• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2010

ҮДЕМЕЛІ. ИНДУСТРИЯЛЫҚ. ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ

1499 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске аса бастаған Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты ұлттық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, құны жоғары өнім шығаруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және инновациялық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі мен тиімділігін арттыруға бастайды. Тұтастай алғанда Бағдарлама болашақ табыстардың негізі, өнеркәсіпте ғана емес, сонымен бірге адам санасындағы өзіндік бір төңкеріс болмақ. Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асы­рудың қыр-сыры хақында Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВПЕН әңгімелескен едік. – Әсет Өрентайұлы, осы бағдарлама аясында 2015 жылға дейін ішкі жалпы өнімді 50 пайызға арттыру көзделген. Мұндай асқақ мақсатқа жетудің амалы қандай? Және сіз бұл тұрғыда қандай жобаларға басымдық берген болар едіңіз? – Ондай жетістікке жету үшін бел­сен­ді жүргізуді талап ететін үш басты бағытты атап өткен жөн. Бірінші – ин­дустрияландыру, яғни жаңа өндіріс қуа­тын қалыптастыру, өнеркәсіп саласында және агроөнеркәсіпте құны жоғары өнім шығару. Екінші – үдемелі индустрияландыру. Дағдарыс тұсындағы ахуал мен Кеден одағы аясындағы жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз өзіміздің бәсе­келестік тұрғыдағы артықшылық­тары­мызды барынша игеруіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, қысқа мерзімде дамыған елдердің деңгейіне жету үшін алғы шептен көрінуге талпынған абзал. Және ақырғысы, үшінші міндет – инновациялық индустрияландыру. Еңбек өнімділігі жоғарылап, алдыңғы қа­тар­лы технологиялар барынша қол­данылып жатса, ұлттық инновациялық жүйе дами түссе, инновациялық индус­трияландыру­дың нәтижесі сол болар еді. Сондықтан да осы күнде инновацияға, ғылымға, шет елдік технологиялық ком­паниялармен серіктестік орнатуға ба­сымдық беріліп отыр. Бәрімізге – қара­пайым халықтан бастап министрлерге, әкімдерге дейін бизнеске өзгеше көз­қарас немесе артықшылық бар жерде ғана табысқа қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Ал егер келешегі бар жобаларға кел­сек, олар барлық салада кездеседі. Фар­мацевтикада Мемлекет басшысы алды­мызға нақты тапсырма қойды – әрбір екінші дәрілік препарат Қазақстанда жасалуы керек. Бүгінде біз 100 млн. долларға дәрі-дәрмек өндіреміз, оның 20 пайызы экспортқа жіберіледі. Қазіргі уақытта “Фармация” БК ұзақ мерзімді сатып алу арқылы 2014 жылға дейін Президент тапсырмасын орындауға ба­ғытталған жобамен жұмыс істей бас­тады. Сонымен қатар Астанада фарма­цевтикалық зауыт құрылысын бастау жобасы жүзеге асқалы тұр. Биыл дәл сон­дай жоба Шымкент, Алматы қала­лары мен Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында да қарқын алады. Осы іспетті маңызды жобалар ме­таллургия, мәшине жасау, химия және өзге де салаларда баршылық. Бар­лығы да бағдарламаның айқындаушысы ретінде Индустрияландыру картасына енгізілген. Республика Үкіметінің қау­лысымен бекітілген карта “Егемен Қа­зақстан” газетінің 6 мамырдағы нөмі­рінде жарияланған. Үдемелі индустриялық даму бағ­дарламасы жақсы платформадан серпін алғалы тұр. Өйткені, ел экономикасы өрлеу кезеңінде. Ішкі және сыртқы рыноктағы байланыс қазіргі жағдайға қолайлы. Еліміз өнеркәсібінің негізгі тауарларына деген сұраныс артты. Мұ­ның бәрі өздігінен емес, экономиканы сауықтыру және дамыту жолындағы Үкі­меттің бұрынғы жылдардағы қам-қаре­кетінің арқасында жүзеге асты. Тағы бір айбынды фактор келтіре кетудің орайы келіп тұр. Біле білсек, өнеркәсіптің өрлеуі – қазақстандық үлесті қорғауға алған Үкіметтің отандық тауар өн­дірушілерді қолдау шарасының нәти­жесі. Атқарылған шаруаның берекеті сол, өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім байқалды, бүгінде ол 11,5 пайыз деңгейінде. Мысалы, өңдеуші өнер­кәсіптер 742,1 млрд. теңгенің тауа­рын өндірді. Бұл физикалық көлем ин­дексінде өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 18,7 пайызға артық. Енді осыны әр саладағы нақты мы­салдармен әспеттеп көрейін. Тоқыма өнеркәсібінде мақта-мата иірілімін өндіру 4,2 мың тоннаға дейін жоғарылап, 248,3 пайызға жетті. Тоқыма бұйымдарын шығару (киім-кешектен бөлек) 974,1 мың дана, яғни 260,3 пайыз­ға ұлғайды. Химия өнеркәсібінде хром тотық­тарын шығару 6,9 мың тоннаға, жалпы алғанда үш есе көбейгені тіркелді. Натрий бихроматын өндіру алты есеге, 15,9 мың тоннаға өсті. Фосфорлы, ми­нералды және химиялық тыңайтқыштар шығару 136 пайызға артқан (12,1 мың тонна). Металлургия саласында ферро­қорытпа өндіру 426,9 мың тоннаға дейін (158,5 пайыз), түрлі диаметрдегі құбыр­лар жасау, прокат заттары 37,9 мың тоннаға дейін (өсім 288,3 пайыз) жоғарылауы да қуантарлық жәйт. Отандық фармацияда да ілгерілеу­шілік бар. Дәрі-дәрмек өндірісі 3,6 млрд. теңгеге – 192 пайызға көтерілген. Өзге де фармацевтикалық препараттар – не­гізінен дәрі-дәрмекке қажетті қайта өң­деу шикізаты 548,5 млн. теңгеге, 155,6 пайызға артты. Өткен жылы саяси қайшылықтың ортасында қалған атом өнеркәсібінде де уран өндіру мөлшерінің көбейгенін байқаймыз. Алғашқы тоқсанда бұл көр­сеткіш 4004 тоннаға тұрақтады. Жоспар­да 3881 тонна көзделген болатын. Мұн­дай керемет көрсеткіштер кез келген Еуропалық держава алдында абырой болуға жарап тұр. Бірақ бұл біз үшін тоқмейілсуге себеп емес. Өйткені, осы жылы алдымызда 144 индустриялық жобаны іске асыру міндеті тұр. – Бағдарламаны қаржыландыру кезінде қандай да бір жеке дара, жоғары табысты салаға немесе өндіріске басым­дық беріле ме? Мемлекет бағдарламаның жүзеге асу барысын қалай бақылайды? – Қаржыландыру жағы түрлі фор­мада және түрлі сипатта болады. Қазір “Бизнестің жол картасы–2020” жұрттың назарында. Мемлекет басшысының тап­сырмасымен Үкіметте әзірленген құ­жат­та аймақтардағы бизнестің бастамаларын қолдау жағы қарастырылған. Оның ішін­де – пайыздық ставканы субсидиялауды жеті пайызға дейін қысқарту мен не­сиені кепілдендіру және экспорттық тауарларды қаржыландыру гранты бар. Бұған дейінгі бағдарламалардан өзге­шелігі сол, қаржыландыру құралдары жан-жақты пысықталған. “Бағдарла­маның жүзеге асу барысын қалай тиімді бақылауға болады?” дегенге келсек, бірін­шіден, бұл құжатта мақсат пен меже нақты көрсетілген. Ішкі жалпы өнімді 50 пайызға көбейтуден бөлек қайта өңдеу саласындағы еңбек өнімділігін де 50 пайызға арттыру жоспарланған (кей са­лаларда 100 пайызға). Оған қоса инно­вациялық белсенді кәсіпорындардың үлесін жоғарылату, шикізатқа жатпай­тын экспортты ұлғайту және басқа да шаралар көзделген. Салааралық бағдар­ламаларда әр сала бойынша өзіндік “ма­ңызды тиімділік көрсеткіштерін” дай­ындау жағы қарастырылған, оның үстіне әр министрлікте стратегиялық жос­пар бар. Біз әр жыл сайын бірге оты­рып, қандай да бір шаруада алға жыл­жу байқалғанын зерделеп тұр­мақпыз. Осы арада тоқталып өтейін, көптеген жобалар, әсіресе, қосымша құны жоғары өнім шығаруға бағытталғандары ұлттық компаниялар арқылы қаржыланды­ры­лады. Ал ірі энергетикалық жобалар “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ арқылы қар­жы­ландырылады. Мұнай өңдеу саласын­дағы жобалар, оның ішінде шетелдік инвес­торлармен бірлескен жобаларға қаржы “Қазына-инвест” компаниясы арқылы бө­лінеді. Сонымен бірге бір­қатар жоба­лар­ды “ҚТЖ”, “Қазатом­пром” компа­ния­лары іске асырады. Ауыл шаруашы­лығында жобалар “Қа­з­агро” холдингі арқылы жүзеге асады. Ша­ғын және орта бизнес болса “Самұ­рық-Қазына” ҰӘҚ-тың “Даму” қоры арқылы қаржылан­дырылады. Қаржы­лан­дырудың бірнеше институтқа бөлінуі жобалардың салалық ерекшелігіне қарай орайластырылған. – Сіз бағдарламаның басталуына баса мән берілетінін бірнеше мәрте айтып едіңіз... – Дәл солай! Спортшылардың тілі­мен айтсақ, 2010 жыл біз үшін “бір сер-піліспен” бағындыратын психология­лық бөгет. Үкімет Үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарлама­сын, оны іске асыру жоспарын, 2015 жылға дейін өндірістік қуаттылықты ұтымды орна­ластыру сызбасын, құны 6,8 трлн. теңге болатын 101 жоба құрамы­на кірген рес­публикалық Ин­дус­трияландыру карта­сын бекітіп, “Биз­нес­тің жол картасы–2020” құжатын қабылдау туралы қаулы шығарды. Демек, барлық дайындық шаралары аяқталды. Келесі кезеңде ел үшін ма­ңызы зор осы құжаттың барлық мүм­кіндіктері белсенді түрде пайдала­нылуы керек. Әр жобаға министр, әкім, ұлттық компания басшылары қатыс­ты­лығына қарай бекітілген. Қазір біз биз­нес-қауымдастықпен, банк секторымен және “Нұр Отан” ХДП мүшелерімен қо­ғам­дық бақылау орнатудың эле­менттерін қарастырып жатырмыз. – Әсет Өрентайұлы, біз қашан қа­зақ­стан­дық өнімнің ұлғаюы, жұмыс орын­дары­ның көптеп ашылуы сияқты индустрия­ландырудың нәтижесін көре бастаймыз? – Алғашқы нәтижелер осы жылы көріне бастайды деп ойлаймын. Мы­салы, Павлодарда алюминий құйма­ларын шығару арқылы біз Қазақстан үшін алғашқы инновациялық өндірісті бастағалы отырмыз. Сонымен бірге, биыл Павлодар облысында алюминий зауытының келесі кезегі іске қосылады. Бұған қоса алып мәшине жасау өндірісі пайда болғалы тұр. Осы күнде жүк вагон­дарын шығару жұмысы қолға алын­ды. Ал Ақтөбеде компьютерлік томограф өндірісі міне-міне ашылмақ. Оңтүстікте кәсіпкерлер иірілген жіп пен мата өндіруге білек сыбана кірісетін болады. Ауыл шаруашылығы саласында қазір ет, құс, сүт және өзге де өнімдер шығару жөнінде көп шаруалар басталып та кетті. Қадап айтатын мәселе, бағдар­ламаны іске асыруға алпауыт ком­паниялар ғана емес, шағын және орта бизнес те атсалысып жүр. – Жаңа индустрияландырудың кадрлық негізі қандай? Түрлі кәсіпке мамандар, оның ішінде сирек кездесетін мамандықтар бойынша жоғары білікті кадрлар көп керек шығар? – Ол былай, біз жаңа заман кадр­ла­рын дайындау мен экономикалық қыз­метке жұмыспен қамтылмаған тұр­ғындарды тарту жағын жақсылап ойлас­тыруымыз керек. Бұл кезегін күтіп, биржада тұрғандар мен күйбең тірлікпен жүргендер үшін үлкен мүмкіндік. “Биз­нестің жол картасы–2020” аясында кәсіп­керлерге мамандарды дайындауға немесе қайта дайындауға қаржы жағы­нан қарайласу көзделген. Сондықтан әр инвестор, әр кәсіпкер осы жағын ер­терек ойлап, кәсіпорнына қажет маман­дардың тізімін жасауға кіріскені дұрыс. Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі, облыс әкімдері осы іске кірі­сіп те кетті. Енді кәсіпкерлер қозғала бас­тайды деп ойлаймын. Бірақ та ескер­те кетейін, бізге өндіріс басқарушы­ларынан гөрі жұмысшылар көбірек қажет. Санды ықшамдауға ықпал ететін сапалы мамандар керек. Жалпы алғанда кадр мәселесі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының кезек күттірмейтін міндеті. – Индустриялық даму стратегиясын әзірлегеннен бері біраз уақыт өтті, алайда ол өзінің тиімсіз жақтарын да көрсетіп үлгерді. Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы немен ерек­шеленеді? Егер біз шикізат бағасы ой­дағыдай болып тұрған дағдарысқа дейінгі кезеңде индустрия мен инновацияны дамыта алмасақ, қазіргідей қиын кезеңде сәтсіздікке ұшырап жүрмейміз бе? – Индустриялық даму стратегиясын бағаламауға хақымыз жоқ, ол өзінің жағымды рөлін атқарды. Көптеген елдерде, тіпті Оңтүстік-Шығыс Азияның өзінде индустрияландыру үдерісі ондаған жылдарға созылғанын естен шығар­майық. Оларда да қателіктер кездескен. Кейін ол азапты жол тарихи тәжірибеге айналып, заңды дүниеге ұласып кетті. Ал біздегі үдеріс керісінше болды. Бірінші кезеңде инвестиция, инновация туралы заңдық база қалыптасты, түрлі зерттеулер жүргізілді, қанат қақты жоба­лар жүзеге асты. Еске түсіріп көрсек, Кеңестер Одағының экономикалық және заңнамалық мұрасынан арылған­­нан кейін 21-ші ғасыр басталғанша әң­гіме тек макроэкономикалық тұрақ­ты­лық төңірегінде өрбитін. Азаматтардың санасы да социализмнің таптаурынынан босай қоймаған. Одан кейін қолайлы баға қалыптасып, бюджет пен жеке ка­пи­талды толтырған мұнай секторы қар­қын алды. Енді, міне, алты-жеті жылдың жүзі болды, өндірісті елге айналу қа­рекеті жүріп жатыр. Иә, біз стратегияда қарастырылған барлық саланы игере алмадық, кәдеге жараған шаруалардың да, ойлап қарасаңыз, маңызы зор. Ең бастысы, еліміз үшін үлкен тәжірибе болды. Сондықтан да Мемлекет бас­шы­сы өткен жылы экономиканы әртарап­тандыруда прагматикалық амал керек­тігін атап өткен. Бұл орайда бұрын қабылданған бағдарламаларды жоққа шығару туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ. Тек, оларды жүйелеп, кеткен қате­ліктен сабақ алынды. Бүгінде Индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасы бұрынғы тәжірибенің озық үлгілерін жинақтаған. – Отандық өндірісшілердің бәсеке­лестікті арттыруда зор мүмкіндігі бар екендігі, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі құралы қазақстандық үлес екендігі сан рет айтылған. Бірақ, жергілікті өндірістерде проблемалар бар екенін ешкім жоққа шығара алмас. Сол саланы жаңғыртуға мемлекет бөлген қаржы жете ме? – Өнеркәсіптегі проблемалардың дені технологиялық жағынан артта қал­ғандықта жатыр. Проблеманы шешудің амалы – конструкторлық бюро ашу үшін 2,2 млрд. теңге бөлінді. Одан бөлек Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында сұранысқа ие өндіріс ошақтарын жаңадан жасақтауға қаржы жұмсау жоспарланған. Осы жерде түсінік бере кетейін, біз несиелерді 90-шы жылдардағыдай оңды-солды тарата бермейміз. Қолдау өндірісі бағдарлама талабына сай келетіндерге ғана көрсе­тіледі. Ол талап бойынша құны жоғары, жаңа әрі экологиялық жағынан таза технология қолданылған, экспорттық әлеуеті жоғары тауар өндірілуі шарт. Өнеркәсіптегі өзекті проблема – кәсіпорындардағы айналымға қажет қар­жының жоқтығы. Оларды қаржылан­дыру­дың сенімді баламасы – тапсырыс беруші мен отандық өндірісшілер ара­сындағы ұзақ мерзімді келісімнің үлесін барынша ұзарту. Бұл – қазақстандық үлесті дамыту мен өзгеше өнім шы­ғарудың күшті құралы. Мәселен, 2010 жылдың алғашқы тоқсанында “Самұ­рық-Қазына” ҰӘҚ компаниялар тобы­ның тауарлар алдыру, жұмыс және қыз­мет түрлері бойынша жасасқан келісім­дері­нің жалпы құны 879 млрд. теңге бол­ды. Ұлттық әл-ауқат қорының ма­ман­дары жыл соңына қарай қазақстан­дық үлес мөлшері 47 пайызға жетеді деп болжап отыр. Бұл өз деңгейінде жоғары көрсеткіш. Өткен жылы Президенттің тапсыр-ма­сымен Үкіметте, министрліктерде және ұлттық холдингтерде осы бағытта шұғыл әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Байқап қарасақ, нәтиже жаман емес. Тек мемлекеттік сатып алудағы қазақ­стандық үлестің тауар түріндегі мөлшері 52 пайыз, “Самұрық-Қазынада” 63 пайыз, жүйе қалыптастырушы кәсіп­орындарда 43,2 пайыз, жер қойнауын пайдаланушыларда 10,7 пайызға жетіп отыр. Тұтастай алғанда, 2009 жылы өткен форумдардың қорытындысына сәйкес 776,2 млрд. теңгелік 11 мың келісім-шарт жасалған. – Қазақстандық үлеске қатысты заңнама жаңартылды, өзгертулер қаң­тардан бастап күшіне енді. Бағдарла­маның түпкі мақсатына жету үшін бұл жаңалықтың қандай пайдасы бар? – Осы жаңалықтың арқасында са­тып алу мониторингінің бірыңғай тиімді жүйесі қалыптасты, мемлекеттік ор­гандар арасындағы кейбір жауап­кершілік пен міндетке ішінара шектеу қойылды. Осы күнде тиімділік көр­сеткіштері әзірленіп жатыр. Мониторинг пен сараптама жүргізуге септігін тигізген қолданыстағы “Қазақ­стан­дық үлес” – www.ks.gov.kz Интер­нет порталы. Бұл – қазақстандық өн­ді­рісшілерге ақпараттық қолдау көрсе­те­тін әмбебап техникалық құрал. Пор­талда тауарлардың, жұмыстар мен қыз­мет түр­лерінің бірыңғай тізімін енгізу, отан­дық өндірісшілер тауарларының катало­гын жариялау қызметі де ен­гізілген. Заңнаманы жетілдіру отандық өндірісшілер мен жабдықтаушыларға қысқа мерзімде сатып алу жолымен, ұзақ мерзімде жүйелі шара түрінде мем­лекеттік қолдау көрсетуге септігін тигізді. Экономиканы әртараптандыру мақсатындағы міндеттер бәрімізге ортақ. Оның жүзеге асуына тек әкімшілік әдіс тұрғысынан келу жеткіліксіз. Сондықтан мемлекет өндірістік және экспорттық болсын, инвесторлардың кадрлық тал­пынысы болсын, отандық бағыттағы тір­шілікті барынша қолдайды. Бұдан былай әрбір ірі жоба қазақ­стандық үлес тұрғысынан қаралады. Пре­зидент тапсырмасына сәйкес қазақ­стандық үлес жөніндегі жұмыс тобының отырысы барлық салааралық бағыт бойынша, кәсіпкерлік саланың, мем­ле­кеттік органдар мен ұлттық компания­лар өкілдерінің қатысуымен жаңа фор­матта өтетін болады. Бұл ұзақ мерзімді келісім жасасқанда және сатып алу ке­зінде кездесетін кедергілерді дер кезінде анықтау үшін өте пайдалы. Алматыда өт­кен жұмыс тобының бірінші отыры­сында жеңіл және тамақ өнеркәсібіндегі мәселелер күн тәртібіне қойылды. Мұн­да біраз түйткілдің түйіні тарқатылды. Біріншіден, кәсіпорындардың жұмыс ауыртпалығы 30-40 пайыздан аспайтыны белгілі болды. Екіншіден, жеңіл өнер­кәсіпте қондырғылардың 70 пайызы тозғаны анықталды. Енді осы жағдайдан шығу жолын қарастыру керек. Сатып алу жүйесі жайында әңгіме қозғалған екен, ендеше осы салада да бұрынғыдай проблема жетіп арты­ла­ты­нын айта кетейін. Дейтұрғанмен, мем­лекет инновация енгізілген өндірісті қаржыландыруға дайын, бұл үлкен артықшылық. Барлық қажетті шаралар Ин­дустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасында, “Бизнестің жол карта­сы–2020” құжатында қарастырыл­ған, соны­мен қатар шағын және орта биз­несті қолдау жөнінде бірнеше қарекеттер жасалды, мұндай жәрдем бұған дейін біздің елде болып көрген емес. Бұған қоса кәсіпкерлік қауымдас­тық­тар мен одақтар жаңа салааралық бағ­дарлама әзірлеуге қатысады, ол да жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге өзек болмақ. – Мемлекеттік сатып алуға тікелей қатысушылардан мемлекет қандай қарымта талап күтеді? – Мемлекет қазақстандық үлестегі тапсырыс берушілердің міндетін айқын­дап, отандық тауар өндірушілер мен жаб­дықтаушыларды ынталандыруға сер­пін беретін жүйе қалыптастырып берді. Оның үстіне Үкімет отандық тауар өнді­ру­шілер мен жабдықтаушылардың ры­нок­ты “жаулаудағы” мүмкіндігін толық пай­далануына да жағдай жасады. Мұн­дай жүйенің енгізілуі отандық тауар өн­дірушілердің қарасын көбейтіп, олардың шығаратын өнімінің тізімін ұлғайтса игі. Одан күтетін заңды нәтиже – эконо­ми­каның әртараптандырылуы, қайта өңдеу секторының дамуы. Әлеуетті тапсырыс берушілерден біздің күтетіні­міз, алды­мен, белсенділік, бағдарламаға өз еркі­мен қосылуы. Біздің компания­лары­мыз тауармен қамтамасыз етіп қана қоймай, сапасына да жауап беруі тиіс. Үкімет өз кезегінде сындарлы үнқаты­суға және қазақстандық үлесті ұлғайтуға мүмкін­ді­гінше атсалысуға дайын. Тауар өндіру­шілердің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыруға қарайласуды да міндетіне алады. – Бүгінде шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құрып, жаңа өндіріс орындары мен сервистік компания қалыптастыруға кедергі болып отырған жәйт – оның мүмкіндігі мен келешегінің жіті зерттелмеуінде болып отыр. Оған мысал, болашағы үлкен Каспий шельфі, теңіз жобалары. Сондықтан министрліктің білікті мамандарынан кеңес алу артық болмайтын шығар? – Қандай инфрақұрылымдық жо­балар іске асып жатқанынан, мемле­кеттің қандай көмек көрсете алатынды­ғынан бизнесті хабардар ету үшін біз арнайы veb-ресурс жасақтағалы отыр­мыз. Оған Индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасының бір тармағы ретінде Индустрияландыру картасын орналастырмақпыз. Жобалардың іске асу барысына, құрылыс алаңдарында қандай қазақстандық компания жұмыс жасап жатқандығына, өндірісте қандай өнімділік жоспарланып отырғандығына жұрт толық қанық болуы үшін біз тіпті фото есеп беру түріндегі мониторингке дейін жайғастыруды жоспарлап отыр­мыз. Әлеуетті инвесторлар мен жабдық­таушылардың мұндай ақпаратпен қам­тамасыз етілуіне өзіміз де мүдделіміз. Олай болатыны бұл бағдарлама қоғам­мен ашық үнқатысуға шыққанда; ел-жұрт ұсыныс білдіріп, кемшін тұстарды айтып отырғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізеді. Өйткені, индустрия­ландыру бағдарламасы – біз салғалы тұрған ортақ үйдің іргетасы. Әрбір жоба көп функ­ционалды болуы керек және басқа міндет­тердің шешілуіне септігін тигізуі тиіс. Міне, біз қазір Павлодар облысында жүк вагонын шығару, Астанада локо­мотив, Атбасарда электровоз, Қостанай­да комбайн өндірісі, Семейде трактор шығару жобасымен жұмыс жасап жа­тырмыз. Олардың маңайына бөлшектер, қондырғылар, арнайы киім-кешек шы­ғарумен айналысатын шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылым қалыпта­са­тын болады. Бұл жер бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысуы тиіс көптеген кәсіпкерлік және салааралық одақтар мен қауымдастықтар үшін игерілмеген алаң деп ойлаймын. Ақыр соңында, біз шағын және орта бизнесті нақты жобаға топтастыру арқылы жұмыссыздық мәселесін шешіп, халқымыздың шығармашылық мүмкін­дігін пайдалануға жағдай жасаймыз. Үдемелі индустрияландыру – дамудың сапалы жаңа кезеңіне шығу, бірінші кезекте ілгерілеу тұрғысында сана-сезімді өзгерту. Мінеки, сондықтан да Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын мен көп мақсатты деп есептеймін. Бұл өз деңгейінде ұлттық бірлік идеясының материалдық тұрғыдан орындалуының кепілі. Ол биліктің, бизнестің және халықтың бірлігі. Әңгімелескен Ержұман СМАЙЫЛ.