• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2014

«Қазатомөнеркәсіптің» қарымы таныстырылды

308 рет
көрсетілді

Берлинде Қазақстанның Германиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен және Германия экономикасы Шығыс комитетінің қолдауымен неміс экономикасы мен іскер топтарының 100-ден астам өкілдері үшін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың қызметі және инвестициялық әлеуетімен таныстыру рәсімі өтті. Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өзінің кіріспе сөзінде соңғы жылдардағы екі ел арасындағы тығыз саяси және экономикалық байланыстардың арқасында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың «шикізатты жаңа технологиялар, инновация және инвестицияға айырбастау» атты жаңа формуласын іске асыруға барынша жақсы жағдай жасалғанын атап өтті. Бұл туралы келісімге 2012 жылғы ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Берлинге сапары барысында қол жеткізілді. Өз кезегінде «Қазатом­өнер­кәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Владимир Школьник соңғы кезде екі жақ та Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы әріптестік туралы Қазақстандық-Германия үкіметаралық келісімін іске асыру мақсатында үлкен жұмыс атқарғандығын атап өтті. Осы орайда, ол неміс кәсіпкерлерін қазақстандық ұлттық компания­лармен нәтижелі қатынастар орнату үшін сирек кездесетін металл мен балама қуат көзін өндіру мен өңдеу салаларындағы бірқатар басым инвестициялық жобаларды Қазақстанда іске асыру мақсатында беріліп отырған мүмкіндікті белсенді пайдалануға шақырды. Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Райнер Линднер өз сөзінде неміс кәсіпкерлері мен іскер топтары Қазақстанның үлкен экономикалық әлеуеті мен елдегі қолайлы инвестициялық ахуал туралы, сондай-ақ, оңтайлы  жұмыс жағдайын одан әрі де жақсарту мақсатында Қазақстан басшылығының жұмсап отырған күш-жігері туралы жақсы білетінін жеткізді. Осы орайда, неміс саясаткерінің айтуынша, ол Қазақстан экономикасының басым салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы жаңа көптеген келісімдерге қол жеткізілетінінен үмітті. Іскерлік байланыстарды реттеу мақсатында таныстыру рәсімінің соңында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен Кооперациялық биржа, В2В пішініндегі кездесулер және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы В.Школьниктің Bosch, Sms Siemag, Tropag, Rem, Cac Chemieanlagenbau Chemnitz, Blücher, Gwe, Evonik, Alphacon, Bae, Alstom және т.б. жетекші неміс компанияларының басшыларымен, сондай-ақ, әлеуетті неміс инвесторларымен екіжақты кездесулері өтті. «Егемен-ақпарат».