• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2023

Айғожаның Қаратұзы

550 рет
көрсетілді

Жергілікті жұрт Айғожаның Қаратұзы деп атап кеткен ерекше көл Жангелдин ауданындағы Ақкөл ауылынан 22 шақырым жерде жатыр. Бір ғажабы, жазда Қаратұз алыстан кәдімгі аппақ қар сияқты болып сағымданып көрінеді. Ақкөл тұрғындарының айтуынша, көлдің аумағы шамамен жеті жүз гектардай болады. Тереңдігін біреулер 550 метр, енді біреулер 18 метр деп болжайды.

Ел аузындағы әңгімелер көлдегі тұздың қорын 6,5 - 7 млрд тоннаға дейін жеткізеді. Жазда қабыршықтанып мұз сияқты болып қатып жататын тұздың беті кез келген ауыр техниканы көтереді.

Көлдің әр жерінде аумағы әртүрлі болып келетін үлкенді-кішілі шұңқыр көп. Кәдімгі та­биғи ванна сияқты. Келген жұрт осы шұңқырлардағы тұз­ды суға шомылып емделеді. Қысымы жоғары болғандықтан, суға түскен адам батпайды. Қара­тұздың басына жылына шамамен 5 мыңдай адам келіп, апталап жатып ем алып, демалып кетеді екен.

– Инвестор іздеп жатқа­нымызға біраз жыл болды. Келгісі келетін кәсіпкерлер бар, бірақ көбі жолдың шалғайлығынан, инфрақұрылымның жоқтығынан тайсақтайды. Көлдің тұзын айт­пағанда, суының өзі тері аурула­рына, жараға, түрлі дертке ти­гізер шипасы мол. Былтырдан бері Ақкөлге қарай жол салына бастады. Жол құрылысы биыл да жалғасады деген үміттеміз. Бұл шалғай ауыл үшін ең маңызды нәрсе ғой. Ақкөлге 11 шақырым жетпей шипалы ыстық суымыз бар. Арғы жағында да тарихи көне ескерткіштер көп. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы кесе­несінің өзі неге тұрады? Осының бәрінің басын қосып жосықты жоба жасап, тарих тұнған өңірде агротуризмді дамытар болсақ, сол жергілікті жердің өнімі өтеді. Келген адамдар осы елдің бұқпасын, етін, бауырсағын жеп, қымызын ішеді. Солар тұрғызған үйге жатып демалады, – дейді аудандық кәсіп­керлікті дамыту бөлімінің басшысы Сәуле Бақытжанқызы.

Кезінде Қаратұзды бірнеше мәр­те зерттеп, сараптама жүргізген геолог мамандар көлге йодталған дайын таза тұз тұнып жатыр деген қорытындыға келген. Жұрттың айтуынша, көлдің тұзы тоқсаныншы жылдарға дейін мал шаруашылығына да пайдаланылған. Тұзшылар әр малшыға бір-бір машинадан апарып аударып береді екен. Малшы оны қыстай малдың алдына қояды. Тұздың қотырға, аусыл­ға, неше түрлі ауруға ем-шипасы бар.

Кейін Қостанайдан келген кәсіпорын қаратұздың басында 5 жылдай тұз өндіріпті. Бірақ жер – шалғай, тұз – ауыр, логистика қымбат болғандықтан өндіріс орны жабылып қалған.

Жергілікті тұрғындар аталарымыз кезінде Қаратұзға түйе шөгеріп қотырын жазады екен, сона, шыбыннан қашқан жылқы да осы көлдің үстіне келіп тұрады дейді.

– Қаратұзға әсіресе короновирус індеті өршіп кеткен кезде жұрт қаптап кетті. Алдыңғы жылы көлге жақын жерде шөп шауып жүр едім. Төменгі Тағылдан екі отбасы келіп жатыр екен. Бірі – орыс, екіншісі – саха ұлтының өкілдері екен. Күн жанып тұр, бер жағындағы суға түсіп алып, жандарына бардым. Әлгі азаматтар сонау мың-мың жарым шақырым жерден жыл сайын келіп тұрады екен. 10 күн осында боламыз дейді. Аяғы ауырған екен, осы біздің ыстық суымыз бен тұзымыздан жазылыпты. Өзімнің білуімше, бұл тұздың ентікпеге, тамақ ауруларына шипасы мол. Қаратұздың бір түйірін құрт сияқты сорсаң, тамақтағы неше түрлі ауруды жоқ қылады. Мұны енді білмей отыр ғой. Әйт­песе, осы көлдің басына талай дәрігерлер де келіп-кетіп жүр ғой. Бұл – Орқаштың тұзынан да сапалы. Алдағы уа­қытта көлдің игілігін бүтін ел бо­лып көретін күн туатынына се­німдімін, дейді Ақкөл ауылының тұрғыны Манат Уәлин.

 

Қостанай облысы