• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Маусым, 2014

Өңір басшысы ауысты

226 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапарымен Қарағандыда болды. Облыс­тық мәслихаттың кезектен тыс ХХV сессиясына қатысқан Н.Нығ­ма­тулин депутаттарға Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібековтің өңір басшысы лауазымына канди­датурасын ұсыну туралы хатын оқып берді. Халық қалау­лылары Елбасы ұсынысын бірауыздан қолдап, дауыс берді. Сессиядан кейін облыс активі өтті. Президент Әкімшілігінің Бас­шысы оған қатысушыларды Пре­зидент Жарлығымен тағайын­далған облыстың жаңа әкімімен таныстырды. «Нұрмұхамбет Қа­напияұлы – бірқатар мемлекеттік жау­апты қызметтер атқарған білікті, тәжірибесі мол маман. Ол еліміздің үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасын іске асырудағы ұйым­дастырушылық қызметте өзінің қарым-қабілетін таныта алды. Мамандығы кенші-инже­нер ретінде өнеркәсіп саласын жақсы біледі. Бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары міндетін атқарды. Өзіне де, өзгеге де талапшыл», деді Н.Нығматулин. Облыстың бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевтің өз еркімен қызметінен босату жөніндегі өтінішін Президенттің қабыл алға­нын жеткізді. Актив жиынында сөз алған ай­мақтың жаңа басшысы Нұр­мұ­хамбет Әбдібеков Елбасы сенімін ақтауға, аймақтың экономикасын одан әрі дамытуға күш-жігері мен білімін аянбай жұмсайтынына сендірді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды.