• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Ақпан, 2023

Қайраткер қыздарымызды насихаттай білейік

539 рет
көрсетілді

Айналасына шарапаты тиген, қоғамның дамуына сүбелі еңбегі сіңген азаматтардың есімін дәріптеу әділетті қоғам қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Қай заманда да қазақ әйелдері қайраткерлігі, еңбексүйгіштігі, ізденімпаздығымен ер-азаматтармен бірге алдыңғы шепте қызмет еткен. Бірақ олардың атқарған еңбегін насихаттау жағы кемшін екені шындық.

Оның көрінісі геогра­фиялық нысандар атау­ларын­дағы әйел есімдерінің азды­ғы мен атақты әйелдерге орна­тылған ескерткіштердің немесе ес­керт­кіш тақталардың өз дең­гейінде жасалмай жатқанынан байқалады. Бұл тақырыптағы әңгімені әріден бастауға тура келеді.

Қазақ даласында XIX-XX ғасырлар аралығында сауаттылық мәселесі өзек­ті болды. Атақты ұстаз Ыбырай Алтын­саринның қажырлы еңбегінің арқасында қазақ өлкесінде тең дәре­жеде мектептер, училищелер ашылып, қазақтың ұлдары мен қыз­дары бі­лім алу мүмкіндігіне ие болды. Сол білім ордаларын тәмам­даған қыздар әрмен қарай өз өмір жолдарын пе­даго­ги­камен байланыс­тырып немесе өзге ілім зерттеп, білім­ге деген құштарлығын одан әрі дамыта түсті. Ыбырай ата­­мыздың жолын қуып, өзін педагогикаға арнаған қазақ­тың алғаш әйел педагогі – Хұснижамал Нұралыханова. Хұснижамал – Бөкей Ор­дасының тумасы, Жәңгір ханның үлкен қызы. Алғашқы сауатын үлкен ағаларының қолдауымен алып шықты, кейін бала оқыту саласын да меңгеріп, өз тәжірибесі мен білімін қазақ балаларына, әсіресе қыздарға таратқысы келді. ХІХ ғасырдың аяғында инспектор А.Вознесенскийдің қол­дауымен Бөкей Орда­сын­да қазақ қыздарына алғаш мектепті ашуға Хұсни­жамал себепші болды. Инс­пек­тор Хұснижамал Нұралы­ханова­ның атқарған ісін жоға­ры бағалап: «Хұснижамал – қазақ сұлтанының қызы. Қазақтың жергілікті мектебін аяқтады. Алғашында үйінде ағалары­нан білім алды. Жасы шамамен 25-те. Өте көрікті әрі сыпайы, Ордада мұндай қыз мүлде кездеспейді, ол – жалғыз. Орыс тілінде таза әрі емін-еркін сөйлейді», деп пікірін білдірген. Репрессия жылдары көптеген тергеуге қарамастан, Хұснижамал қоғамға пайдасы бар ісін жал­ғас­тырады, Орал қаласы­ның зиялылар жиындарына қатысып, «Қазақстан» газеті­нің басылуын қолдап, жас ұс­таз­дарға ақыл-кеңесін арнады.

 Астананың топо­нимдік кеңістігінде әйелдер есімдеріне берілген біршама көше, мектеп бар. Қазақ халқының тарихын­да үлкен орны бар әйелдер­дің есімдері бір бағыттағы көшелерге болса да беріліп отыруы – қуанышты жағдай. Атырау қаласындағы халық­аралық әуежайына – Хиуаз Доспанова, Орал ха­лық­ара­лық әуежайына – Мән­шүк Мәметова, Ақтөбе халық­ара­лық әуе­жайына – Әлия Мол­да­ғұлованың есімі­нің берілуі де өте құптарлық іс болды.

Осы орайда мына деректі кел­тірген жөн. Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен қаншама жас қыз аттанды. 1944 жылы «Совет­ская Караганда» газетінде тек қазақ қыздарынан құрал­ған танк экипажы туралы мақала жарияланған. Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева, Жәмила Бейсен­баева құрамында болған эки­паждағы Жамал Бай­тасова «Ерлігі үшін» медалі­мен мара­патталған. Қазақстан­нан Екін­ші дүниежүзілік со­ғыс­қа аттанғандардың ішінде 5 мыңнан аса әйел болды деген дерек бар. «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері Р.Мо­мынова, партизан Н.Бай­се­йітова, авиациялық полктің радиобайланысшылары Ғ.Рах­метова, З.Наушева сияқты десантшы, барлаушы, әскери көлік жүргізуші, байланысшы қыздар соғыстың қақ ортасында жүріп ерлермен бірдей жеңіс жолында соғысты. Тарихтан Орал қаласының әскери комиссариаты қыздар­дан ұйым­дастырылған Подольскі­дегі Орталық мер­ген қыздар мектебіне Қазақстаннан 24 қыздың аттанғаны белгілі. Олардың арасында ерлігімен көзге түсіп, «Қызыл Жұлдыз» ордені, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ерен ерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарының иегерлері бар. Тарихи архивтер толық ашылса, қазақ­ қыздарының соғыстағы ер­лік­тері туралы мыңдаған дерек жа­рық­қа шығатыны анық. Осындай батыр­ларымыз­ды дәріптеу мақсатында ескерт­­кіштер орнатылып, көшелерге, мек­тептерге, жастар жиі жиналатын мәдени орындарға олардың есімдерін беру керек.

Қазақ әйелдері қоғамда қандай жағдай болсын, адал еңбек етіп, бел­сен­­ді қыз­мет атқарып отырған. Қазақ­станның ономастика­лық кеңістігін толықтыратын есімдердің арасында ғалым әйелдер көптеп саналады. Сұрапыл соғыс уақытында қазақ қызда­рына білім беру мақсатында ашылған тұңғыш Қыздар институты болды. Осы институтта нағыз қиын-қыстау кезінде ұйымдастырушылық жұмыс­тарды атқарып, 14 жыл басқарған Тұрсын Мыр­за­­беков­а­­ның есімі елеусіз қалып отыр. Қазіргі Қыздар педа­­го­гикалық универси­тетінің кор­пустарын тұрғызу, Қазақ­станның әр өңірінен келген және ата-анасынан, әкесінен айырылған балалар үйі қыздарының әлеу­меттік жағдайларында қиын­­­дық­тарды болдырмау мақ­­сатында жатақханалар салғызып, қыздарды тегін та­мақ­пен қамтамасыз ету бас­тама­ларын көтерген және сол жұ­мыс­тардың іске асуы­на ора­сан еңбек сіңірген ға­лым апа­мыздың еңбегі бүгін­гі жастарға үлгі болуға тиіс. Өкінішке қарай, Тұрсын Мыр­забекованың есімі еш­қандай географиялық нысанға берілмеген. Ол кісінің есімін тарихта қалдырып, Қазақ ұлттық қыздар педагогика­лық университетіне есімі берілсе игі іс болар еді. Аталған оқу орнын бітіріп, қазақ әйел­дерінің ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейін көрсеткен ғалымдарымыздың құр­метіне ескерткіш орнатылса да артық­тық етпейді.

Қазақстан ономастикасында орын алуға тиіс жандар­дың бірі – қазақ әдебиеті мен журна­листикасының өркен­деуіне өзіндік үлесін қосқан қаламгер, қарымды жур­на­лист, жазушы Сара Мың­жа­сарова. Еңбек өтілін оқу-ағарту саласында бастаған Сара Рахманқызы Шалқар аудандық комсомол комитетінің мектеп жұмысы жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарып, ұзақ уақыт Талдықорған, Алматы облыстық және «Семи­ре­ченс­кая правда» газеттерінің редак­цияларында қызмет жасайды. «Заман­дастар» очерк­тер жинағы, «Төзім шеңбері» романы, «Әйел бақы­ты» шы­ғармаларының авторы Сара Рах­манқызы жастайы­нан бел­сенділігі, әншілігі, алғырлығымен көзге түсіп, еңбекке ерте араласқан. Қоғам қайрат­кері, мемлекеттік биік лауазымдарды атқарған ерекше тұлға. Қазақ прозасына өз мүмкіндігінің аясында еңбек сіңіріп, еліне қыз­мет жасаған. Жазушы Сара Мың­жасарованың есімі де өз дең­гейінде ұлықталуға тиіс.

Қарап тұрсақ, қазақ даласы­нан шыққан әйел батыр, ұстаз, өнер иесі көп. Олар­дың есімдері кең таныл­маған. Олардың қазіргі Қазақстан қоғамы­ның қалыптасуы­на қосқан үлес­терін біз­ге айтпасқа болмас. Қазіргі ұр­пақ сол жан­дарға тағзым ете отырып, оларды ұлықтап, өз құрметін көрсетуі қажет. Сол себепті елі­мі­здің әр қаласында әйелдерге арнап көше атаулары мен мектеп, училище, театр т.б. нысандарға аттарын беріп, ескерт­кіштер санын көбей­туіміз қажет.

 

Жазира АҒАБЕКҚЫЗЫ,

филология ғылымдарының кандидаты