• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Ақпан, 2023

Базалық мөлшерлеме мен инфляция деңгейі

274 рет
көрсетілді

Бір жылдан кейін инфляция деңгейі 13,3 пайызға дейін баяулауы мүмкін. Сол кезде ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 481 теңге деңгейінде болмақ. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары айтып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, курстың ағымдағы нығаюы ұзаққа созылмайды және жылдың басында тұтынушылық белсенділіктің төмендігі мен ақпан айын­дағы салық кезеңінің өтуіне орай сау­да балансының жақсаруына байланыс­ты маусымдық сипатта болуы мүмкін.

Наурыз айының басында USD/KZT жұбы бойынша орташа бағам бір доллар үшін 460,14 теңге деңгейінде болжанады (ағымдағы 452,0).

«Ұлттық валютаның ны­ғаюы аясында бағам бойын­ша күтулер бір жылдан кейін ай­тар­лықтай жақсарды – 491,8 бұрынғы (-9,6 теңге) көрсеткішінен бір доллар үшін 482,2 теңгеге дейін. Сарапшылар іс жүзінде бірауыздан (81%) 24 ақпан­дағы отырыста базалық мөл­шерлеменің сақталуын күтіп отыр. Бірақ бір жылдан кейін ол ағымдағы деңгейден 16,75% (-3,25 б.т.) жылдық 13,5%-ға дейін төмен­детілуі мүмкін. Бұған инф­ляцияның 2024 жылғы ақпанға қарай ағымдағы көрсеткіштен 20,7%-ға (-7,4 б.т.) қарсы 13,3%-ға дейін баяулауы ықпал етеді», дейді қауымдастық сарапшылары.

Олардың айтуынша, инфля­цияның күтілетін баяулауы және жұмсақ ақша-несие шарт­тары экономикалық өсуге қол­дау көрсетеді. Сондай-ақ бұл мұ­найдың жоғары бағасына ықпал етіп, оны барреліне 87,4 доллар деңгейінде ұстауы мүмкін.

Сарапшылар бір айдан кейін теңге бағамы – 460,14 теңге, базалық мөлшерлеме 16,75 пайыз (яғни қазіргі деңгейінде) болады деп күтсе, бір жылдан кейінгі болжам бойынша – USD/KZT бағамы – 482,2 теңге, Brent маркалы мұнай бағасы – 87,4 доллар, ІЖӨ – 3,7 пайыз, инфляция – 13,3 пайыз және базалық мөлшерлеме – 13,50 пайыз.

Қазір USD/KZT бағамы – 450 теңге шамасында. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, теңгенің жыл басында ерекше нығаюына бірнеше фактор әсерін тигізді.

«Қаңтарда квазимемлекеттік сектор (КМС) субъектілерін сату 453 млн долларды құрады. Валюта нарығындағы теңгерімділіктің жақсаруына байланысты, сондай-ақ КМС субъектілеріне валюта ағындарын басқару кезінде үлкен мүмкіндіктер беру мақсатында Ұлттық банктің ұсынысы бо­йынша Үкімет валюта түсімін міндетті сату үлесін 75%-дан 50%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Ұлттық қор­дан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету мақсатында 228 млн доллар валюта сатылды. Сату бұрынғыдай біркелкі және тұрақты негізде жүзеге асырылды. Күнделікті сату көлемі 12 млн доллардан асқан жоқ. Бұған дейін зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру туралы БЖЗҚ-ның жоспары тура­­лы айтқан едім. Осы мақсатта қаңтарда шамамен 120 млн дол­лар сатып алынды. БЖЗҚ үшін шетел валютасын сатып алу жөніндегі операциялар Қа­зақ­стан қор бир­жасының ала­ңында валюта на­рығында қолайлы жағдайларда нарықтық бейтараптық қағидатын сақтай отырып, жыл ішінде біркелкі жүзеге асырылады», дейді Ә.Молдабекова.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов болса, база­­лық­ мөлшерлеменің қазіргі дең­г­ейінің сақталатынын айтады. Бұл туралы «Ақжол» фракциясы депутаттарының сауалына берген жауа­бын­да мәлімдеді.

«Базалық мөлшерлеме дең­гейін белгілеу арқылы Ұлт­тық банк бағаның өсуіне белгілі бір уақыттан кейін (1-2 жыл) ғана әсер етеді. Тиісінше, жа­қын бола­шақта инфляцияны бә­сең­дету және жоспарлы түрде төмендету үшін база­лық мөлшерлеме ағым­дағы дең­гейде сақталады. Жо­ғары базалық мөлшерлеменің несие беру қарқынына елеулі теріс әсері байқалмайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктерден экономикаға берілген несие көлемі 22,8 трлн теңгені құрды. 2022 жылғы өсім – 23,3%. Заңды тұлғаларға берілетін кредиттер де 11,5%-ға, 8,7 трлн теңгеге дейін өсті, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бері­ле­тін кредит 22,8%-ға, 4,5 трлн теңгеге дейін артты. Нақты сек­тор­дың даму параметрлері де нашарлау белгілерін көрсет­пейді», дейді ол.

Айтуынша, қазіргі уақытта ақша-несие саясатын жеңілдету орынсыз болар еді. Мейлі, оның экономикалық өсімге бастайтын ықтимал қысқа мер­зімді оң әсеріне қарамастан.

«Ақша-несие саясатын жеңіл­детіп жіберу елеулі теріс салдарға әкеледі. Бірін­шіден, жоғары инфляциямен салыстырғанда ақша нарығындағы теңгелік ак­тив­тердің негізсіз төмен кі­рістілігі қаржы нарығының кә­сіби қатысушыларында да, ха­лық арасында да валюталық артықшылықтардың өзгеруіне себеп болады. Бұл өз кезегінде девальвациялық күтулердің өсуі­не және теңгенің әлсіреуіне әкеп соғады. Нәти­жесінде долларландыру үдерісі қайта басталып, инфляциялық үдерістер күшейе түседі. Теңгелік депозиттерден қаражат кетсе, банк жүйесінің ресурстық базасы тө­мен­­дейді. Екіншіден, базалық мөлшерлеменің төмендеуі банк­тік несие мөлшерлемелерінің салыс­тырмалы түрде төмен­деуіне әкелмеуі мүмкін. Ин­фляция мен инфляциялық күту­лердің өсуі, несиелерге жоғары сұраныс және сапалы қарыз алушылардың тез сар­қылуы тәуекел сыйлық­ақы­­сы­ның өсуі­не ықпал етеді. Үшін­ші­ден, эко­номика субъек­ті­ле­рі­нің қа­лауы тұтыну жағына қа­рай ауыса бастайды және жо­ға­ры тұ­тыну сұранысы инфля­ция­лық үдерістерді одан әрі же­­делдетеді. Бұл жағдай сайып кел­генде халықтың нақты табы­сын төмендетеді», дейді бас банкир.

Айтпақшы, Қазақстанда ин­фля­цияны есептеу әдісі өзгеруі мүм­кін. Ұлт­тық статистика бю­ро­­сының басшысы Жандос Шай­­мардановтың айтуынша, жаңа тәсіл бойынша инфляция фис­кал­дық операторлардың де­­рек­тері негізінде бақыла­на­ды. Бұл статистиканы қалып­тас­ты­ру­ды жеделдетіп, шығын­дар­ды азайтып, деректер сапасын арттырмақ.

«Бюроның басым бағыт­та­рының бірі – балама көздер, яғни фискальды чекті пайдала­ну болмақ. Инфляция есептеу үшін еуропалық елдердің біразы осы тәсілді қолданады. Біз де осы жобаны бастап отырмыз және Халықаралық валюта қорының сарапшыларынан мето­дологиялық көмек аламыз. Қазір жұ­мыс жүріп жатыр, соның негізінде тұты­нушылық себет құрылымы бо­йын­­ша чектерге қарап тауар­ларды сұрыптаймыз», дейді.

Айта кетейік, қаңтар айының қоры­тын­дысы бойынша жылдық инфляция 20,7 пайыз деңгейінде тұр. Әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы бір жыл ішінде 23,4 пайызға қымбаттаған.