Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысы өтіп, онда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы 5 жылдық нәтижелері және екінші 5 жылдық кезеңнің жоспары талқыланды.
Жиналысқа қатысқан Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева индустриялық даму біздің еліміздің тұрақты экономикалық өсуінің негізі екенін атап өтті.
Тақырып төңірегінде Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндама жасады. Оның атап өткеніндей, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жаңа индустриялы саясаттың негізін қалады. Аталған мерзім ішінде 2,5 трлн.теңге көлемінде 651 жоба іске асырылған, 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның екінші кезеңінде жемісті жұмыс өз жалғасын тауып, жаңа табыстарға қол жеткізілмек.
Халық қалаулылары бірінші кезең барысында орын алған олқылықтарды атап көрсете отырып, ол алдағы уақытта сабақ болу керектігін ескертті. Депутаттар бағдарламаның екінші кезеңін заңнамалық қамтамасыз ету мәселелерін қозғай отырып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Жиналысқа, сондай-ақ, бірқатар министрліктердің, даму институттарының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.