• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Ақпан, 2023

Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек ретінде 160 миллион теңге бөлді

446 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан үкіметі Сирия халқына қандай гуманитарлық көмек көрсететінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек жөнелтеді. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арқылы көмек көрсетіледі», деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 160 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Жалпы салмағы 50 тоннаны құрайтын азық-түлік, жылы киім, шатыр және төсек-орын түріндегі көмек Сирия Араб Республикасының аумағына арнайы ұшақпен жеткізіледі. Бірінші ұшақ бүгін Алматыдан Сирияға ұшып кетті», деді Айбек Смадияров.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылығы Қазақстанның Ливандағы елшілігі мен Сириядағы Қазақстанның консулдығының көмегімен гуманитарлық жүкті Сирияның Алеппо қаласындағы уәкілетті өкілдеріне жеке өзі тапсырады.

Бұған дейін Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібергені туралы хабарлаған едік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуді тапсырды.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмарас провинциясында магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі болды.