Астана қаласында Түркі академиясы Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) хатшылығымен бірлесіп ұйымдастырған «Түркі әлеміндегі экономикалық байланыс және интеграция» тақырыбындағы сарапшылар отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараның ашылу салтанатына Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Әзербайжан Республикасының бұрынғы премьер-министрі және бұрынғы сыртқы істер министрі Гасан Гасанов, Түркі академиясының президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институты Құқықтық және саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Автандил Арабаев, Түркия Республикасы коммерция және сауда министрлігі Сауданы зерттеу және тәуекелді бағалау бас директорының орынбасары Раиф Джан, Мажарстан Сыртқы істер және сауда институтының бас кеңесшісі Ласло Васа, Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығының аға маманы Фазлиддин Насриддинов және бауырлас елдердің елшілері қатысты. Екі күнге жоспарланған алқалы басқосу бауырлас мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайта түсу жолдарын қарастыруға арналды. Жиын барысында қатысушылар ТМҰ-ға мүше елдер арасындағы экономикалық әріптестіктің әлеуеті туралы пікір алмасып, Түркі әлемі экономикалық саясатын зерттеу орталықтарының ортақ желісін құру мүмкіндігін талқылады.
Сонымен қатар бауырлас елдердің сарапшылары ТМҰ-ға мүше елдердің Мемлекет басшылары қабылдаған «Түркі әлемі – 2040» стратегиясын жүзеге асыру мүмкіндіктері бойынша да ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Басқосудың ашылу салтанатынан кейін семинар жұмысы екі секция бойынша жалғасты.
Атап айтқанда, «Ұлттық дамудың басымдықтары және Түркі елдерінің экономикалық ынтымақтастығын тереңдету мақсаттары» атты бірінші секцияда сарапшылар қолданыстағы ұлттық стратегиялық құжаттарға сүйене отырып, алдағы бес жылдағы даму басымдықтарын таныстырды.
Түркі ынтымақтастығының маңызды бетбұрыс кезеңі 2021 жылы Ыстамбұлда өткен Мемлекет басшыларының саммиті болды, онда түркі әлемі – 2040 (Vision 2040) көзқарасы қабылданды және осылайша түркі елдерін нақты белгіленген ұзақ мерзімді мақсаттармен интеграциялау бойынша жүйелі жұмысқа жол ашылды. 2022 жылы Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері Ұйымының 9-шы саммиті осы оң серпінді одан әрі нығайтты және түркі мемлекеттерін ұйымдастырудың 2022-2026 жылдарға арналған стратегиясын қабылдады, бұл Түркі әлемі-2040 көзқарасын іске асырудың алғашқы қадамын белгіледі.