«Ендігі шекеме тимегені шетел еді, оны да көрейін» деп жұмыс іздеген жастардың арасында ала бағаннан асыға асатындар бар. Шетел десе, шамаданын жинай бастайтындардың көбі тіл білетін, көзіқарақты «қаратаяқ» екен. Тіпті арасында тіл білмесе де тірлік қылып кеткендер кездеседі. Қазір қай мақсатта да шетелге шығуға жол ашық.
Жастардың жайы қалай?
Ресми деректерге жүгінсек, былтыр елімізден 8 мыңға жуық жас жұмыс іздеп шекара асыпты. Шетке ағылғандардың дені – 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Олардың мақсаты жанбағыс па, алданыш па, әлде қап-қап қазынаға кенелгісі келе ме, кім білсін, әйтеуір «әр кәлләда бір қиял». Кеткісі келген адамды қамап ұстай алмайсың...
Экономист Ғалымжан Керімбектің айтуынша, Қазақстанда өз ісінің білікті мамандары жалақысының жоғары болғанын талап етеді. Ал жұмыс беруші тарап аз ақшаға көп жұмыс істеткісі келеді. Бәлкім содан болар, шекара асатын жастар қатары күннен-күнге көбейіп барады.
– Қазір елде білікті мамандар, өз ісін жетік білетін жұмысшылар жетіспей жатқан кезде бұл экономикаға, оның ішінде өндіріс салаларының құлдырауына, тіпті тоқтап қалуына әсер етеді. Біздің жастар 4 жыл, 5 жыл білім алады да, елде жұмыс істейін десе, жалақысы төмен. Сондықтан олардың төмен жалақы ұсынған жұмысқа барғысы жоқ. Сөйтіп, жастар еріксіз шетке сабылады, – дейді ол.
Қазір өзімізде де не ауы бітпей, не бауы бітпей, шаруасы шатқаяқтап тұрған сала шаш-етектен. Жұмыс күші жетпей жатқан, мамандар тапшы өңірлер қаншама? Бұл олқылық, әсіресе, солтүстік аймақтардан көбірек байқалады. Статистика бойынша қазір елімізде 923 мың бос жұмыс орны бар екен. Оның көбі техникалық мамандар мен дәрігерлер көрінеді. Ал олар өзге елден нан тауып, нәпақасын айырмақ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір есепші мамандығы бойынша 97 540 орын бос. Күзетші, инкассатор және соған байланысты кәсіптерге – 84 076, дүкен сатушысы және олардың көмекшісіне – 73 368, әлеуметтік ғылымдар бойынша орта мектеп мұғаліміне – 50 343, автомобиль жүргізушісіне – 49 127, күтім бойынша орта медициналық персоналға 43 801 қызметкер қажет.
Елде жұмыс жоқ емес, бар. Әйткенмен «бәлен жерде алтын бар...» деп елеңдеген жастар жіліктің майлы жағы жырақта деп біледі. Кейінгі 15 жыл ішінде Қазақстаннан 4,3 мың маман сыртқа кетіпті. Олардың көпшілігі – тағы да сол техникалық кәсіпті меңгерген мамандар. Әр үшінші эмигрант жоғары білімді, әрбір төртіншісі орта білімді екен. Сарапшылар бұл үрдісті «ақылды, қабілетті адамдардың босуы» деп түсіндіреді.
АҚШ-тың Калифорния штатында жұмыс істеп жатқан қарағандылық Дәулетхан Жақсылықтың айтысына қарағанда, елдегі ептеп берген аз айлық екі асауға жетпей қалады.
– Менің оқыған мамандығым – IT саласы. Қазіргі технократтық заманда бұл мамандықпен қай елде болсын жұмыс істеуге болады. Бірақ біздің елде өз мамандығымның құны әлі де бағаланбай жатқанын түсіндім. Өйткені жалақы төмен. Бұл салаға мемлекеттен гөрі ұлттық буржуазия көп көңіл бөлуі керек. Америкада сондай. Сөздің шыны керек, мен АҚШ-қа туристік визамен бардым да, қара жұмысқа түстім. Қымбатшылық бұл жақта да бар, есесіне жалақы жоғары. Жылына орта есеппен 20 мың доллар табуға болады. Елде бір жылда мұндай табыс табу қиын. Шетелге шығып жұмыс істеп жатқандарға біржақты қарауға болмайды. Шеттен әр кірген тиын ел экономикасының үлесін арттыра түседі. Ал шетте қалып қою – басқа әңгіме, оны мен құп көрмеймін. Дәл қазіргі біздің жағдай кезінде Жапонияның да басынан өтті. Ол кезде де көп жапон азаматы жұмыс іздеп, АҚШ-қа барды. Бірақ олардың ұлттық намысы мықты болды да, қалып қоймай еліне оралды. Қазір дамуы даңғыл жолға түскен Жапонияның жағдайы бәрімізге мәлім. Біз де бұл өткелектен өтеміз деп ойлаймын, – дейді Дәулетхан Жақсылық.
Сонымен қатар ол шетелге оқу визасымен барып та жұмыс істеп кететіндердің және оңай олжаға кенелеміз деп сан соғып қалатындардың да барын жасырмады.
«Алтын үшбұрыштың» құрбандары...
Білімімді жетілдіремін дегендерді қоспағанда, күнкөріс қамымен шетел асуға мәжбүр жастардың ол жақта да шекесі шылқи қоймағаны туралы айтылып жүр. Тіпті кейбірінің білім алып, не еңбек етіп жатқан елдерінде біржола қалып қоюға қамданып жүргендері де белгілі. Әрине, бұл – әр адамның өз таңдауы. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегеннің күйін кешіп, елге әзер оралып жатқандар да жоқ емес. Шетелге жайлы жұмыс іздеп барып, құлдықтың құрбанына айналғандар туралы да ақпар бар. Мәселен, 2011 жылы Аустралияға аттанған Сағынай Батырханованың қайтыс болуы да қоғамда қызу талқыға түсті. Тізбектей берсек, мұндай дерек көп. Еңбек және жыныстық құлдыққа жегілген отандастарымыздың мысалы ешкімді бейжай қалдырмаса керек-ті.
Мұндай жайт әлеуметтанушылардың да шарадай басын шақшадай қылып отыр. Олардың пайымынша, шетелге ағылған жастардың басым көпшілігі, негізінен, өзге ұлт өкілдері тығыз қоныстанған облыстардан екен. Мәселен, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысының жастары көш бастап тұр. Ал өзге аймақтарда бұл көрсеткіш едәуір төмен.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, «Алтын үшбұрыш» деп аталатын аймаққа тап болып, еріксіз елдің көмегіне жүгінгендер де бар. «Алтын үшбұрыш» – Тайланд, Мьянма мен Лаостың шекарасында орналасқан аса ірі көлемде есірткі өндірумен және сатумен аты шыққан жер. «Еңбектен қашып деңбекке» дегендей, бұған дейін елімізден аталған аймақта жоғалып кеткендердің дерегі тіркелген.
Көбіне-көп күмәнді компаниялар жастарды аудармашы боласың деп алып барып, кейін қара жұмысқа салып қоятын көрінеді. Сондықтан біздің жастар шетелге шығарда мұндай жайттардан құлағдар болса деген пейіл ғана. Әйтпесе «жайлы жер іздеп кетті» деп жазғырғалы отырғанымыз жоқ.