– дейді Орал қалалық қылмыстық атқару инспекциясының аға инспекторы Мереке Батырқайырова
Сотталғанның да құқы бар. Егер ол орындалмайтын болса, онда заңымызға, қоғамымызға үлкен сын. Алайда, қылмыстың да қылмысы, қылмыскердің де қылмыскері бар. Мүлдем түзетуден немесе түзетілуден кеткендердің бетін бері қарату оңайға тие қоймас. Ал қоғамнан аластатылмай сотталғандардан түңіле берудің де еш реті жоқ. Бүгінде оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету ісі айрықша мәнге ие. Біз осындай ізгі бағытты ұстанып келеміз, деді «Егемен Қазақстанның» облыстағы тілші қосынына арнайы келген Орал қалалық қылмыстық атқару инспекциясының аға инспекторы Мереке Батырқайырова.
Жақында Ақтау қаласында осы мәселенің мән - жайы мен бүге - шігесін түсіндіру мақсатында Батыс өңірлік семинар өткізілді. Онда Қылмыстық атқару жүйесі кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты тиісті ұсыныстар енгізу қажеттілігі айтылған. Аталған заң алдағы 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енбек. Оның алты жүзден астам бабына өзгерістер мен толықтырулар жасалмақ. Семинардың басты мақсаты – пробация қызметін тереңдетуден туындайтын міндеттерге арналған.
Біз өз тарапымыздан бұл өте орынды мәселе екенін, әрі сотталғандар да қоғамымыздың бір мүшесі болатынын айтып, жүйедегі жаңа өзгерістерге тілекші екенімізді жеткіздік.
Бір сөзбен айтқанда, пробация қызметі дегеніміз – сотталғандарға кешенді әлеуметтік - құқықтық көмек көрсету. Мұндай өзгерістер біздің қоғамымыздың ізгілік сипатын тереңдете түседі. Сондай-ақ, мұндай қадамдар қылмыстық атқару жүйесінде қызмет жасап жүрген бәріміздің көкейімізде жүрген ойды да дөп басады. Біз оны жүргізуге толық мүдделіміз. Пробация қызметінің тиімді болатынына күмән келтіре алмаймыз. Мұның басты шешімі – сотталғандарды тиісті қызметпен қамту, – деді одан әрі М.Батырқайырова.
Оның мәлімдеуінше, түсіндіру семинарында бұл мәселеге байланысты сан алуан ұсыныс, пікірлер айтылған. Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің Ақтаудағы басқосуында Батыс өңірдегі құрылымдар қызметіне салыстырмалы түрде баға беріліп, оған қатысушылар өздерінде бар тәжірибелерді әріптестерімен бөлісіпті. Ал пробация қызметіне қатысты айтылған ұсыныс, пікірлер Қылмыстық атқару жүйесі комитеті басшылығының назарына ұсынылды.
«Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.