Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиевті қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
А.Жұмағалиев Мемлекет басшысына Агенттіктің қазіргі жұмысы, сондай-ақ, отандық ақпарат кеңістігін «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асыруды ескере отырып дамыту жоспарлары туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігі мен құрылымы айқындалған Агенттіктің толыққанды қызметіне кіріскенін және оның алдына қойылған маңызды міндеттерді тиімді шешуі тиістігін атап өтті.
Агенттік төрағасы байланыс және ақпарат саласындағы ахуал, мемлекеттік БАҚ-тардың жұмысы, медиа-нарықты ынталандыру және контент сапасын арттыру шаралары турасында айтты. Сонымен қатар, ол Интернет желісінің отандық сегментінің дамуы мен сандық эфирлік телевизияны енгізу туралы әңгімеледі.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.