Жанат Әскербекқызының жырлары санада естеліктер кенішін оятып, алысқа құлаш ұрғызады. Ақынмен «Миф-о-поэзия» кітабы жөнінде әңгімелесудің сәті түскен болатын.
– Әңгімені «Алып ана – Түкті ата» әпсана-поэмасынан басталықшы. Адам мен перінің байланысы, одан туған алып Едіге хақындағы жырда көрінбейтін әлемнің көп сыры баян етіледі. Поэманы жазуға не түрткі болды?
– Баба түкті Шашты Әзіз туралы аңызды білеміз, сүйегі Созақ жерінде жатыр. Алтын Ордаға әмірін жүргізген һәм тағына отырған Едіге – елдік үшін басын бәйгеге тіккен тұлға. Қарапайым халықтың бір ерекшелігі нағыз ерлердің өмірге келуінің өзін аңыз етіп жібереді. Жалпы, тұлғалар халық үшін, ұлы оқиғалар үшін, яғни бір үлкен миссияны атқару үшін дүниеге келеді. Қазақта Алпамыс батырдың, Қобыланды батырдың дүниеге келуінде де Баба түкті Шашты Әзіздің ізі бар. Қарап отырсақ, Баба түкті Шашты Әзіз – айрықша батырлардың дүниеге келуіне дәнекер болған үлкен тұлға. Едігенің жатқан жері туралы қазір өте көп даулы пікір бар. Едіге Ұлытау басында жатыр дейді бір деректе, онда шынында «Едіге биігі» деген жер бар, басына талантты аудармашы, қарымды қаламгер Кенжебай Ахметов ағамның бастауымен өзім де шықтым. Созақ жерінде, Маңғыстау жерінде де ұшырасады. Созақтағы жайына да тәу еттім. Маңғыстаудағы Едіге мазарына ақын Светқали Нұржан ағамызбен барып, тағзым еттік. Ал Атырауда, Жем-Сағыз өзендерінің бойында Алып ана, Түкті ата деген екі мазар бар. Міне, Едігенің ата-бабалары осылар еді дейді аңыз.
Қазақтың «Қырымның қырық батыры» деген кереметтей жыр циклі бар ғой, оның ең басында тұрған Аңшыбай батыр. Аңшыбай жетім болып, ел шетінде, көл жағасында тіршілік етіп жүріп, ақыры перінің екі қызына үйленеді. Аңшыбайдан туған ұрпақтардың бірі Баба түкті Шашты Әзіз дейді де, одан туған Құтлықиядан Едіге туады дейді. Бірақ кейбір аңызда Едігені тура Баба түкті Шашты Әзіздің өз баласы дейді. Анасы пері, атасы адам, осындай ерекше жұптан ғажайып ұл туады. Ақтөбе өңірінде шығармашылық сапармен болған кезімде бірінші назарымды аударған Едігеге қатысты осы оқиға болды. Алып ана мен Түкті ата екеуінің зираттарының бөлек болғаны – бірі адам нәсілінен, бірі пері болғандықтан бірге жерленбеген екен деседі. Аңыздағы логика, тұспал ерекше, оның бәрі тікелей баяндалмайды. Бұлар белгілі бір қалыпқа салынып, ишара-тұспалмен айтылады. Ұлттық көркем санадағы ерекшеліктердің бірі мистикалық бояумен, ғажайып тәсілмен беру болса, соның бір мысалы осы «Алып ана – Түкті ата» әпсанасы.
Елді басқаратын, елдікті ойлайтын, мемлекеттің іргесін нығайтуды жан-жүрегімен сезініп, санасымен түйсінетін азаматтар халық үшін қашанда қалаулы. Бұл туындыдағы негізгі кейіпкер елдікті сақтау жолында үлкен жауапкершілікті сезініп, басын ажалға тігіп күрескен әйгілі Едіге ғой. Халық Едіге бейнесі арқылы елдіктің туын ұстайтын азаматтардың көптеп тууын көксеген мұратын бейнелейді.
– «Миф-о-поэзия» кітабы бейнебір Алтайды кезген бақсының жыры секілді бағзыны еске салады. Әлем ақындарына көз жүгіртсек, Борхес, Йейтс, Бодлер, Эдгар По – бәрінде мифке, тылсымға құмарлық байқалады. Ақын мен мифті жақындастыратын не нәрсе?
– Жалпы, мифке көзқарас екі түрлі. Бірі – дүниені, жаратылысты тануға ұмтылған адамның талпынысы, адам баласының алғашқы дүниені түсінуі һәм ақиқат негізі. Екіншісі – миф ақиқатты теріс түсіндіру деп жатады. Мен бірінші жағындамын.
Америкалық жазушы Торнтон Уайлдер: «Миф дегеніміз – өзінің тарихын ұзақ ғасырлар бойы әңгімелеген халықтың арманшыл жаны» десе, неміс ойшылы Фридрих Шеллинг: «Миф дегеніміз – ежелгі поэзия, поэзияның ядросын баяғы мифтен іздеңіз», дейді. Ал италиялық ойшыл Джамбаттиста Виконың пікірінше, «Миф дегеніміз – ең ежелгі, ең алғашқы поэзия». Жалпы, поэзия ғана емес, өнердің барлығы да мифпен байланысты, содан бастау алады. Бүкіл ақиқат айқара ашылып көрінеді деп айта алмаймын, бірақ соны мифтен сезініп, түсінуіміз керек.
– Сократ: «Өзіңді таны», деді. Сіздіңше өзіңді тануды неден бастау керек?
– Сен өзіңнің ішіңде өзің жатырсың дегенді меңзесе керек бұл пайым. Ежелгі діни мәтіндерде, киелі деп саналатын баяндардың бәрінде бір мотив бар. Мартин Бубердің «Хасид аңыздары» кітабындағы бір хикаяның қысқаша баяны мынадай мазмұнда: краковтық (Краков – Чехиядағы қала) Эйсик атты бір раввин түс көреді. Түсінде оған Прагадағы көпірдің оң жағында бір қазына көміліп жатқанын, сол қазынаны қазып алсаң, кедейліктен құтылатынын айтады. Бұл түсті бірнеше рет көрген соң, Эйсик сонда баруға шешім қабылдап, Прагаға келеді. Келсе, ол жерді торуылдап қарауыл жүр екен. Діттеген жерге ене алмай көп жүреді, өйткені ол король жүретін жол болғандықтан үнемі күзет тұрады. Қарауыл оны байқап, не істеп жүргенін сұрайды. Сонда раввин түсінде оған осы жерде бір қазына барын, соны алсаң кедейліктен құтыласың деп айтқанын баяндап береді. Сөйтсе күзетші күледі де: «Мен де түс көргенмін, онда Краков қаласында бір адамның үйінде (раввиннің атын айтады), пешінің бұрышында қазына бар деп айтқан, мен түске сенбеймін», дейді. Эйсик күзетшімен сыпайы қоштасып, үйіне келіп, пешінің бұрышын қазады. Сол жерден қазына тауып, бүкіл өмірінде өзін кедейліктен құтқарған байлыққа кенеледі. Мұның астарында сен өзіңді тануың керек, бүкіл қазына өз ішіңде жатыр деген тәмсіл бар. Бірақ ол үшін міндетті түрде бір сапарға шығасың, азап шегіп, қиналуың мүмкін. Рухани кемеліңе келу үшін, өз ішіңдегі өзіңді, жүрегіңнің ішіндегі жүрегіңді табу үшін өзіңді зерделеу керек, әр адам – бір құндылық. Дәл осы оқиғаның сюжетін Пауло Коэльо «Алхимигінде» жаңғыртып, Сантьяго деген бақташы кейіпкерге түс көрсетеді. Сантьягоны түсіндегі нұсқаумен алыс сапарға алып шығады да іздеген қазынасын өзі мал баққанда келетін төбешіктен тапқызады...
Адам болмысында қаншама қатпар бар, оларды игеріп тұтына білу – адамның адамына тән.
Түсімде бір затты іздеп таппай жүремін. Оның зат емес, мүлде басқа нәрсе екенін санаммен түйсінемін... Бұл күй кез келген қолына қалам ұстаған адамда кездеседі. Өзіңді табу, өзіңді тану – адамдық мұрат осы ғой...
– «Туған айға түнімен мұң шағады
Сен кеткен соң құлазып қалған көшең», – дейсіз. Сіз өзіңіз жүрген көшеден, кездестірген адамдардан, өткен өмірден алған ең үлкен ғибратыңыз қандай?
– Жалпы, көше деген нәрсе – менің кеңістігім, менің сүріп жүрген өмірім. Сол көшемде жүрген қанша жақсылар кетті, қанша жастар кетті...
Жазушы Асқар Алтайдың алпыс жасқа толған кешінде болдым. Сол жиында жан-жағыма көз салып, үлкендеріміздің қатарының селдіреп қалғанына құлазыдым. Қарап тұрсам, осындай жерде бір кезде Әбіш аға, Рымғали аға, Әнес аға, Фариза апа, Ақселеу аға, Есенғали аға, басқа да жақсы-жайсаңдарым жүретін. Бәрі жоқ бүгін.
Бұл өлеңді нақты біреуге арналды деп айта алмаймыз, бірақ қимастарыңнан айырылып, өмірдің жалғандығын сезініп, санаңды солқ еткізетін нәрсе болады. Лилия Серғазы деген әдебиеттанушы сіңілімізбен бірге жұмыс істедім, сол әріптесім ауырып қайтыс болды. Сол кезде көңіл күйдің ауанымен, мұң-сазымен жазылған өлең болатын.
Мен жүрген кеңістікте жақсы да болды, жаман да болды. Жақсыдан да, жаманнан да ғибрат ала білу керек. Егер мықты болсақ, өзіміздің ой-ниетімізді дұрыс тәрбиелей алсақ, өзіміз іздеген қазынамызды игеруге талпынысымыз болса, өмірдің екі жолағынан да ғибрат алуға болады. Қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейді. Біз Чеховтың «құндақтағы адамы» емеспіз ғой?
Иә, жамандық, көрген зәбір біраз уақыт есте жүрер, бірақ көбіне жақсы адамдармен жүргенімді мақтан тұтамын, олардың шарапатын ұмытпауға, жақсы істерінен үлгі алуға тырысамын.
– Өміріңізде тапқаныңыз көп пе, жоғалтқаныңыз көп пе?
– Мифологияда өмірді күн мен түннің, жарық пен түнектің, ақ пен қараның, жаз бен қыстың бірлігі әрі күресі деп түсіндіреді. Қазақ ертегісіндегі Жақсылық пен Жамандық, мысыр мифологиясындағы Гор мен Сет, үнділердің Хари-Харасы (Вишну мен Шива) – осындай қайшылық бірлігінің символы. Ақ пен қараның қайшылықты одағынан тіршілік жаратылады. Егер қарама-қайшылықты тоқтатып тастаса, даму болмас еді. Алғаным да көп, жоғалтқаным да көп, жақсылығы да көп, жамандығы да көп, өйткені өмір ғой бұл. Қазақ жақсылықты айтады, жамандықты жасырады. Жақсылық пен жамандықтың күресі сенің ішіңде, менің ішімде жүр. Ішіңде ақ қасқыр мен қара қасқыр бар, қайсына көбірек азық бересің, соған бейімделесің демей ме бір тәмсіл.
– Қазіргі қоғамда сізді не толғандырады?
– Ең жаман нәрсе – бәріне үстірт қарау, асығыс баға беру, бәрін бір өзім білемін деп ойлау, байыбына бармай байбалам салу, бір нәрсені біліп алмай, өзгелерге ақыл айту. Әбіш аға Кекілбайұлы бір сұхбатында: «Бір нәрсені есіңде сақта – біреуге ақыл айтпауды, жұрттың ақылы қалтасына сыймай жүргенін есіңнен шығарма», дейді. Қазір әлеуметтік желіде өзі білмеген дүниесі туралы толғам айтатындар өте көп. Қоғамда бұл нәрсе өте өзекті болып тұр. Ешқандай көркем әдебиет деген нәрсені түсінбей, эпигондық нәрсе жасап, марапатқа лайықтымын деп, мынадай дәрежеге сай едім деп өзіңе-өзің баға беру өзіңнің төмен деңгейіңді көрсетеді. Неге біз өзіміз қолға алған дүниені тереңдеп барып меңгермейміз, неге байбаламға құмармыз? Ұстазым, академик Рымғали Нұрғали: «Қазір кәсібилердің заманы өткен, дилетанттардың заманы басталып кеткен», деп айтатын. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ қоғамда дилетанттар басым. Соның салдарынан таланттар тасада қалып, талантсыздарды «танып жүргеніміз» шындық.
– Өз өлеңіңізде айтатын Ғайып құсы келіп өткен өміріңіздегі бір жағдаятты өзгертуге мүмкіндік берсе, нені өзгертер едіңіз?
– Киноларда уақытты шегіндіріп жатады ғой. Мен уақытты кері шегіндіруді сұрар едім, уақыт шегінсе, қателіктерімді жөндер едім... Қиял ғой...
– Ақынның өлеңге деген көзқарасы әр жаста әртүрлі болып өзгере ме?
– Бала күнімде жазған өлеңде бір шумақ бар еді:
«Ақындыққа халықпыз жаны жақын,
Қиял қуып, шарқ ұрып сабылатын.
Ұйқасқанның бәрі де өлең болды,
«Қалам тартқан қазақтың
бәрі де ақын».
Балалық шақта әртүрлі оқиға, сұлу сурет іздеп жүресің. Уақыт өзі талантпен қоса білім керегін түйсіндіреді. «Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» демей ме? Талант пен ізденісті жалғап отырсаң, әр жаста өзгеріс, өсу болады. Өлең жиын-тойда айтылатын, жұртты күлдіретін жадағай ой, жайдақ сөз емес.
Өлеңге деген көзқарас әр жаста әртүрлі екені рас. Негізі өлең дегеніміз рух қой. Ақындық – әу бастан адамның ішіндегі адамына ғана берілетін тұмса дүние. Өлең қонады, дариды деген бабалар сөзі рас. Бірақ қолға түскен құсты баптау, жетілдіру, оны әрі қарай самғату ақынның өз қолында.
– Есенғали Раушановтың кітаптарының шығуына атсалысып жүрсіз. Ақын туралы естелік айта аласыз ба?
– Есенғали поэзиясы – сырты күміс, іші алтын дүние. Қазақтың ұғымына, санасына сіңетін тамаша үлгілерді бүкіл адамзаттық, мәңгілік мұраттарға тиесілі ойлармен үйлестіріп, тамаша өлеңдер жазып кетті. Есенғалидың тереңдігі, биіктігі – бөлек әңгіме. Қазақ екеніміз рас болса, поэзиямыздың қай деңгейге жеткенін бағамдау үшін Есенғалиды түсініп, түйсінуіміз керек деп ойлаймын. «Ғайша бибідегі» түркінің жеті белгісін алып, түсіндіріп көрсінші бірі. Сол поэмада Күлтегін мен қағанды айтыстырады, Ғайша бибі мен Мәстекбайдың образын жасап, екеуін салыстырады. Біздің кейде қазіргі өлеңді жиын-тойда айтылар ұйқасты сөз немесе атақ шығаратын құрал деп түсінуіміз Мәстекбайдың әрекетіне жақын келеді. Ол кездегі айтыстың құны бөлек болған. Жапондар Фудзияма тауына барып, бүкіл күнәсінен қалай арылса, ол кезде түркілер үшін, қазақ үшін айтыс сондай киелі болып еді дейді поэмада ақын. Есенғали ақынның білімі терең, өресі биік еді, тынымсыз ізденісте болған адам. Ұлы ақындар Абай мен Мағжанның, Ілиястың, Қасымның, Мұқағалидың, Төлегеннің, олардан кейін Есенғалидың поэзияны шырқау биікке көтеруі – ақын халық екеніміздің дәлелі. Есенғалиды неге құрметтейміз? Себебі онда сенің қазақтық рухың жатыр, қазіргінің, болашақтың ойы, талап-тілегі, арман-мұраты жатыр.
– Арманыңыз бар ма?
– Арман таусылған күні адамның өмір сүруі де тоқтайтын шығар. Иса Байзақовтың «Құралай сұлуын» оқысаң, сегіз ұлы сегіз ауыл болып отырған Келден қарт сақалынан жас тамшылап жылап отырады. Сонда оны арнайы іздеп келген Монтай би армансыз адам болмайды деген ойға тоқтайды. Ақиқаты осы. Пенде баласы үшін қол жеткеннің бәрі жалған, қол жетпегеннің бәрі арман ғой негізі.
– Кейінгі жазған өлеңіңізді оқып берсеңіз.
Тереземе жақындап Ай келеді,
Арамызға кедергі әйнек еді…
Түйір нұрын түйме қып алар едім,
Бола қояр пенденің қай дегені…
Түннің өңі ақ емес…
қара да емес,
Сан сұрақты суырар санадан ес.
Түс көреді түнгі әлем шым-шытырық
Ойдан, қырдан жиылып тәмам елес.
Ай бетінде қалғандай өткен ғұмыр,
Соны айта ма тылсымнан
жеткен күбір?!
Жүрегімнің дүрсілін іле кетті,
Құйғып барып сол айға шөккен дүбір.
Сәттік қана мезеттің неге бәрі,
Неге үркектеп қашады менен әрі?!
Әлдеқайда бір сәуле ағып өтті,
Түнді оятып «Мен – ғайып»
деген әні.
Қол жеткізсін ғайыпқа пенде қалай?!
Сәттер жүйткіп барады
жерге қарай…
Әйнек деген әлемге басын сүйеп,
Тереземнен қарайды дөңгелек Ай.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Батырхан СӘРСЕНХАН,
«Egemen Qazaqstan»