Көктем шуағымен ілесіп сонау Мысыр елінен, Каир шаһарынан ыстық ықылас, ізгі ілтипатқа шомылған, ішінде дұғай-дұғай сәлемі мен алғысы бар ақпарат келіп жетті. Мұның да өзіндік мәні бар. 1 наурыз – көктемнің алғашқы күнінде Қазақстанда Алғыс айту күні тойланады. Бұл мерекеден ел мен елді елдестіретін елшіліктер де қалыс қалмай отыр.
Жыл өткен сайын бұл мерекенің мәні артып келе жатқаны аян. Оның үстіне Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастың өзіндік нышаны іспетті сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Бұл мерекеде аға буын, ағайын-туыстарға ғана емес, «Біздің заманның қаһармандары» жобасы аясында еріктілер індетпен күресуге, адам өмірін сақтап қалуға, адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қамқорлық жасап, жақсылық пен қоғамға қызмет ету жолында күн сайын ерлік жасап жүрген барлық замандасымыз бен жерлесімізге де рахметімізді айтамыз. Мәселен, Дүниежүзілік Еріктілерге алғыс айту күні де (World Gratitude Day). Алғыс айту күні АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Корея, Нидерланд, Швейцария, Үндістан және әлемнің басқа да елдерінде тойланады. Бұл күні адамзат риясыз игі істер жасайтын мейірімді жандарға ризашылығын білдіреді. Осы ауызбіршіліктің жарқын мерекесіне құрмет көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Мысырдағы елшілігі еріктілермен – Мысыр және Қазақстанның студент жастарымен бірлесе отырып, Жастар және спорт министрі доктор Ашраф Собхи мен Туризм және көне жәдігерлер министрі Ахмед Исаның тікелей қолдауымен Каир маңындағы «7 қыз» кешенінің аумағындағы тарихи орындарды қоқыстан тазарту қайырымдылық іс-шарасын өткізген. Бұл іс-шараны өткізуге ірі тазалау компаниясы «Bio Energy Egypt» (Mr.Mahmoud Galal), Hermes қаржылық холдингі (Mr.Karim Awad), «Arab Contractors» халықаралық құрылыс компаниясы (Mr.Sayed Farouk), «Edita» азық-түлік компаниясы (Mr. Hani Berzi), «EIPICO» фармацевтикалық компаниясы (Dr.Ahmed Kelani) сияқты елшіліктің мысырлық серіктестері өз үлестерін қосты.
Бұл қайырымдылық іс-шарасы Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастың өзіндік символына айналған сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын тойлау қарсаңында өтіп жатқанын ерекше атап өткен жөн. Мысыр мен Сирияның XIII ғасырдағы көрнекті билеушісі, қазақ даласының ұлы сұлтан Бейбарыстың тарихи мұрасы екі елдің мәдениет саласындағы қарым-қатынасында ерекше орын алатыны аян. Екі елдің үкіметі де Бейбарыс мешіті кешенінің аумағындағы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға көп күш жұмсап отыр. 2007 жылы 20 қазанда қол қойылған Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру бойынша ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан тарапы Мысыр тарапына 4,5 млн доллар бөлді.
«Әмір Қорқамыш» кешені аумағында өткізілген қайырымдылық іс-шарасы барысындағы құттықтау сөзінде Мысырдың көне жәдігерлері Жоғарғы Кеңесінің Бас хатшысы доктор Мұстафа Уазири мұндай игі істердің Мысыр және Қазақстан қоғамының ортақ игілігі үшін маңыздылығын атап өтіп, Қасиетті Рамазан айы мен Ораза айтынан кейін, яғни сәуір айының соңында Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешіті салтанатты түрде ашылатынын хабарлады.
Қазақстан елшісі Қайрат Лама Шариф өз кезегінде сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылуы бауырлас екі халықтың мәдени өміріндегі ерекше оқиға болатынын, оның салтанатты ашылу рәсімі осы жылдың сәуір айында Ораза айт мерекесінен кейін Қазақстаннан келетін арнайы делегацияның қатысуымен өтетіндігін атап өтті. Сондай-ақ Бейбарыстың мерейтойын тойлау жылында екі ел аумағында Мәдениет күндері, мәмлүктердің Мысырдағы билік ету дәуірі тақырыбында сурет көрмелері, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер сияқты ірі бірлескен іс-шаралар жоспарланып отырғанын жеткізді.
АЛМАТЫ