• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 20 Ақпан, 2023

Шетел асқан қаржы: иесі мен жүйесі

537 рет
көрсетілді

Былтыр маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Осы сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шетелге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторына талдау жүргізіп жатыр. Жақында қадағалаушы орган «Jusan» банкіне қатысты мәлімдеме жасады.

Бас прокуратура не дейді?

Бас прокуратура таратқан хабар­ламаға сүйенсек, Алматы қаласы­ның Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен «Jusan Technologies Ltd» арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрис­дикцияларға беру туралы мәмі­лені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қоз­ғаған. Талдау барысында «Jusan» тобы­ның активтерін басқару құры­лымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталып отыр.

«Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзыреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде «Jusan» тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген «Jusan Technologies Ltd» компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғам­дық мүдделерге, оның ішінде Назар­баев университеті мен Назар­баев зияткерлік мектептерінің он­даған мың қазақстандық студенті мен оқу­шысының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі «Jusan» тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталған оқу орындарын қаржыландыру көз­дерінің бірі. Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бір­қатар субъектінің құқыққа қарсы әре­кет­терінің салдарынан «Jusan» тобы шетелдік мемлекеттер азамат­тары­­ның бақылауына өтіп кету факті­лері бойынша прокурорлық қада­ға­­лау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түсті. Прокуратура органы әділет­тілікті қалпына келтіріп, «Jusan» тобы­ның активтерін басқаруды Қазақ­станның құзырына қайтаруды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар атал­ған талап арыз «Jusan Bank»-тің жұмы­сына қатысты емес, яғни оның ағым­дағы қызметіне, сондай-ақ банк­тің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы «Jusan Bank»-тің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмы­сын жалғастырады», делінген ресми хабарламада.

 

Көп күттірмеген жауап

Ресми хабарлама «Jusan» тобы бас­шыларының құлағына бірден жеткен болуы керек, «Jysan Holdings» халықаралық акционер­лері Қазақ­станды сотқа беретінін мәлімдеді. Олар Қазақстан үкіметін «компанияның активтерін тартып алу үшін заңсыз әдістер – тәркілеу мен қорқытып-үркіту науқанын жүргізді» деп айып­тады. «Jysan Holding» компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына берген шағымында: «Өзінің және үкіметке қатысы бар тұл­ғалардың жеке бас пайдасына ком­па­нияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді. Қорқытып-үркіту, қолдан жасалған сот үдерістері, қылмыстық және азаматтық іс қозғау, және активтер мен «Jusan» тобы иелік ететін «Jusan Bank» заңды түрде бөлуді жоспарлаған 387 миллион доллар көлеміндегі дивидендті заңсыз бұғаттау арқылы «Jysan Holding» және «New Generation Foundation» қоры мен «Jusan» тобына кіретін өзге еншілес ұйымдардың активтерін заңсыз жолмен басып алмақ болды», деп мәлімдеген.

«Jusan Technologies Ltd» – АҚШ-тың Невада штатында тіркелген компания. Ол – біздегі «Jusan» банкінің қожайыны. Ал «New Generation Foundation» қоры – «Jysan Holding» компаниясының жалғыз меншік иесі. Еліміздің Бас прокуратурасының мәлім­демесінде «Назарбаев уни­вер­ситетінің» тілге тиек етілуі бекер емес. «Аталған қор Қазақстан­дағы Назарбаев университеті мен Назарбаев зият­керлік мектептерінің тұрақты жұ­мысын қамтамасыз ету үшін құрыл­ған. «Jusan» тобының қаржысы бұғат­талса, Батысқа бағыталған білім беру ұйымдары қаржы қолдауынан айырылады», делінген «Jysan Holding» баспасөз хабарламасында.

 

Шетелдегі активтердің есебі қандай?

«Jusan» тобына қатысты мәселе – шетелге заңсыз шығарылған актив­терді қайтарудың бір көрінісі ғана. Одан басқа, шетел асқан ұлттық бай­лық­тан есебі бір Құдайға ғана аян. Былтыр отандық ірі бизнес өкіл­дері­мен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық байлықтың тең жартысы 162 адамның «уысында» екенін айтып, сыртқа заңсыз шыққан қаржыны, активтерді қайтару жөнінде жүйелі жұмысты қолға алу керектігін тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің айтуынша, өкілетті орган былтырдан бері шетелдегі қаржыны қайтару бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесі жаман емес. Белгілі болғандай, 2022 жылы 600 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет қазынасына қайтарылыпты. Шетелдегі қаржыны қайтару оңай шаруа емес екенін ескерсек, бір жыл­дың ішінде осыншама қаржының қайтарылуы үлкен жұмыстың нәти­жесі деуге болады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да белсенді жалғасып жатқанын аңғарған да шығарсыз. Агенттік ұсынған мәліметке сүйенсек, тергеп-тексерген қылмыстық істерде елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталған. Мемлекетке қайтарылған заңсыз иеленген мүлік активтері мен қаражаттың негізгі бөлігі ауыл мектебінің құрылысын аяқтауға жұмсалып жатқан көрінеді.

Бас прокуратураның бастамасымен шетелге кеткен капиталды елге қайтару бойынша жұмыс топтары құрылғаны белгілі. Бүгінде 70-ке жуық мемлекетпен құқықтық көмек көрсетуге екіжақты шарт қарас­ты­рыл­ған. Оның ішінде, Конвенция да бар. Бұл мемлекеттердің қойып отырған басты шарты – табылған мүлкі, қаражаты болса, оны қайдан алға­нын дәлелдеу. Осы ретте Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі өзге мемлекеттерге «қар­жылық тергеу» бойынша байланыс жасауға ниетті. Қаржылық тергеудің мерзімі жоқ. Ақша табылғанша және қайтарылғанша тергеу жүргізіледі. «ГРЕКО сияқты ұйымдардың Қазақ­станға қойған талаптарын орындайтын болсақ, біз тікелей коррупцияға қарсы қылмыстық қудалау Конвенциясының мүшесі бола аламыз. Оған мүше болсақ, бізге барлық есік ашылады. Барып, тергеу жүргізе аламыз. Конвен­цияға, шарттарға сүйеніп, сыртқа кеткен бүкіл заңсыз қаражатты қайтаруға толық мүмкіндік бар», дейді сарапшылар. Шетелдегі активтерді жедел елге қайтарғымыз келсе, осы сияқты өзге мемлекеттермен байланыс тетіктерін пысықтау артық етпейтін сияқты.