• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2014

Сәт сапар, жас түлек!

903 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы «Қазақ елі» алаңында Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша өздерінің білімін дәлелдеген 92 «Алтын белгі» иегерлеріне арнайы төсбелгілерін салтанатты түрде табыс етті. Сөйтіп, бас шаһар әкімі жылдағы дәстүр бойынша жас түлектерге ақ жол тіледі. «Бүгін жылдағы игі дәстүрмен Астананың ашық аспаны астында, еліміздің ең басты алаңында елорда жастарының тағы бір жаңа толқынының ер жетіп, есейген сәтіне куә болып отырмыз. Ұлы Абай баланы оқытуға әркім құштар, десе де ол бір арман қолдан ұшқан деп тебіренген екен. Расында да, бүгінгідей сауатты ұрпақ тәрбиелеу кешегі ата-бабаның сан ғасырлық аңсары еді. Енді, міне, біздің ұрпақ үшін бұл – тағдырдың берген бағасыз мүмкіндігі, тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебелі міндеті. Сондықтан да бүгінгі заман баланы қайда оқытамын деген арманнан емес, қайда оқытамын деген таңдаудан тұрады. Осы күні бұл таңдау елі­міз­дің бас қаласында Елбасының өсиетімен білім алып, тәлім жиған, тәрбие көріп, арман қуған ұл-қыздарымыздың алдында тұр», – деді И.Тасмағамбетов. «Оқушының білім нәтижесі бағасынан көрінеді. Ал оның бірегей көрсеткіші – «Алтын белгі». Атап айту керек, осыдан 16 жыл бұрын Астанада бұл төсбелгіні тек 1 ғана оқушы иеленсе, биыл 91 бала «Алтын белгі» тағып, ақжолтай үмітті ақтап шықты. Ал жалпы, күні кеше өткен ҰБТ-ны қаламыздың ұзын саны 3252 оқушысы тапсырып, 1081 бала 100-ден жоғары балл жинады. Мұның өзі – үлкен көрсеткіш, зор мақтаныш. Ардақты жастар, сіздер көрсеткен бұл жетістік – өздеріңізден кейінгі іні-қарындастарыңыздың ынтасын оятып, «мен астаналық оқушымын» деген сезіміне серпін беретін үлкен үлгі, мақтан тұтар өнеге. Мұның өзі – сіздер өткен өмірдің алғашқы межесі, ал ендігі тағдыр – тек өз қолдарыңызда. Десе де, зайырлы өмір үздіксіз талап, талпыныс пен ұмтылыстан, үйрену мен ізденуден, жаңару мен жаңғырудан тұрады. Бұл әрбіріңіз үнемі есте ұстайтын ұранды ақиқат. Мен сіздердің әлемнің озық көшінен қалмай, уақыттың талабынан талмай, талай табыстың биігінен көрінетіндеріңе кәміл сенімдімін. Өйткені, сіздердің бойларыңызда Астананың асқақ рухы мен жүректеріңізде Елбасы жаққан жалыны бар. Осыны естен шығармаңыздар. Олай болса, осынау қуанышты күні баршаңызға тек сәттілік тілеймін. Өмір жолдарыңыз жарық болғай!» – дей келе, әр түлекке өз қолымен төсбелгі табыс етті. Бұл құрметке алдымен 124 балл жинаған үш түлек ие болды. Олар: №48 мектеп-лицейден Ғайни Дүкенқызы Мәсімхан мен Назгүл Есен және №54 мектеп-лицейден Аяжан Сатенова болып шықты. Ендігі жерде еңбекпен алға ұмтылып, қалаған жетістікке адал еңбек арқылы жетуді тағы бір рет қайталап өткен Астана қаласының әкіміне жас түлектер алаңсыз білім алып, алғашқы жетістіктеріне қол жеткізуге мүмкіндік берген ата-аналарына, ұстаздары мен қала басшысына, Елбасы Н.Назарбаевқа алғысын жеткізді. 2013-2014 оқу жылында Астана қаласындағы мектептердің 4042 оқушысы жас түлек атанған. Олардың 80,5 пайызы ҰБТ-ға жіберіліп, жалпы білім беретін пәндер бойынша қорытынды емтиханды 790 оқушы тапсырған. Ал биылғы жылдың орташа балдық көрсеткіші – 87,58 пайызды құраған. Сонымен қатар, 362 оқушы АҚШ, Бразилия, Голландия, Грузия, Индонезия, Ресей, Түркия, Қытай, Кипр, Корея, Үнді мемлекеттерінде өткен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауына қатысып, 234 медаль иеленіпті. 158 оқушы жалпы орта білім пәндері бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауы мен олимпиадаларға қатысқан. 85 қатысушы жүлдегер атанып, медальдармен марапатталған. Республикалық олимпиада мен ғылыми жобалар байқауында  Астана қаласының  командасы 7 жыл қатарынан жалпыкомандалық есепте І орынға ие болып, респуб­лика бойынша «үздік команда» атанған. Үкілі үмітті, үлбіреп тұрған жастарға қарасаң көз тоймайды. Қызыға әрі қуана қарайсың. Сен тұр, мен атайын деп, жалындап тұрған сұлу да сымбатты жастарға қарап тұрып, ертеңгі болашаққа деген сенімің күшейе түскендей. Мағжан ақын айтқан арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанаты бар елордалық түлектерге біз де ақ жол тілейміз! Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».