Петропавл қаласындағы №4 мектепте болған төтенше оқиға қоғамды дүр сілкіндіргені рас. «Күйзеліс» диагнозымен психиатриялық есепте тұрған 15 жастағы оқушы бетперде киіп алып, мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш қатарласын жарақаттағаны белгілі. Жағымсыз оқиғадан кейін Үкімет мектептердің кіреберісіндегі бақылауды күшейтіп, бейнекамераны көбейтуді тапсырды.
Оқыс оқиға болуы міндетті ме?
«Мектептегі қауіпсіздік мәселесіне бәріміз де алаңдаймыз. Көріп отырғанымыздай, мектептің ішінде де түрлі жағдай болады. Қауіпсіздік мәселесін тағы да қарастырып, барлық оқу орнын тексерген жөн. Бейнекамераларды көбейтіп, мектептердің кіреберісін бақылауды күшейту қажет», деді Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында. Оның айтуынша, Оқу-ағарту, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері бірлесіп, балаларға арналған қауіпсіздік сабақтарын өткізбек. 2021 жылы Татарстанның Қазан қаласындағы мектепте оқушы тоғыз адамды атып өлтіргеннен кейін де ел Үкіметі осыған ұқсас бастама көтерген болатын. Жұртшылықты «Мектептегі қауіпсіздік шараларын арттыру үшін міндетті түрде оқыс оқиға орын алуы керек пе?» деген сауал мазалайды. Бұл пікірдің жаны бар. Елімізде көп жағдайда жағымсыз оқиғадан кейін ғана сол салада сең қозғалатыны жасырын емес. Әр шаңырақта кем дегенде бір-екі оқушы бар, олар – еліміздің болашағы. Сол себепті, оқушылар өмірінің қауіпсіздігіне жалғыз ата-ана ғана емес, мемлекет те мүдделі болуға тиіс.
Бұрымды һәм «бұйырған» күзетші
Астана қаласындағы мектептердің қауіпсіздік деңгейін білмек ниетпен №85 Шейх Тәмим Бен Хамад Әл-Тәни атындағы мектепке бас сұқтық. Жас күзетші қарсы алып, жөн сұрасып, турникеттен өткізді. Жас деп ерекшелеп тұрғанымыз бекер емес. Көп мектепте күзетші міндетін егде тартқан азаматтар атқаратынын көріп жүрміз. Иә, мектептердің кіреберісінде арнайы қарумен қамтылған күзетшілер емес, қарапайым азаматтар отыр. Ал күтпеген жерде төтенше жағдай туындап, оқыс оқиға орын алса немесе жоғарыдағыдай қасақана шабуыл жасалса, ондай қауіптің бетін қайтаруға дайын емес. Себебі мектепке күзетші ретінде жұмысқа алынатын адамдарға қойылатын нақты талап жоқ, белгілі бір кәсіби сынақтан өтпейді. «Қауіп төнсе, бұл қайтеді екен?» деген ой ата-аналар былай тұрсын, мектеп басшылығын да алаңдататын сияқты. Директордың күзетшіні таңдайтын құзыреті жоқ. «Бұйырғанымен» бірігіп жұмыс істеуге мәжбүр.
№85 мектептің директоры Марал Қазиеваның айтуынша, жыл сайын портал арқылы күзет қызметін көрсететін ұйым анықталады екен. Талап бойынша күзетшілердің жасы 21-49 жас аралығында болуға тиіс.
– Кейде күзет мекемесінен егде тартқан азаматтар, кейде әйелдер жіберіледі. Біз жас күзетшіні сұрап алдық. Соның өзінде сенімсіздік бар екенін жасырмаймыз. Күзетші қызметіне әскери дайындықтан өткен, тәжірибесі мол жандар келсе екен дейсің. Яғни күзет фирмалары қызметкерлердің сапасын арттырғаны маңызды. Жалақы аз болғандықтан, егде тартқан азаматтардың үлесі басым екені жасырын емес. Біздің мектеп 1200 оқушыға арналған. Қазір мұнда үш ауысыммен 3300-ден астам шәкірт білім алып жатыр. Оқушы саны көп болған сайын қауіпсіздік мәселесі де алдан шығатыны түсінікті. Айтпағым, бір емес, бірнеше тәжірибелі күзетші жұмылдырылса артық етпейді. Бүгінде күзетшімен қатар, мектеп қызметкерлері де кестеге сай тәртіпті қадағалап отыр. Мойындауымыз керек, қауіпсіздік шаралары 100 пайыз сақталған деп айтуға болмас, – дейді мектеп директоры.
Турникет жүйесін жетілдіру қажет
Мектеп басшылығының айтуынша, бұрындары оқушылар турникеттен «Bala pay» арнайы картасы арқылы өтіп жүрген. Бірақ картаның тағдыры ұзаққа созылмапты. Бұл картада жолақы мен асханада тамақтану қызметі де қамтылғандықтан, оқушылар картаны жоғалтып алған сәттерде ата-аналар картадағы қаражаттың ауаға ұшатынын айтып дабыл қаққан. Кейбір кезде оқушы сабаққа келмесе де досы арқылы картаны турникеттен өткізіп, сабақта отырғандай болады екен. Оқушылар мектепке кіретін және шығатын кезде қалың кезектен турникетке салмақ түскен сәттер де аз болмапты. Қысқасы, осы сияқты факторлар картамен «қош айтысқан». Қазір турникеттен оқушылар еш кедергісіз әрі-бері өтіп жүр. Турникетке дейін кіреберісте ата-аналарға арналған арнайы орын бар. Яғни балаларын мектепке жетектеп әкелген ата-аналар да, бөтен азаматтар да турникеттен өте алмайды. Ата-аналар арнайы рұқсат бойынша ішке ене алады. Бөтен адамның бірден көзге түсетіні белгілі. Ал бір мезетте 1800 оқушы әрі-бері өткенде «бөтен» балалардың да кіріп кетуі мүмкін ғой. Ондай оқиға тіркеліпті де. Мектеп басшылығы бұрын білім алған оқушылардың ішке енгенін айтады. Күзетші барлық баланың түрін жаттап алған күннің өзінде мектепке еш қатысы жоқ балалардың ішке енуі ықтимал. Бұл – адами фактор. Бұл ретте, турникет жүйесін әлі де пысықтау керек сияқты.
Бейнебақылау мәселені түпкілікті шеше ала ма?
Мектеп директоры Марал Қазиеваның мәліметінше, бүгінде төрт қабатты мектептің ішінде 96 бейнекамера, ал ғимараттың сыртында 24 құрылғы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, жергілікті полиция департаментінің жедел әрекет ету орталығына қосылған 24 бейнекамера бар. Тәртіп сақшылары өз ғимараттарында отырып-ақ мектептегі жағдайды бақылап отырады. Ал ішкі бейнебақылау жүйесін қадағалау күзетшінің құзыретінде.
Бірақ камера қауіпсіздікті сақтай ала ма? Мәселе – осында. Иә, бейнебақылаудың да белгілі бір деңгейде көмегі бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Десе де көбіне оқиға орын алғаннан кейін ғана «қылмысты кім жасады?» деген сауалға жауап табуға септігін тигізетіні анық. Сондықтан да негізгі жауапкершілік күзетшілердің мойнында екенін естен шығармаған жөн. Қару асынып тұрған күзетші баланың психикасына кері әсерін тигізетіні рас. Қысқасы, мектеп қауіпсіздігін арттыру мақсатында арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін тетіктерді ойлап тапқан абзал.
Бұл мектепте де дабыл беру құрылғысы бар. Ол ғимараттың ішінде қандай да бір оқыс оқиға орын алғаны біліне қалса, бірден төтенше жағдай жариялап, балаларды сыртқа шығуға шақыратын дыбыс беріледі. Дабыл құрылғысының тағы бір түймесін бассаңыз, құзыретті органдарға хабар береді. Мектеп маңында қандай да бір оқыс оқиға орын алған жағдайда күзетші телефон нөмірін теріп отырмай, полицияға жедел құлақтандыратын мүмкіндік қондырғы бұл. Өрт болған жағдайда қосалқы 10 есік бар екен. Дабыл жүйесі қосылса, автоматты түрде есіктер ашылады. Пластикалық терезелердің барлығы арнайы кілтпен ашылып, жабылады. Осылайша, мектеп басшылығы «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деген ниетпен қауіпсіздік шараларын жіпке тізді. Жоғарыда жазғанымыздай, күзет қызметіне қатысты да ұсыныстарын да айтып қалды. Бұл – еліміздегі барлық мектепке ортақ проблема сияқты. Құзырлы органдар бұл мәселеге назар аударады деген сенім мол.
Тағы бір маңызды мәселе – мектептегі психологтердің жұмысын күшейту. Қала берді, қару-жарақты алып жүру мен сақтау, оған рұқсат беруді қатаң қадағалау қажет. Қазір түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда жастардың алаңсыз қару ұстап жүретін фактілері жиі кездеседі. Олардың тапа тал түсте мектепке баса көктеп кірмейтініне кім кепіл?!
Қоғамда мектеп қауіпсіздігіне байланысты түрлі пікір бар. Кейбіреуі оқушылардың санына қарамастан білім беру мекемелерінің антитеррористік қорғану талаптарын қайта қарастыру қажет екенін айтады. Сондай-ақ мектеп пен балабақшаны да күзететін күзетшілердің сол ғимараттың немесе мүліктің, оның территориясын ғана емес, сондағы адамдардың да қауіпсіздігін қорғау міндетін нақты жүктеу мәселесі де көптің көкейінде. Тағы бір маңызды мәселе – мектептегі психологтердің жұмысын күшейту. Қала берді, қару-жарақты алып жүру мен сақтау, оған рұқсат беруді қатаң қадағалау қажет. Қазір түнгі уақытта көңіл көтеретін орындарда жастардың алаңсыз қару ұстап жүретін фактілері жиі кездеседі. Олардың тапа тал түсте мектепке баса көктеп кірмейтініне кім кепіл?! Қысқасы, балалардың қауіпсіздігі мен қорғанысы дегеніміз тек бақылау камерасы, өткізу режімі, дабыл түймелері ғана емес, төтенше жағдай кезіндегі мектеп қызметкерлері мен оқушылардың өзін-өзі ұстауы, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруы да өте маңызды. Балалар – біз үшін ең қымбат және олардың қауіпсіз болуына бар жағдайдың жасалуы маңызды.