Кейінгі жылдары Қазақстан әуежайларында қару-жарақ, травматикалық қару, атыс қаруы мен патрондарды, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды, газбен атылатын қаруларды, оқ-дәрілерді алып өту фактілерінің пайыздық мөлшері артып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы қаласы Авиациялық көлік прокуратурасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының аумағында қару-жарақ айналымы «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңы, «Жолаушыларға азаматтық әуе кемелерінде тасымалдауға тыйым салынған қауіпті заттар мен бұйымдардың, сондай-ақ есірткінің барлық түрлерінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің №317 қаулысы және өзге де заңдармен реттеледі», делінген прокуратура хабарламасында.
Тыйым салынған заттардың тасымалы үшін көзделген жаза түрлері:
ӘҚБТ Кодекстің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалы - 20 АЕК айыппұл; ӘҚБТ Кодекстің 484-бабы «Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу» - 10 АЕК айыппұл; ҚР ҚК 287-бабына сәйкес «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 5 000 АЕК айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.