• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 27 Ақпан, 2023

«Ұлттық мүдде» – рухани құндылықтар алаңы

1228 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев­тың қа­ты­суымен «Ұлттық мүдде» диа­лог ала­ңы­ның кезекті отырысы өтті. Іс-ша­ра «Әділетті Қазақстанның ор­­тақ құн­дылықтары» тақырыбына арналды.

Отырысқа қатысқан зиялы қауым өкіл­дері мен сарапшылар елімізде жүргізіл­ген қоғам­дық-саяси реформалардың нәтижелерін талқылады. Сондай-ақ Әділетті Қазақстан және интеллектуалды ұлт қалыптастыру барысындағы ұлттық құндылықтардың рөліне кеңінен тоқталды. Диалог алаңының жұмы­сын бастаған Мәулен Әшімбаев еліміз­де Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Конституцияға енгізілген өзгеріс­тер Әді­лет­ті Қазақстан құру жолындағы маңыз­ды қадамдар болғанын тілге тиек етті. Сенат төрағасы заң шығару саласын­дағы жаңа­шыл­­дықтарға да назар аударды. Соның аясында бүгінде Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде қалыптасып жатқаны белгілі.

– Әділетті Қазақстан дегеніміз – бірінші кезек­те, барлық салаға әділеттілік қағидатын енгізу. Осы бағыттағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік институттар мен азаматтық қоғамның күшін біріктіріп, әр істе ұлттық мүдде тұрғысынан саралап әрекет ету аса маңызды. Бүгінгідей сындарлы кезеңде ұлтты ұйытатын ортақ құндылықтарды дәріптеудің берері мол деп есептейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз сөзінде Палата спикері негізгі және халықтың мүддесі мен бүгінгі сұраныстарына сай келетін құндылықтар жөнінде айтты.

– Бүгінгі тақырып туралы сөз қозғаған кезде «біздің ортақ құндылықтарымыз қандай?» деген заңды сауал туындайды. Бұл тұрғыда әркім әртүрлі көзқарас ұстануы мүмкін. Бірақ негізгі қағидалар бойынша бәріміздің пікіріміз бір жерден шығады деп ойлаймын. Біздің қоғамды Тәуелсіздік, әділеттілік, татулық, білім, еңбек және өзара жауапкершілік сияқты құндылықтар біріктіреді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында ортақ құндылықтарды дәріптеудің тетіктері туралы да сөз болды. Қатысушы­лар ұлттық мүддеге табан тірейтін дұрыс құндылықтарды өске­лең ұрпаққа, жас­тарға насихаттау кезін­де жүйелі жұмыс жүр­гізу және тиімді жолын табу аса маңыз­ды екенін айтты. Одан бөлек, медиасарапшылар мен креативті индуст­рияның өкілдері контенттердің жаңа үлгісін және оларды таратудың заманауи тәсілдерін ұсынды.

Мәулен Әшімбаев талқылау барысында айтылған ұсыныстардың бәрі Сенаттың алдағы жұмысында ескерілетінін жеткізді.

– Әділетті Қазақстан құру бастамасы елдігіміз бен егемендігіміз үшін аса маңызды қадам. Оны іске асыру тек мемлекеттің ғана мін­деті емес. Бұл – бүкіл ұлт болып жұмы­ла­тын маңызды міндет. Осы жолда ортақ құн­ды­лықтарды қалыптастырып, оларды дәріптеудің ұтым­ды, заманауи тетіктері мен формаларын табудың мәні зор. Бұл бағытта зиялы қауым, ғалымдар, мемлекеттік органдар, креативті индустрия мен өнер саласында қызмет етіп жүрген азаматтар, қоғамдық ұйымдар бірлесіп, бәріміз бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін, – деген Сенат төрағасы барша қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін алғыс білдірді.

Диалог алаңының отырысына сенаторлармен бірге мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Ислам­­бек Салжанов, «Bilim Media Group» ком­пания­сының директоры Рауан Кенжехан­ұлы, медиасарапшы Мақпал Жұма­бай, мультипликатор, халықаралық кинофес­тивальдердің лауреаты Сақиолла Қасиет тағы басқа сарапшылар қатысты.

Талқылауда медиасарапшы Мақпал Жұ­ма­бай мәдени креатив индустриясын дамы­туға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.

– Еліміздегі креатив индустрияның басым бағыты болып отырған IT саласын мә­дени креатив индустриядан ажырата білу қажет. Қазір ІТ саласын дамытудағы озық тәжірибелерді креатив индустрияға қол­­дану арқылы оны барынша жылдам дамы­ту­ға мүмкіндік бар. Сәтті жүзеге асы­рыл­ған ІТ хабтар тәжірибесінің негізінде креатив хабтарды дамыту ұсынысы бар. Креатив хаб дегеніміз шығармашылық және зияткерлік әлеуеті айқын көріне­тін өнер мамандары шоғырланып, қайта­лан­бас интелллектуалдық туындылар жасайтын, қоғамды рухани өркендеуге бастайтын креаторлардың тамыр жаятын жері. Бұл жерде адамзатқа ортақ мәдени құндылықтар өмірге келеді, – деді өз сөзінде медиасарапшы.