• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өндіріс 22 Ақпан, 2023

Пальма майына тәуелділіктен қалай арыламыз?

401 рет
көрсетілді

Агроөндірістік кешеннің бірі саналатын май өнімдеріне сұраныс артқан сайын, оған қойылған баға да үздіксіз шарықтау үстінде. Май өнімдерін өндіруде оны дайындау құрамы, тасымалдау мен сақталуы қалай жүзеге асады? Қазақстанда 23 млн гектардан тұратын егістік көлемінің 3 млн алқабына майлы дақылдар егіледі. Бұл аумақ Орталық Азия елдеріндегі аталған егістіктің 90%-ын құрап отырған көрінеді. Елімізде осы өнімді өңдейтін ірілі-ұсақты 52 кәсіпорынның жылдық қуаты 2 млн тоннадан асады. Сөйте тұра кейбір қажетсіз май өнімдерін сырттан сатып алу отандық өндірушілердің көңілін көншітпейді.

Таяуда май өндіруші компаниялардың өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде 2018 жылға дейін қолданыста болған маргарин мен спредтердегі гидрленген майлардың құрамы туралы техникалық регламентті кері қайтару жөнінде ұсыныс жасады. Кәсіпкерлер техникалық регламент қайта қабылданса, қазақстандық майлы дақылдарды өн­ді­ру­­шілердің ішкі нарықтағы ұста­нымы нығайып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігі жақсарар еді деген пікірде. Бұл ретте «Мұнай және май өнеркәсібі кәсіп­орын­дары» қауымдастығының басшысы Павел Селиванов 2018 жылға дейін маргариндегі гидр­ленген майлардың үлесі 20%-ға, спредтерде 8%-ға жет­кен­дігін, енді мұндай майлардың үлесі қолданыстағы техникалық регламентке сәйкес 2 пайыздан аспауы керегін айтып отыр.

Қазір Қазақстанда өндірілетін күн­ба­ғыс дәні мен рапс тұқымын пайда­ланудағы гидр­ленген майлар импорттық пальма майымен алмастырылып жатыр. Елімізде жүргізілген ғылыми зерттеулерге сәйкес, пальма майы зиян­ды өнім екен­дігі анықталған.

«Әлемдік нарықта пальма майын өн­діре­тін Индонезия мен Малайзиядан басқа елдер сияқты біз де сатып аламыз. Оны гидрленген майлармен алмастырып, елімізде өндіруге болар еді», деген сөзді айтады қауымдастық басшысы.

Мамандар пальма майын сақтауда, та­сы­мал­дауда және технологиялық өң­деу кезінде дұрыс қолданылуы қажет екенін, белгіленген нормадан тыс бұзыл­ған жағдайда құрамында адам ден­сау­­лығына қауіп төндіретін зиянды заттардың әсерінен глицидил эфирі пайда болуы мүмкін екенін айтады. Бұл кон­дитерлік өнімдерде, балмұздақтарда, йогурт пен балалар тағамынан басқа май және сүт өнімдерінде кездеседі.

Осыған орай, Еуразиялық экономи­калық комиссия (ЕЭК) тамақ өнімде­рін­де, әсіресе, пальма майында май қыш­қылдарының глицидил эфирлерінің шекті рұқсат етілген деңгейі жөнінде тех­никалық регламентті қайта қарас­ты­рып жатыр. Былтыр жыл соңына қарай, «Спутник» халықаралық ақпараттық агенттігінің Мәскеу – Бішкек – Минск – Ереван – Астана қалалары бағытында өткізілген азық-түлік қауіпсіздігі тура­­лы бейнекөпірі барысында ЕЭК Тех­­ни­калық реттеу және аккредиттеу депар­та­менті Техникалық реттеу және стандарттау бөлімінің басшысы Андрей Полозков Кедендік одақтың «Азық-түлік өнімдерінің қа­уіп­сіздігі туралы» (КОТР 021/2011) тех­­никалық регламентіне сәйкес, №1 және №4 түзету жобаларының қо­ғам талқылауынан өткенін айтты. Оның ішінде «Мамандандырылған тағам өнім­дерінің жекелеген түрлері, диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақ­танудың қауіпсіздігі» туралы (КО ТР 027/2012) комиссия өз бас­та­ма­сы­мен аталған құжатқа тағам өнім­де­ріндегі май қышқылдары глицидил эфирлерінің нормаларын енгізуді ұсынған. Қазір техникалық регламент бойынша міндетті талаптарды белгілеу жұ­мыстары жүргізілуде. Тәжірибеге сүйен­сек, техникалық регламенттерге өзге­рістер енгізу үшін бір жарым жыл қажет. Қоғамдық талқылау нәтижесінде бизнес өкілдері мен уәкілетті органдардан көптеген ескерту мен ұсыныс келіп, комис­сияның талқылауына енгізілді.

Отандық сарапшылар жергілікті шикізаттан алынған гидрленген майларды қолдану арқылы Қазақстан өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін­дігіне назар аударып отыр дейді. Өткен жылы Ресей бұл өнімді экспорт­тауға тыйым салғандықтан еліміз­де­гі қант тапшылығына қатысты жағ­дай­дың биыл да қайталануына жол бермеу маңызды. Сондай-ақ пальма майы­на сұраныстың төмендеуі инфля­ция­лық тәуекелдерді азайтады. Өйткені пальма майы шетелдік валютаға сатып алы­на­тын­дықтан, оның үстіне көр­ші ел­дер­дегі геосаяси жағдайдың шие­­ленісуіне байланысты гидрленген майлардың орасан зор мөлшері ел нары­ғына өткен көрінеді.

«Кейбір теңіз порттарының Ресейге кіруіне, КСРО кезінде де ресейлік зауыт­тарда гидрленген майларды өндіруге ар­налған кәсіпорындардың жұмыс іс­те­уіне байланыс­ты, болашақта ең алды­мен қазақстандық нарықты қорғау үшін Ресейге қатысты қандай да бір про­тек­цио­нистік шараларды енгізу қажет. Ре­сей жыл сайын шамамен 6 млн тонна күн­бағыс өндіріп, оның 3 млн тоннасын ғана тұтынса, осы дақылға экспорттық әлеуеті 5 млн тоннаны құрайды. Жалпы, бұл елдегі барлық майлы дақылдар өнімі 20 млн тоннаға жетеді. Сонымен еліміздегі май және май өнімдерін өндіру нарығына қатысушылар 2018 жылға дейін қолданыста болған техни­ка­лық регламентті қайтару жөнінде қа­зіргі таңда Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігімен келіссөз жүргізіп, шешім қабыл­д­анғаннан кейін аталған ведомс­тво регламентті Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне, одан кейін ЕЭК-ке ұсы­на­ды», деді П.Селиванов.

Сарапшы анықтаған тағы бір мәселе – Қазақстан теміржолындағы жүктің шектен тыс тасымалдануы. Отандық кәсіпорындар Өзбекстан мен Қытайға мұнай экспорттауда, соған сай жүктерді теміржол арқылы тасымалдау кезіндегі орын алған олқылықтарға байланысты жүк жеткізу жоспары бекітілуі керек­ті­гін айтты.

«Майлы дақылдарды қайта өңдеу­шілер» ұлттық қауымдастығының бас­қарма төрағасы Ядықар Ибрагимовтің айтуын­ша, егер құны жоғары қазақстан­дық май және май өнімдеріне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стан­дарттар әзірленсе, онда бұл ауыл шаруа­шылығы саласындағы тауар өнді­ру­шілердің де дамуына оң әсер етер еді.

«Келешекте майлы дақылдарды өң­деу­шілер май және май өнімдерін терең өңдеу бо­йынша өндірістің қуаттылығы жаңа деңгейіне көтеріліп, экспорттық әлеуетті арттырары хақ. Осылайша, біз пальма майына импорттық тәуелділікті және Қазақстандағы азық-түлік тапшы­лы­­ғының ықтимал тәуекелдерін азайта аламыз. Жыл сайын Қазақстан теміржо­лындағы мәселе бір жүйеге келер емес. Он­да­ғы басты түйткіл – өнімді экспорттау жос­­парының сәйкессіздігі мен вагондардың же­тіс­­пеушілігінен туындап отыр. Оның үстіне темір­жол инфрақұрылымы да жаңартылмаған. Сол себепті, ҚТЖ мұнай мен май өнімдерін ішкі нарыққа және экспортқа шығару үшін өз уақытында қабылдай да, жөнелте де алмайды», деді Я.Ибрагимов.