Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жақында Индонезияның бас шаһары – Жакартада өткен нысана көздеу спортынан Әлем кубогінде топ жарған қазақстандық спортшыларды марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр қазақстандық мергендердің соңғы жетістіктерін атап өтіп, жаттықтырушылар штабына алғысын білдірді. Сондай-ақ спортшылардың Париждегі Олимпия ойындарында лайықты өнер көрсететініне сенім білдірді.
«Спортшыларымызды және барша қазақстандықтарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймын. Еліміз алғаш рет осындай беделді жарыста жалпыкомандалық есепте көшбасшы болды. Жас толқын спортшыларымыз Олимпиада чемпиондарымен тең дәрежеде өнер көрсетіп, жарқын жеңіске қол жеткізді. Осы ретте құраманың жаттықтырушылары мен өзге де мамандардың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Олардың тынымсыз еңбегінсіз айтулы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес еді. Спортшыларымыздың оқ атудан ғана емес, стендтік атудан да соңғы жетістіктері ұлттық құраманың алдағы Париж Олимпиадасында жақсы нәтиже көрсететініне зор сенім ұялатады», деді министр.
Әлем кубогінде Қазақстан атынан 15 спортшы (9 жігіт және 6 қыз) өнер көрсетті. Спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінен құралған біздің команда үш алтын, бес күміс және үш қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Алтын медаль иегерлері:
Никита Чирюкин – мылтықтан 25 метрден жылдамдыққа ату;
Арина Алтухова – мылтықтан үш позициядан ату (50 м);
Александра Ле, Элизабет Безрукова және Анастасия Григорьевадан құралған әйелдер командасы – пневматикалық мылтықтан 10 метрден ату.
Күміс медаль алғандар:
Константин Малиновский – пневматикалық мылтықтан 10 метрден ату;
Никита Шахторин, Константин Малиновский және Ислам Сәтбаев –пневматикалық мылтықтан 10 метрден ату;
Никита Чирюкин, Валерий Рахимжан және Алексей Лотарев – пневматикалық мылтықпен 10 метрден ату;
Константин Малиновский, Матвей Тимофеев, Ислам Сәтбаев – мылтықпен үш позициядан ату (50 м);
Арина Алтухова, Александра Ле, Елизавета Безрукова - мылтықтан үш позициядан ату (50 м);
Қола жүлдегерлер:
Ирина Юнусметова және Валерий Рахимжан – ПП-микс;
Ирина Юнусметова, Ольга Аксенова және Сәуле Әлімбек – 25 метрден мылтық ату;
Елизавета Безрукова және Ислам Сәтбаев – ВП-микс.
Жакартада өткен Әлем кубогі спортшыларға әлемдік рейтингтегі позицияларын жақсартуға және Олимпиадаға лицензия алу үшін таласқа түсуге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.