• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2014

Мүлікті жария етуге рақымшылық жасалады

215 рет
көрсетілді

Кеше палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтіп, онда сенаторлар бірқатар халықаралық құжаттарды ратификациялады. Палата отырысының күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе Қазақстан мен Халық­аралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігі секторын институттық нығайту жобасы) ратификациялауға арналған заң жобасы болды. Баяндамашы Әділет министрі Берік Имашев келісімнің мақсаты сот төрелігі секторындағы негізгі ұйымдардың институттық мүмкіндіктері мен операциялық тиімділігін арттыру болып табылатынын назарға салды. Жоба аясында құқықтық және институттық базаның негізгі бөліктерін іске асыруды нығайту, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі көрсететін қызметтердің сапасын және жеделдігін арттыру, судьялардың тиімділігі мен кәсібилігін жоға­рылату жүзеге асырылады, деген министр сөзінен кейін сенатор Қожахмет Баймаханов орынды сауал тастаған. Алынайын деп отырған 36 млн. доллардың әр долларын 200 теңге деп есептегеннің өзінде 8 млрд. теңге шамасын құрайтынын айтқан ол: «Біздің бюджетімізге қарағанда ол көп ақша емес. Осыдан барып, несиені алудың қандай қажеттігі бар, деген сауал туындайды. Егер болашақта болуы ықтимал девальвацияны қаперге алсақ, ол тіптен де тиімді емес. Комитеттің отырысында сауал қойып, мардымды жауап ала алмадым», деді. Оған Халық­аралық Қайта құру және Даму банкінен қарыз алуды тек Қа­зақстан емес, бізден бұрын Ре­сей, Әзербайжан, Румыния, Хор­ватия секілді мемлекеттер бас­тап, сол арқылы олар біраз тәжі­рибе жинақтады. Сондықтан, оның материалдық тұрғыдан гөрі, тәжі­ри­белік тұсы басымырақ, деген жауап берілді. Қалай дегенмен де, се­на­торлар Конституцияның 61-ба­бы­ның 4-тармағына сәйкес заң­ды бірауыздан ратификация­лады. Сенаторлар, сондай-ақ, Қа­зақ­стан мен Ресей үкіметтері арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақ­тастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы қарады. Баяндамашы Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин елімізде бензиннің қоры жеткілікті екенін, қолда бар сұйық отын көлемі 200 мың тоннадан асатынын айтып, бү­гінде екінші жарты жылдыққа бел­гі­ленетін баға көлемінің талқы­ланып жатқанын ортаға салды. Қа­лай болғанда да, салада күрделі бір жағдай қалыптасты деп айтуға негіз жоқ. Жаңа келісім бойынша осыған дейін Ресейден алған мұнай өнімдеріне кері төлем ретінде мұнайымызды беріп келген болсақ, енді бұдан былай ол төлем алынып тасталады, деді. Сонымен бірге, министр өзіміздің ашық түсті өнімдерімізге, мысалы, бензин, дизель отыны сынды жанармайларды экспортқа шығаруға тыйым салынатынын жеткізді. Сенаторлар министрдің және бас комитеттің ұсыныстарын дауысқа салып, заңды ратификациялады. Палатада бұл екі заңды ратификациялаудан өзге «Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы қабылданды және «Есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын Кеден одағының кеден аумағы арқылы өткізу тәртібі туралы» келісім де се­наторлар мақұлдауына ие бо­лып, ратификацияланды. Сон­дай-ақ, құжат жеке тұлғаларға Тарап­тар заңнамасында белгі­лен­ген мөлшерде, растайтын медициналық құжаттар бол­ған жағдайда медициналық көр­сетімдер бойынша жеке өзінің қолдануы үшін дәрілік препараттар түріндегі осы заттардың шектеулі санын өткізуді және тасымалдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтқан жөн. Табысқа салынатын салық­тарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы Қазақстан мен Сингапур ара­сындағы хаттама да ратификация­ланды. Хаттама салықтардан жал­таруға жол бермеу мақсатында са­лық салу мәселелері бойын­ша ақ­парат алмасу арқылы Уағ­­да­­ласушы екі мемлекеттің салық­тық құрылымдарының ынты­мақ­тастығын кеңейтуді көздейді. Отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын сенаторлар екі оқылымда қарап, регламентке сәйкес оны Сенат енгізген өзгерістер және толықтырулармен Мәжіліске жіберілді. Құжат еліміздің Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасын, Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жос­парлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын одан әрі іске асыру мақсатында әзірленіпті. Сенаторлар «Қазақстан Рес­публикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Рес­публикасында тұруға ықтияр­хаты бар тұлғаларға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарап, оны да қабылдады. Құжат мүлікті, оның ішінде бұрын заңды экономикалық айналымнан шығарылған ақшаны жария ету жөніндегі бір жолғы акция өткізуге бағытталған. Мүлікті жария ету мерзімі 2014 жылғы 1 қыркүйектен 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі уақытқа белгіленді. Жария ету субъектілері Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық ко­декстерінің баптарында көзделген қылмыстық және әкім­шілік жауаптылықтан, сондай-ақ, толық емес, дәл емес декла­рациялар мен мәліметтер бергені немесе бермегені үшін тәртіптік жауаптылықтан босатылады. Парламент қабылдаған заң көлеңкелі экономиканы қысқартуға, ұлттық экономикаға қосымша қаражат тартуға және инвестицияларды ұлғайтуға ықпал ететін болады. Құжатқа сәйкес, жария ету нысандарына ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестері, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін құрылыстар мен ғимараттар, басқа адамға рәсімделген, сонымен қатар, Қазақстаннан тысқары аумақтардағы жылжымайтын мүліктер жатады. Бұл ретте жекелеген қыл­мыс­тарды жасау нәтижесінде алын­ған мүліктер жария етуге (заңдастыруға) жатпайды. Мә­селен, жеке адамға қарсы және адамның конституциялық және басқа да құқықтары мен бостандықтарын бұза оты­рып алынған мүліктер, консти­ту­циялық құрылым мен мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстық жолмен алынған кірістер, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылық пен мемлекеттік қызмет мүддесіне қайшы қылмыстар жасау бойынша алынған мүліктер рақымшылыққа жатпайды. Сонымен қатар, заң жобасында жария етудің тетіктері мен құралдары да айқындалған. Заң жобасы Азаматтық, Бюд­жет кодекстеріне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да мін­детті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодекске толықтырулар енгізуді көздейді. Отырыс барысында сенатор­лар Мұрат Бақтиярұлы мен Жабал Ерғалиев депутаттық сауалдарын жария етті. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».