• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Наурыз, 2023

Қазақстанда 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр

357 рет
көрсетілді

2022 жылдан бастап Ұлттық статистика бюросының мамандары өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар арасында ең бай адамдарды анықтау шкаласына өзгеріс енгізді. Қазір ауқатты кәсіпкерлер мен тәуелсіз жұмысшылар санатына ену үшін 2021 жылғыдай 500 мың теңге емес, 1 млн теңге табыс болуы керек, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда барлығы 8,9 млн жұмыспен қамтылған адам бар. Оның 6,8 млн-ы жалдамалы жұмысшылар, 2,1 млн-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Ұлттық статистика бюросының мамандары соңғы санатқа жеке кәсіпкерлерді, әр түрлі жеке серіктестіктер құрылтайшылары қатысушыларын, өндірістік кооперативтердің мүшелерін, жеке жұмыс істейтін адамдар мен жеке шаруашылық өнімін сататындарды жатқызады.

Жалпы Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы мәз емес. Осы санаттағылардың 24,8%-ы (528,9 мың адам) былтырғы төртінші тоқсанда айына 60 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін табыс тапқан. Тағы 358,9 мың азамат ең төменгі жалақыдан төмен табыс тапты: 37,4 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін. Тағы жарты млн-ға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың табысы 100 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін болды. Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санында медианалық табыстан (204 мың теңге) айтарлықтай төмен жалақы алатын тәуелсіз жұмысшылар басым болды: 81,4% немесе 1,7 млн азамат.

Табысы 500 мың теңгеден асатын ауқатты кәсіпкерлердің үлесі аз болып шықты: бар болғаны 1% немесе 22,3 мың адам. Оның тең жартысы жалақысы 500 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін (10,3 мың адам). 2022 жылдың қазан –желтоқсан айларында өзін-өзі жұмыспен қамтыған 6 мыңға жуық қазақстандық айына 800 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін алса, осыншама адам миллионер болып есептелді. 2022 жылдың бірінші тоқсанында табысы 1 млн теңгеден көп өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірнеше есе азайды: бар болғаны 1,2 мың адам.

Миллионер кәсіпкерлердің өңірлер бойынша саны біркелкі емес. Табысы 1 млн теңгеден көп барлық тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 89%-ы алматылықтар (5,3 мың адам) болды. Тағы 9%-ы, яғни 541 адам Астана қаласы мен Ақмола облысында тұрады. Өте аз үлес (шамамен 2%) Маңғыстау және Ұлытау өңірлерінде. Басқа өңірлерде миллиондаған табысы бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жоқ.

Санаттағы барлық азаматтардың 95,1%-ы қала тұрғындары (5,7 мың адам) болып шықты. Тек 293 адам (4,9%) ауылда кәсіппен айналысып, 1 млн теңге табысқа қол жеткізген.

Миллионерлердің жартысына жуығы сауда саласында жұмыс істеу арқылы осындай жоғары табысқа қол жеткізген (44,8%). Табысы 1 млн теңгеден көп өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 21%-дан астамы жылжымайтын мүлік саласында бизнес иелері немесе тәуелсіз сарапшылар болды. Құрылыс саласы үшінші орында (13,3%). Миллиондаған табысы бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ең аз сала ауыл, орман және балық шаруашылығы (1,2%).

Швейцариялық Credit Suisse (CS) банкінің әлемнің әртүрлі елдеріндегі әл-ауқат деңгейі туралы Global Wealth Report 2022 аналитикалық есебінің деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың соңына қарай Қазақстандағы долларлық миллионерлердің үлесі республиканың ересек тұрғындарының 0,3%-ын құрады. Абсолютті түрде бұл 36,9 мың адам. 2020 жылмен салыстырғанда мұндай деңгейдегі қазақстандықтардың саны 50,9% өсті. Пандемияның бірінші жылында байлығын миллиондаған АҚШ долларымен өлшейтін байлар, дереккөзге сүйенсек, елде 24,5 мың адам болған.