АСТАНА. 19 маусым. Ақмола облысның әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен және аудандық мәслихат депутаттары келісімінің негізінде Андрей Николаевич Никишов Атбасар ауданын басқаратын болды. Бұл туралы akmo.gov.kz хабарлады.
Андрей Николаевич 1969 жылы бұрынғы Целиноград облысы Целиноград ауданы Киров атындағы кеңшарда туған. Жоғары білімді. Целиноград ауылшаруашылық институтын, Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Мал дәрігері ғылымының кандидаты.
Еңбек жолын 1990 жылы Целиноград қаласы «Прима» кооперативтік ғылыми-өндіріс бірлестігінің мал дәрігерлік санитары болып бастаған.
Әр жылдары Целиноград аудандық мал дәрігерлік станциясы бастығының орынбасары, Ақмола облысы мал дәрігерлік комитетінің маманы, Ақмола облысы мал дәрігерлік бақылау басқармасында басшы қызметтерін атқарды.
1999 жылғы қазан мен 2002 жылғы сәуір аралығында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақмола облыстық аумақтық басқармасының бөлім бастығы – Ақмола облысының бас мал дәрігерлік инспекторы болып жұмыс істеген.
2002 жылғы сәуірден бастап Ауыл шаруашылық минстрлігінің Ақмола облыстық аумақтық басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болып қызмет атқарды.
2004 жылдың наурызынан бастап 2007 жылғы қыркүйек аралығында Ақмола облысы Егіндікөл ауданының, 2007 жылғы қыркүйек пен 2008 жылғы наурыз аралығында Көкшетау қаласының әкімі, 2008 жылғы наурыз бен 2012 жылғы тамыз аралығында Степногорск қаласының әкімі болды.
Соңғы жылдары кәсіпкерлікпен шұғылданды. «Құрмет» орденінің иегері.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: akmo.gov.kz.
Фото: nevizv.ru.