16 ақпанда өткен Сенат отырысында Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин елдегі инфляцияны тежеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар жайын тарқатты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол халықтың инфляциялық болжамы тауарлар мен азық-түлік құнына біршама әсер ететінін мәлімдеді.
«Қазір бұл салада әрекет ететін бірден-бір тенденция - халықтың инфляциялық болжамы. Басқа ештеңе жоқ. Ал оны саудагерлер, сатушылар пайдаланады, бағаны үнемі көтеріп отырады. Сондықтан біз қазір бұл өнім массасын 704 сауда орны арқылы таратып жатырмыз. Міндетті түрде кассасы бар сауда нүктелерінде баға бақыланады, біздің сауда бөлімшелері бағаны күніне үш рет түсіреді, бақылайды. Сапасы жақсы пиязды 130 теңгеден сатады. Оны қаптап сатып алудың қажеті жоқ. Бұрынғыдай бір-екі келі сатып алуға болады. Қазір күріштің бағасын түсіріп жатырмыз, меморандумға қол қойдық. Алаңдауға еш негіз жоқ», деп қосты министр.
Жұманғарин атап өткендей, Сауда және интеграция министрлігінің басты міндеті – тапшылықтың алдын алу, бағаны тұрақтандырып, төмендеу үрдісін құру.