Қазақ білімі мен ғылымының киелі ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шаңырақ көтергеніне биыл 80 жыл толды.Сонымен бірге қоғамдық санаға ақпарат тарату арқылы қозғау салу өнеріне үйрететін, яғни журналистік мамандыққа машықтандыратын факультеттің де қазақ топырағында іргетасы қаланғанына 80 жыл болды.
Қос мерейлі тойға арналған «Ұлт сөзгерлері ұшқан ұя» атты кітапта осы жылдарда журналистика факультетінде білім алған барлық түлек тізімі түзілді. Егер арасында бірлі-жарым адамның аты кірмей қалмаса, мүмкіндігінше толық қамтылған бұл тізбе бойынша факультетімізде кешегі 2013 жылға дейін 9952 шәкірт тәрбиеленіпті. Осы түлектер арасынан ұлт руханиятына, мемлекетіміздің мүддесіне ерекше еңбек сіңірген, журналистика саласында ізі бар, аты ұрпақ жадында жаңғырған тұлғалардың фотобейнесін, өмірбаянын, ол туралы естеліктер, факультет өміріндегі студент пен студент немесе студент пен ұстаз арасындағы қызықты да тағылымды сәттер, сонымен қатар, тарихи құжаттар мен фотоайғақтар да берілді. Олардың бәрі хронологиялық тәртіппен кітап макеті бойынша қалыпталды. Беттелді.
Оқырманға меңзеу ретінде айтарымыз – жинақ халықаралық стандарттар бойынша шығарылған энциклопедия емес, анықтамалыққа да жатпайды. Зерттеу еңбек шарттарына да келмейді. Бұл факультетіміздің 80 жылдық мерейтойына арналған, жоғарыда аталған басылымдарға тән ерекшеліктер тоғысқан мерейтойлық жинақ. Бұл – факультетіміздің шежіре-кітабы. Егер оқырман тарапынан ұсыныстар мен тілектер түсіп жатса, алдағы мерейтойға арналған ұжымдық еңбекте ескеруге дайынбыз.
Кітаптың атына соңғы кезде ақпарат құралдарында айтылып жүрген «сөзгер» деген жаңа атау қолданылды. Бұл атау «сөз зергерлері» деген тіркестен туындаған, шамасы. Факультетте қазір журналистика маманы ғана даярланбайды. Мұнда баспагерлер де, қоғаммен байланыс мамандары да, БАҚ безеншілері де, осы салалардың болашақ ғалымдары мен ұстаздары да білім алады. Олардың бәрі де сөз иелері. Сондықтан, бәріне ортақ атау ретінде «сөзгер» термині қолайлы болды.
Кітапты баспаға дайындаған «Құзыретті баспагер» орталығы. Жалпы редакциясын басқарған – филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы; безендірген Қойшыбек Мүбәрәк; түлектер тізімін түзгендер: Р.Жақсылықбаева, Н.Данаева; Кітапты аламын деушілер журналистика факультетінің «Құзыретті баспагер» орталығына хабарласуына болады.
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты.
АЛМАТЫ.