Маңғыстауда биылғы 1 наурыз шынымен-ақ жұрттың жаппай бір-біріне алғыс айтатын күн ретінде атап өтілмек. Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Базаралиеваның айтуынша, «Алғыс айту» күніне орай өңірде 100-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылады.
Ақтау қаласындағы қарттар үйінде облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының концертімен басталатын мереке Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Алғыс айту – парызым» мерекелік концерті мен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі мен «Жорға» би тобының концертіне жалғасады.
– Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрында «Перзентхана» қойылымы, 3 наурыз күні «Отпан» тарихи-мәдени кешенінде «Ақ жаулықты әжелер» атты кездесу кеші, облыстық филармонияда кіші симфониялық оркестрдің концерті ұйымдастырылады, – деді Г.Базаралиева.
Сондай-ақ облыстық музейлер мен кітапханаларда «Бұл әлемді әдемі ету үшін, жақсы сөздер айтыңыз» тақырыбында алғыс айту сағаттары, «Алғыс айту – парызым» кітап көрмесі мен «Мың алғыс» ертеңгілігі, «Жылы лебіз жан тебірентер» кездесу кештері өткізілмек. Мұндай мәдени іс-шаралар Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған, Бейнеу ауданында да ұйымдастырылады. Жаңаөзен қаласы бойынша «Алғыс айту – парызым» апталығы, «Алғысымыз шексіз» атты әлеуметтік желіде челлендж эстафета, «Алғыс айтам бәріңе» атты мерекелік концерт, «Шын жүректен алғыс айтамын» тақырыбында мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық іс-шарасы өтетіндігін айтты.
Ал «Қоғамдық келісім» мекемесінің жоспарында да біраз іс-шара қамтылған. «Алғыс айту – парызым» акциясы аясында әртүрлі салаларда және кәсіптерде адал қызмет етіп, азаматтық және еңбектік ерлік жасап, елдің дамуына үлесін қосып жүрген, сондай-ақ түрлі оқиғалар мен жағдаяттар кезінде белсенділік пен азаматтық ұстанымын танытқан жандарға алғыс айтылса, түрлі спорттық сайыстар да назардан тыс қалмайды.
Алғыс еститіндер қатарында зейнеткерлікке шыққан ұстаздар, полицейлер мен әр сала ардагерлері, қарттар, көше сыпырушылар сынды түрлі санаттағы халық өкілдері бар. Көктемнің алғашқы күнінде тұрғындар көтеріңкі көңіл күймен бір-біріне алғыс айтып ақтарылмақ.
Маңғыстау облысы