Дүниежүзілік банк Түркияға 1 млрд 780 млн доллар жіберетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
«Табиғат апатының ауқымын бағалау және бірінші кезекте қалпына келтіріліп, қайта құруды қажет ететін облыстарды анықтау үшін залал көлемін жедел бағалау басталды», делінген банк мәлімдемесінде.
Қаражат Түркияны қалпына келтіру жұмыстарына бағытталады.
«Дүниежүзілік банк адамдардың жаппай өліміне, жаралануына және Түркияның оңтүстік-шығысы мен оның айналасына айтарлықтай залал келтірген зілзала мен одан кейінгі жерасты дүмпулерінен соң қалпына келтіру жұмыстарына $1,78 млрд бөледі», деді Дүниежүзілік банк басшысы Дэвис Малпасс.
Дүниежүзілік банк табиғат апаттарын реттеудегі халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып, бірінші кезекте қалпына келтірілуі тиіс аумақтарды және залал шығынын жедел бағалауға кірісті.