Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек технологиялық серпіліске кедергі келтіретін негізгі мәселелерді атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл ретте Саясат Нұрбек ведомствоның отандық ғылымды дамыту аясында алға қойған бірқатар жаңа міндеттеріне тоқталып, ғылыми әзірлемелер бюджетке қанша табыс әкелетінін де тілге тиек етті.
«Жобаларды ілгерілету мақсатында В2G – В2В – В2С өзара іс-қимылының үштік спиралы белгіленді. Министрлік ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру есебінен технологиялық серпіліске кедергі келтіретін негізгі мәселелерді анықтады. Олар – ғалымдардың бизнес-құзыреттерінің болмауы, ғылым мен кәсіпкерліктің әлсіз байланысы, жеке қаржыландыруды іздеу тетіктері, өндіріске отандық инновацияларды енгізудің төмен деңгейі», деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша қазіргі уақытта өңірлерде өтініштердің азаю үрдісін байқауға болады.
Ол сондай-ақ Қазақстан ғалымдарының табысын арттыру мақсатында ғылыми-техникалық жеделдету тұжырымдамасы әзірленгенін қоса айтты. Бұдан өзге қазақстандық ғылыми әзірлемелер бюджетке 6 млрд теңге табыс әкелгенін де атап өту керек.
«Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының 5-тарауы, 22-тармағын орындау мақсатында ғылыми-техникалық жеделдету тұжырымдамасы әзірленіп, 2023-2025 жылдарға 1,5 млрд теңгеге бюджеттік өтінім пысықталды. Ғылым қорын осы бизнесті жеделдету бағдарламасының операторы етіп тағайындау дұрыс болар еді деп ойлаймыз. МАК хаттамалық тапсырмасын орындау шеңберінде 5 жол картасы әзірленді. Ауыл шаруашылығы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі мен Энергетика министрлігі өнеркәсіпке коммерцияландыру жобаларының нәтижелерін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», деп түйіндеді министр.