Қостанай қаласының әкімі ауысты. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов Қостанай қаласының мәслихаты депутаттарының келісімімен қала әкімі етіп Ахмедбек Ахметжановты тағайындады. Ахмедбек Масақбайұлы осыған дейін облыс орталығының іргесіндегі Қостанай ауданын басқарған болатын. Аудан көрсеткіштері бойынша облыс аудандары арасында алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ол өзіне білдірген сенім үшін рахмет айтты және қала активімен тіл табыса отырып, өмірлік бастамаларды бірге жүзеге асыру үшін білімі мен білігін аямай қызмет ететініне сендірді.
Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ғауез Нұрмағамбетов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің инспекторы қызметіне тағайындалды. Ол қала әкімі болған кезде Қостанайды көркейтуде үлкен жұмыстар атқарылды.
– Облыс орталығы – күрделі механизм, оны Ғауез Торсанұлы абыройлы басқарды, – деп атап өтті облыс әкімі. Ал Қостанай ауданының тізгінін Тәуба Исабаев ұстады. Ол оншақты жыл облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары болып істеген.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.