Бүгінгі заман – білімдінің заманы. Қазір киіміңе қарап қарсы алып, біліміңе қарап шығарып салады. Тәуелсіз елімізде оқушылардың терең білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Жамбылдық жас өрендер осы бір кеңдікті, мүмкіндікті молынан пайдаланып жүр. Атап айтар болсақ, 2013-2014 оқу жылында жамбылдық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардан бас-аяғы 62 медаль иеленіпті. Оның 19-ы алтын, 20-сы күміс және 23-і қола медаль.
Негізі дарынды балалар үшін жалпы білім беру пәндері бойынша өтетін халықаралық олимпиада ең дүбірлі бәсеке болып табылады. Ол екі бағытта, математика және гуманитарлық пәндер бойынша өтеді. Республикалық олимпиадада облыстан барлығы 79 оқушы бақ сынап, оның 47-сі жүлдегер атанды.
Осыдан кейін биыл екінші жыл қатарынан жамбылдық оқушылар республикалық олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орынды және «Ең үздік олимпиадалық команда» деген атақты иемденіп отыр. Ал, Тараз қаласындағы қазақ-түрік ер балалар мектеп-интернаты алты жылдан бері «Ең үздік олимпиадалық мектеп» атағын ешкімге ұстатқан емес. Сондай-ақ, осы оқу жылында ғылыми жарыстарда 20 оқушы жүлдегер атанып, Жамбыл облысынан барған топ «2014 жылғы ғылыми жарыстардың ең үздік командасы» деген марапатқа қол жеткізді.
Осынау жетістіктерге Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жас өрендермен бірге қуанып, аймақтың абыройын аспандатқан 113 дарынды оқушыны арнайы қабылдап, түрлі сый-сияпаттар тапсырды. «Білімдіге дүние жарық» деген, Әулие ата өңірінің оқу сапасын дәлелдеп, алғырлық танытып, білім жолына шындап түскен жамбылдық жастар осы қарқынымен әлі талай асуды бағындыратыны анық.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
ТАРАЗ.