Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия делегациясы Вашингтон қаласына ресми сапар жасады. Сапар шеңберінде комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев пен оның мүшесі, Алматы заң корпорациясының президенті Виталий Воронов АҚШ-тың ресми, құқық қорғау және сарапшы топтарымен кездесті.
Кездесулерде Қазақстанда саяси даму және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру бойынша жан-жақты пікірлер алмасылды.
Т.Әбішев пен В.Воронов америкалық әріптестеріне комиссия дайындаған «Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы туралы», «Қазақстандағы мигранттар құқықтарының ахуалы туралы» және «Қазақстандағы оралмандардың, азаматтығы жоқ адамдардың және босқындардың құқықтарының ахуалы туралы» баяндамалардың тұсаукесерін жасады.
Сапар барысында қазақстандықтар АҚШ Мемлекеттік хатшысының Демократия, адам құқықтары және еңбек жөнінде көмекшісі Том Малиновскиймен, Хельсинки комиссиясының аппарат басшысы Дэвид Киллионмен және АҚШ-тың Халықаралық діни еркіндік жөнінде комиссиясы қызметкерлерімен кездесті. Сонымен қатар, қазақстандық делегация АҚШ Конгресінде комиссия қызметі мен оның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы заң жобаларын әзірлеуге қатысуы туралы брифинг өткізді.
Т.Әбішев пен В.Воронов АҚШ-тың «Фридом Хаус» құқық қорғау мемлекеттік емес ұйымының президенті Дэвид Креймермен, «Ұлттық демократиялық институтының» президенті Кеннет Воллакпен және «Америка заңгерлер ассоциациясының» өкілдерімен кездесулер өткізді.
Сапар шеңберінде қазақстандық құқық қорғаушылар «Джеймстаун» қоры ұйымдастырған дөңгелек үстел басында баяндама жасап, америкалық сарапшылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
«Егемен-ақпарат».