• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 23 Ақпан, 2023

Бюджетаралық қатынастарды теңестіру

464 рет
көрсетілді

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге «Бюджетаралық қатынастарды жаңа тәсілдерді ескере отырып қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өңіраралық диспропорциялар қазіргі кездегі маңызды және басты мәселелер­дің бірі болып табылатынын айта келіп, Мемлекет басшысы заңнамалық деңгейде бюджетаралық қатынастарды теңестіру үшін түбегейлі реформалауды тапсырғанын атап өтті.

– Бізге Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру туралы ауқымды міндет қойылып отыр. Бұл – ең алдымен, бюджетаралық қатынастары­мыз­дың халқымыз үшін кепілдік беретін мемлекеттік қызметтердің қажеттіліктеріне шын мәнінде жауап беруі және бүгінгі таңдағы өңірлерді дамытудағы диспропорцияларды барынша азайту, – деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин сенаторларға өңір­лердің кіріс базасын кеңейту жөнін­де жүргізілген жұмыстар туралы айтып берді. Осылайша, 2023 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге салық түсімдерінің қосымша түрлері тапсырылды. Бұл – 2025 жылға қарай өңірлердің кірістерінің өсімін 47 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Юлия Энгель баяндамасында саланың негізгі мәселелері: жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен субвенцияларды пайдалануына мониторинг және бақылау тетігінің болмауы, бюджетаралық трансферттерді бөлу тетігінің ашықтығы және басқа да мәселелер туралы айтты. Ол осыған байланысты жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу функцияларын автоматтандыруды ұсынды. Бұл – бастапқы деректерді, көрсеткіштер мен коэффициенттерді пайдалануға әсер ететін «адам факторын» азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов, Солтүс­тік Қазақстан облысы әкімі­нің бірін­ші орынбасары Марат Тасма­ған­бетов және Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің өкілі баяндама жасады.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов дөң­гелек үстел жұмысын қорытындылай келіп, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөніндегі жұмыстың жал­ғасатынын айтты. Сонымен қатар кез­десу барысында бірқатар ұсыныс беріл­генін және олардың кейін жаңа Бюджет кодексін әзірлеу жөніндегі жұмыстар аясында әзірленетінін және көрініс табатынын атап өтті.