• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Ақпан, 2023

Тағы 1 миллион теңгеден беріледі

3623 рет
көрсетілді

Былтыр Аманқарағайдағы өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданының тұрғындарына тағы 1 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Өткен жылдың қарашасында Әулиекөлдің іргесінен бой көтерген «Бірлік» шағын ауданындағы жаңа үйлерге қоныстанған 27 отбасы таяуда күнкөріс қиындап, коммуналдық шығындарын өтей алмайтын жағдайда отырғандарын айтып көмек сұраған.

Бұл отбасылардың бәрі бұрын көк­тем­нен күзге дейін орманнан саңырау­құлақ, жеміс-жидек, неше түрлі емдік шөп жинап, қызыл қайың­ның жапырақтарынан монша сы­пыр­ғысын буып, оны қыс бойы жол бойында сатып нәпақа айырып келген. Алапат өрттен кейін үйреншікті кәсібінен айырылған тұрғындардың әрі қарай қайтып күн көреміз деп абдырап қалғаны рас.

– Үйімізге қоса, қора-қопсымыз бен азын-аулақ малымыз, ұстап отырған құсы­мызға дейін өрт жалмап кетті. Табы­сы­мыздан айырылдық. Бұған дейін берілген 5 млн теңгенің бәрін тұрмыстық қажетімізге жараттық. Киім-кешек, жиҺаз, ыдыс-аяқ сатып алдық. Әр отбасында 4-5 жан бар. Жығылғанға жұдырық дегеннің керін келтіріп, есепшотымызға ақша түсіп бәріміз жаппай жиҺаз сатып аларда кәсіпкерлер тауарларын қымбаттатып жіберді. Мысалы, бұрын 270 мың теңге тұратын диванды 370 мың теңгеге сатып алдық, дейді тұрғындар.

Коммуналдық шығындарын төлей алмаған тұрғындар таяуда жер­гі­лікті әкімдікке орман өртінен болған төтенше жағдайдың зардабын жою мақсатында ашылған «Қайы­рым­ды­лық KZ» қорынан қолдау қаржы бөлуді сұрап ұжымдық хат жолдаған. Аталған қорға былтырдан бері 1,3 млрд теңге көлемінде қар­жы түсіпті. Оның шамамен үштен бірі орманды қайта қалпына келтіруге кеткен. Жаңадан салынған «Бірлік» ша­ғын ауданын абаттандырып, инфра­құры­лымын жетілдіруге 123,7 млн теңге қаржы жұмсалған. Ал өрттен зар­дап шеккен адамдарға материал­дық көмек ретінде 355,5 млн теңге төленген.

– Бүгінге дейін 152 адам 1 млн тең­геден алды. Бұл қаражатқа шығын­да­рын өтеуге ертерек өтініш жазған тұрғындар ие болды. Қазір тағы 27 адамның өтінішін қарап жатырмыз, деді қор өкілі Гүлмира Қапенова.

Көктемге дейін көмектесе тұруды сұраған «Бірлік» тұрғындары күн жылысымен жұмыс тауып, өз күнімізді өзіміз көріп кетеміз дейді.

 

Қостанай облысы