• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2014

Бәсеке бола береді

345 рет
көрсетілді

Алматы – республикалық бюджеттің доноры ғана емес,  шешімі табылуы тиісті, өмірі қым-қуыт өндіріс орындары жеткілікті қаланың бірі. Сондықтан да оңтүстік астанада Бәсекелестікті қорғау агенттігінің араласуын күтетін қыруар шаруалар жеткілікті болатын. Осыған орай, өткен аптада аталмыш мекеменің төрағасы Ғалым Оразбақов мұнда жұмыс сапарымен келіп, бірқатар компаниялар мен зауыттарды аралады. Бәсекелестікті қорғау агент­­­тігінің (Монополияға қарсы агенттік) төрағасы Ға­лым Оразбақов іссапары кезінде Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы инспекцияның жұмысымен танысып, қала әкімі Ахметжан  Есімовпен, қоғамдық бірлес­тіктер өкілдерімен және нарық субъектілерімен кездесіп, кәсіпорындарда кезегін күткен мәселелер бойынша  жиындар өткізді. Алдымен төраға «Рахат» кондитер фабрикасын, «Алатау Жарық Компаниясы» энергия беруші компаниясын «Ақсай» нан-тоқаш комбинатын, Көпір құрылғылары зауытын, метрополитенді, «Қазқұрылысшы» ЖШС-ны аралап, ұжым басшыларымен жүздесіп, өз құзырындағы агенттікке қатысты қор­даланған мәселелерден хабардар болды. Мұнан да бөлек,  агенттік төрағасы қатысқан «Нұр Отан» партиясы қабылдауына кәсіпкерлер қоғамдастығы, ПМК, нарық субъектілері өкілдері қатысуға мүмкіндік алып, көкейлеріндегі түйткіл­дерді ортаға салды. Айталық, Туризм қауым­дастығының басшысы Рашида Шайкенова өз саласының проблемасын көтерді. Оның айтуынша, 2013 жылы шетел­дік чартерлік рейстердің алып тасталуы авианарықты монополияландыруға әкеп соқтырған. Бұл жолаушылар мен туристердің әуеде сапар шегуінің қымбаттауына әсер етіп отыр. Өз кезегінде Ғалым Ораз­­бақов азаматтық авиацияны дамыту бойынша мемлекет қабылдаған шара­ларды түсіндірді. Мұнан өзге, БҚА қазан айында тұрақты емес (чартерлік) маршруттар бойынша авиатасымалдаулар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйіне талдау жүргізеді, оның шеңберінде қауымдастық көтерген чар­терлерді келісудің күрде­лендірілген тәртібі мәселесі де зерделенетін болады. Алматы қаласы ПМК қауымдастығының өкілімен әңгімелесу барысында  «Тоспа Су» МКК-нің септиктерді тазарту үшін ақы алуы, «Алматы лифт» ЖШС-нің лифттерді жаңғырту бағасын арттыруы сынды өзекті жайттардың шеті тарқатылды. БҚА төрағасы лифт және сумен жабдықтау компа­нияларының, мемлекеттік органдар тарапынан ықтимал заңсыз іс-әрекеттерді ескере отырып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыс жүр­гізілетінін, ал барлық жүгінген адамдарға қарау нәтижелері жіберілетінін хабарлады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.