• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2014

Жарқын бейне ұмытылмайды

481 рет
көрсетілді

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл өнері және тұлға» атты іс-шара өтті. Ондағы мақсат – көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің шығармашылығын насихаттау, қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген жастардың ықыласын арттыру. «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері», «Заманай мен Аманай» романдары, сондай-ақ, «Ажар мен ажал», «Әр үйдің еркесі», «Қысылғаннан қыз бол­дық», «Жаралы гүлдер», «Қызым, саған айтам», «Қос анар», «Өліара» драмалары арқылы қалың қазаққа танымал болған жазушының шы­ғармашылық жолын, қол жеткізген табыстарын, межелеген белестерін өскелең ұрпаққа ұлық­­тауға арналған іс-шараны фил­о­логия ғылымдарының докторы, про­фессор, Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық универ­си­­те­тінің проректоры Дихан Қам­забекұлы жүргізді. Театр ша­­ңы­рағында зиялы қауым өкіл­­де­рі, ақын-жазушылар, қоғам қайрат­керлері дарын иесі туралы есте­ліктер айтып, оның келер ұр­паққа мұра етіп қалдырған шы­ғар­малары төңірегінде ой бөлісті. Халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы өмір жолының қаламгермен тоғыс­қан тұстарында рухани достық­тарының бауырмалдыққа ұласқанын айта келе, қаламгердің ақтық демі таусылғанша әдемі­лікке құштар болғанын, ұлтжанды азамат, өр рухты өжет бітімді тұлға екендігін атап, «Сағындым Сері ағаны» атты жазушыға арналған өлеңін оқып берді. Ал шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының дирек­торы Ербол Тілешов қаламгердің көзі тірісінде де жоғары дәреже­ге ие болғанын айта келіп, жазушыға деген құрмет күшінің қазіргі таңда да әлсіремегенін, себебі, артынан ерген ұрпақтары дарын иесінің есімін өлтірмей мәңгіге сақтап қалатынына сенімін білдірді. Іс-шараның келесі бір бөлі­гінде Сәкен Жүнісовтің «Қы­сылғаннан қыз болдық» драмасы театр әртістерінің сахналауында көрініс тапты. Актер Ерболат Жасұлан, Есен Нұрсұлтан және Боранбай Молдабаев коме­диялық рөлдерін шебер сомдап, көрермендерді өткен күннің мұңлы естелігінен арыл­тып, қыран-топан күлкіге кенелтті. Сондай-ақ, шарада Қайрат Байбосынов, Ерлан Рысқали сынды елге танымал әншілер «Ақан сері-Ақтоты», «Райхангүл», «Балқадиша», «Маңмаңгер», «Құлагер» және басқа да сырлы да сазды әндерді орындап, жиналған қауымға тамаша әсер сыйлады. Зиялы қауым, БАҚ өкілдері, соғыс және еңбек ардагерлері, тіл жанашырлары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары, студенттер мен мектеп оқушы­лары қатысқан игі шарада қалам­гердің өміріне байланысты режиссер Болат Ұзақов түсірген фильмнен үзінді көрсетіліп, жазушының кітаптарынан көрме ұйымдастырылды. Назым ҚАЙРАТ. Астана.