Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында академия ректоры Б.С.Әбдірәсіловтің төрағалығымен Ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы өтті.
Мақсаты – Қазақстан Республикасындағы Тілдерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілерге тілдік білім берудің өзекті мәселелерін талқылау. Кеңес жұмысына Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен орталық мемлекеттік басқару органдарының тілге жауапты қызметкерлері қатысты.
Ғылыми кеңесте мемлекеттік қызметтегі тілдік біліктілікке қатысты мынадай мәселелер талқыланды: мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттыратын Тіл орталықтарының әдіснамасы, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тілдік білімді бағалау мәселелері. Сонымен қатар, академияның мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша жинақтаған тәжірибесі, оқыту технологиялары, мониторингтік нәтижелері баяндалды.
Орталық мемлекеттік басқару органдарындағы тілдік мәселелер бойынша жасалған баяндамалар мемлекеттік тіл қолданысының ағымдағы жағдайы мен проблемаларын талқылауға шығарды, негізгі проблемалар зерделеніп, ортақ ұсынымдар берілді.
Ғылыми кеңестің негізгі ұсынымдары: мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін біліктілікті арттыру семинарлары арқылы көтеру, семинар тақырыптары мемлекеттік қызмет қажеттілігін қамтамасыз етуі тиіс, мәселен, ресми тақырыптарда көпшілік алдында сөйлеуді, өзекті мәселелер бойынша ресми стильде жазуды, нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс істеуді, ілеспе аударма жасауды игерту.
Сондай-ақ, қазақ тілінде заң мәтінін құрастыру туралы пікірлер ортаға салынып, мемлекеттік қызмет барысында жиі қолданылатын терминдердің салалық сөздіктерін жасаудың өзектілігі нақтыланып, Ғылыми кеңестің төрағасы тарапынан қолдау тапты. Ғылыми кеңестің негізгі ұсынымдары Президент Әкімшілігіне, мемлекеттік орталық органдарға, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарына жолданады.
«Егемен-ақпарат».