• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Жапония – Грекия 0:0

334 рет
көрсетілді

АСТАНА. 20 маусым. Бүгін таң алдында Наталдың «Арена дас Дунас» стадионында аяқталған Жапония мен Грекия құрамаларының кездесуінде әлем чемпионатындағы төртінші тең ойын және екінші 0:0 деген есеп тіркелді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Жапония – Грекия 0:0. 20 маусым. Натал. «Арена дас Дунас» стадионы. 39 485 көрермен. Төреші – Хоэль Агилар (Сальвадор). Жапония: Эйдзи Кавасима, Ацуто Утида, Мая Йосида, Ясуюки Конно, Юто Нагатомо, Хотару Ямагути, Макото Хасебе (Ясихито Эндо, 46), Синдзи Окадзаки, Кейсуке Хонда, Есито Окубо, Юя Осако (Синдзи Кагава, 57). Грекия: Орестис Карнезис, Василис Торосидис, Костас Манолас, Сократис Папастатопулос, Хосе Олебас, Яннис Фетфацидис (Георгиос Крагунис, 41), Яннис Маниатис, Костас Кацуранис, Панайотис Коне (Димитриос Салпингидис, 81), Георгиос Самарас, Костас Митроглу (Теофанис Гекас, 35). Ескертулер: Макото Хасебе (12) – Костас Кацуранис (27), Георгиос Самарас (55), Василис Торосидис (89). Қуылу: Костас Кацуранис (38). Бірінші турда ұтылыста ұшыраған екі команданың бұл күнгі жекпе-жегі оншалықты тартымты бола қойған жоқ. Мұндағы мәселе тіпті қақпаларға доп түспегенінде ғана емес. Дегенмен, жапондарды да, гректерді де тартынып ойнады деп кесіп айта алмасақ керек. Біздіңше, екі жақ та қолдарынан келгендерін істеп баққан сияқты. Бірақ сонда да ойын сүреңсіздеу болып өрнек түзді. Әйтпесе осы кездесудегі жеңіс самурайларға да, элладалықтарға да ауадай керек еді. Командалар өздерінің ойын сөреден шыққан кезеңін барынша мұқият өткізді. Қарсыластар сол абайлап басқан қимыл-әрекеттің барысында бір-бірлерінің айып алаңдарына бірнеше рет баса-көктеп кіріп те жатты. Алайда, ұжымдарға бұдан тиімді қорытынды шығарудың реті келе қоймады. Сондай жорықтардың бірінде гректерге бұрыштама берудің сәті түсті. Әйткенмен, допқа жалпы жапондар көбірек егелік етті. Альберто Дзаккеронидің шәкірттері ойын тізгінін өз қолдарына алып алғандарымен, оларға қарсы жақтың тығыз тұрғызылған қорғаныс дуалдарынан ары қарай аттап өту оңайға соқпады. Ал гректер «сәттілік кілтін» көбіне қарсы шабуылдардан іздеп тұрды. Солардың бірінде ежелгі элладалықтардың ұрпақтары есеп ашып та кете жаздады. Ол Панайотис Коненің жолдан іліп әкеткен добымен алаң ортасынан ағып өтіп келіп, шамамен 25 метр жерден дарбазаға дықаттап соққы жасауымен көрініс берді. Бірақ қақпашы  Эйдзи Кавасима мұндай соққыны қабылдауға әзір болып шықты. Көп ұзамай гректер қауіпті тұстан қақпаға қарай айып добын ұру мүмкіндігіне де қол жеткізді. Таймның экваторына таянған тұста жапондар тізгінді қайтадан өздеріне қарай тартып әкетті. Олардың бұл әрекеттеріне осыдан кейін гректердің команда капитаны Костас Кацуранистің екінші мәрте «сары қағаз» алу арқылы алаңнан қуылып кетуі отқа май құйғандай әсер етті. Осыдан кейін Күншығыс елінің ұландары өздеріне аса керекті жеңісті жұлып әкету үшін аянып қалған жоқ. Бұған Грекия футболшылары сауатты қорғана отырып, ұдайы қауіптің бұлтын өз айып алаңдары маңынан қашықтатып тұруға барынша күш салумен жауап қайтарды. Кездесудің екінші бөлігінде де осы ойын өзінің жалғасын тапты. Оның алғашқы минуттарынан ойыншыларының саны артық жапондардың көп күшпен шабуылға шығып тұратыны, ал гректердің тасқамал қорғанысқа тірек арта отырып, сирек бұрқ ете қалатын қарсы шабуылдарға сүйенетіні белгілі болып қалды. Соның пәтінде самурайлар жаппай жорыққа бас қойды. Алайда, олардың шабуылдарында өткірлік пен тапқырлық жетіспей жатты. Кіл бірөңкей жүйемен ұрған тасқынның бетін қайтару сондықтан элладалықтарға тым қиынға соққан жоқ. Мұны аз десеңіз, гректер қарсы шабуылдарды да жиі қолданып тұрды. Сондай сәттердің бірінде олар қатарынан үш рет бұрыштама добын берді. Фернанду Сантуштың шәкірттері сол ырғында Кавасима қорғаған қақпаны қақыратып өтуге де сәл қалды. Жапондар таймның ортасында ғана ойынды теңестіріп, қысым жасауын қайта жалғастыра бастады. Бірақ қарсы жақтың өте үйлесімді тұрғызылған қорғаныс шебін сетінетіп өтуге ақыры шамалары келмеді. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: Чемпионат.Ру. Фото:Sportbox.ru.