Еуразиялық экономикалық одақ өзінің тиімділігін көрсете бастады. Оны жуырда жұмысын қайта бастаған Шымкент қаласындағы «Карданвал» АҚ-тың мысалынан байқауға болады. 50 жылдан астам уақыт Минск трактор зауытын кардан білігі және крестовинамен қамтамасыз етіп келген кәсіпорын соңғы үш жылда өндірісі тоқтап, енді қайтадан іске кірісті.
Зауыт жұмысының жүрмей қалуының себебі, Беларусь мемлекеті импорт алмастыру бағдарламасына сәйкес, өзінде бөлшек шығаратын кәсіпорын салып, «Карданвал» АҚ-тың өніміне сұранысты тоқтатты. Алайда, ОҚО кәсіпкерлер палатасының көмегімен зауыт басшылығы жуырда Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі А.Раумен жүздескен. Ол Беларусь Республикасының өнеркәсіп министрімен тікелей хабарласып, кездесу ұйымдастырып берген. Сөйтіп, Қазақстан және Беларусь мемлекеттері арасындағы үкіметаралық комиссияның хаттамасына сәйкес, бұл мәселе өткен айда өз шешімін тапты.
«Карданвал» АҚ президенті Жолшыбек Сиқымбаевтың айтуынша, кәсіпорын биылша «МТЗ-82» тракторына 30 мың кардан біліктерін жасап беретін болып келісіпті. Одан түсетін пайда 150 миллион теңгені құрамақ. Ал «биылша» деген себебіміз, ұжым алдағы уақытта Минск трактор зауытымен ұзақ мерзімді келісімшарт жасасып, өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, келешекте «МТЗ-82»-ден бөлек 35 түрлі атаумен шығарылып жатқан өзге де «Беларусь» тракторларының бөлшегін жасамақшы.
Кезінде «Карданвал» АҚ-тың өндірістік қуаты жылына 200 мың дана кардан білігі мен крестовинаны құраған екен. Ол соның арқасында бүкіл Ресей нарығын да аталған бөлшектермен қамтамасыз еткен. Ендігі ретте, экономикалық одақтың аясында әрі бұрынғы нарықты өзіне қайта қарату мақсатында өнімдерін Ресейдің сауда үйлеріне жөнелтуді қарастырып жатыр.
Бүгінде кәсіпорында қырыққа жуық адам істейді. Көпшілігі зейнеткерлік жасқа келіп қалған бұрынғы қызметкерлер. Себебі, жастар мұнда көп тұрақтамайды екен. Зауыт басшысының айтуынша, бұл бүгінгі таңда кәсіпорын үшін нағыз проблемаға айналып отыр. Дегенмен, өндіріс көлемінің артуына қарай, алдағы уақытта жаңадан 120 жұмыс орнын ашу көзделуде.
Әнуар ЖҰМАШБАЕВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.