Қазақстан елшісі Данат Мұсаев Испания Сенаты Сыртқы істер комитетінің төрағасы, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА) Төрағасының орынбасары Антонио Гутьерреспен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар 2023 жылдың 19 наурызында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісіне кезектен тыс сайлауға баса назар аудара отырып, екіжақты парламенттік қатынастардың күн тәртібін талқылады.
Қазақстан елшісі ҚР Парламентінің төменгі палатасына сайлау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалар циклінің логикалық қорытындысы болып саналатынын атап өтті.
Жиын барысында А.Гутьеррес еліміздегі ішкі саяси үдерістерді жоғары бағалап, ЕКПА төрағасының орынбасары, жалпы парламентші ретінде Қазақстан басшылығының саяси реформаларын құптайтынын жеткізді.
Сұхбаттастар екіжақты парламентаралық дипломатияны одан әрі нығайтуға келісті. Д.Мұсаев А. Гутьеррестің жақын арада Испания Сенатының Сыртқы істер комитетінде сөз сөйлеуге шақыруын қабылдады.