдің жаңа астанасы» деп аталатын бөлімінде  «Әр жыл сайын Астана өзінің туған күнін тойлайды. Астана Еуропа мәдениетінен – прагматизмді, ал Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алады. Таяу болашақта Астана Қазақстан Республикасының ірі саяси, мәдени және іскерлік орталығы, осы заманғы қаласы болады», деген жолдар бар. Бұл ой  қазірдің өзінде жүзеге асты десек артық айтқандық емес. Мұның өзі осынау мерзім ішінде Отанымыздың қарқынды  дамып, Қазақстанның берік ұстанған саясатын, мәдениетін, білімі мен экономикасын әлемге паш еткені сөзсіз. Өйткені, Астана жай қала емес. Бұл еліміздің бүкіл тарихын, мәдениетін паш ететін,  бүкіл салт-дәстүрін, болмыс-бітімін бойына сіңірген рухани орталық болып табылады. Ел астанасы Арқаға көшірілген 16 жыл ішінде мұнда көптеген әкімшілік, рухани-мәдени ғимараттар бой көтеруінің өзі Астананың ажарын ашып қана қоймай, рухани дамуымызға серпін берді. Осында пайдалануға берілген Ұлттық өнер университеті, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, бірегей үлгідегі «Қазақстан» концерт залы осы заманғы сәулет өнерінің үздіктері қатарында. Күні кеше ғана көрермендеріне есігін айқара ашқан «Астана Опера» опера және балет театрын әлемдік өнер жұлдыздарын ұялмай қабылдауға болатын өнер ордасы деу орынды болмақ. Міне, өнер мен мәдениеттің, рухани дамудың орталығы болып табылатын, діни ұстанымның ізгілікке қызмет етуін ұйымдастырып отырған Астана барша қазақтың жүрегіне қуаныш ұялататын ақ орда ретінде мақтаныш сезімін туғызуы заңды. Қазақстанның бүкіл келбетін көремін десеңіз, дамуы мен болашағын көзге елестетемін десеңіз Астанаға барыңыз. Астана  – елдің құт-береке дарыған ақ ордасы. Елорда елдігіміздің, бірлігіміздің ұйытқысы, мәдениетіміз бен өнеріміздің, діни ұстанымымыз бен қазақы салт-дәстүріміздің үлгі-өнегесі бастау алар рухани орталығымыз. Сондықтан ол әр қазаққа ыстық та қадірлі. Дінаралық татулық пен ізгіліктің нұрын шашқан Астанадан өнеге алған өңірлерде де имандылықтың нығая түсуін елорданың шапағаты деп ұғыну орынды болмақ. Әбдімүтәлі ДӘУРЕНБЕКОВ,  ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, облыстық орталық «Нұр ғасыр» мешітінің бас имамы.