Осыдан он шақты жыл бұрын ұн экспортынан әлемде, соның ішінде дәстүрлі нарық – Орталық Азия елдерінде алдыңғы қатарда болған Қазақстан қазір осы көшбасшылықты сақтап тұр ма? Отандық ұн өндірісінің жай-күйі мен экспорттық әлеуеті қандай? Бұл мәселелерді талдағанда сала үшін мемлекеттің белсенді қолдауы ерекше маңызды екенін атап өту қажет.
Өз еліндегі саяси тұрақсыздыққа байланысты олар Қазақстан мен Ресейден әкелінетін бидайды Өзбекстандағы толлингтік схема бойынша өңдеп, содан кейін өз еліне ұн етіп жеткізеді. Қалыптасқан жағдайдың нәтижесінде 2020-21 МЖ қорытындысы бойынша қазақстандық бидайдың Өзбекстанға рекордтық жоғары импорты тіркеліп, 3,23 млн тоннаға жетті. Ал Қазақстаннан ұн жеткізу, керісінше, ең төменгі мәнге – небәрі 0,36 млн тоннаға жетті.
«АӨК-Информ» порталының мәліметінше, 2017-18 жылдардағы рекордтық көрсеткіштен кейін елімізде ұн өндірісі баяулай бастаған. Мәселен, 2018-19 маркетингтік жылдың (МЖ) қорытындысы бойынша өндіріс 16%-ға қысқарған. Әрі қарай 2019-20 МЖ-да республикада ұн өндіру көлемі тағы 12%-ға төмендеді. Одан кейін 2020-21 жылдарда шағын өсуден кейін өндірістің құлдырауы қайта жалғасты. Өндірістің өткен жылғы шілде-желтоқсандағы көрсеткіштері мен ұзақмерзімді кезеңдегі орташа үлесін есепке ала отырып, ағымдағы кезеңде біршама өсу бар деуге болады. Бұл жерде ұн өндіру көлемінің қалыптасуы бір жағынан егіннің деңгейіне, екінші жағынан дайын өнімді өткізу мүмкіндігіне байланысты екенін қаперге алу керек.
2017-18 МЖ-ға дейін Қазақстанда бидайдың жалпы жиналуы біртіндеп өсіп, шамамен 15 млн тоннаға жетті. Келесі бірнеше маусымда қолайсыз агроклиматтық жағдайларға байланысты егіннің азаюы орын алды. Бірақ бұл тұтастай алғанда ұн өндірісін шикізатпен қамтамасыз етуге қатты әсер еткен жоқ. Соңғы он екі маусымдық кезеңде республикада өңдеу үшін өсірілген бидайдың шамамен 38%-ы ғана пайдаланылды. Тіпті, өнім шығымды болмаған 2019 және 2021 жылдардың өзінде бұл көрсеткіш 35%-37% деңгейінде бағаланды.
Өндірілген өнімді өткізуге келсек, отандық ұн тартушылар үшін экспорттаудың маңызы үлкен. Ұзақмерзімді кезеңде еліміз экспортқа беретін ұнның орташа үлесі елдегі оны өндіру көлемінің 52%-ы түрінде бағаланады. Яғни экспорттық жеткізілім қарқыны көбіне өндіріс көлемін құрап, сәйкесінше екеуінің динамикасы ұқсас келеді.
Ұн экспортынан түсетін түсімнің қалыптасу динамикасын талдайтын болсақ, онда сәл өзгеше үрдістерді бөліп көрсетуге болады. Айтарлықтай төмендеу кезеңі 2015-16, 2018-19 маркетингтік жылдары байқалды, бұл экспортталатын ұнның төмен бағасына байланысты болды. Мәселен, 2017-18 МЖ-да қазақстандық ұнның экспорттық партияларының орташа құны ең төменгі мәнде болды. 2019-20 МЖ-дан бастап және қазіргі сәтте экспорттық партиялардың орташа құнын ұлғайту есебінен түсімнің айтарлықтай өсуі байқалды. Алайда, ұнды экспортқа сатудан түсетін түсімнің ұлғаюы Қазақстанның ұн тартатын кәсіпорындарының тиімдірек болғанын білдірмейді. Олардың толық жүктелуіне әлі көп нәрсе қажет, ал шикізат, көмекші ресурстар мен логистикалық шығындар өсіп барады.
Соңғы он екі маусымдық кезеңде жеткізілімдердің жалпы көлемінен қазақстандық ұнның 85%-ға жуығы тек екі елге – Өзбекстан мен Ауғанстанға экспортталды. Бұл ретте егер 2014-15 МЖ-ға дейін импорттаушылар арасында Өзбекстан басым болса, 2015-16 МЖ-дан бастап қазақстандық ұнның негізгі сатып алушысы Ауғанстан болып отыр. Бірақ тағы да айта кетерлігі, Ауғанстанға ұн жеткізудің өсуі қазақстандық ұн тартушылардың жетістігі емес. Бұл соңғы бес жыл ішінде бидай мен ұнды тұрақты экспорттаушылар санатынан импорттаушылар санатына өткен Пәкістанның осы нарықты жоғалтуына байланысты.
Ал Өзбекстан қуатты мемлекеттік қолдауды қосып, өзінің ұн тарту саласын белсенді дамыта бастады. Қазақстаннан астық жеткізудің ыңғайлы логистикасы жергілікті ұн тартушыларды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етуге ықпал жасады. Бір қызығы, Өзбекстанда Қазақстаннан тәжірибелі ұн тартушылар басқаратын кәсіпорындар пайда бола бастады, оларға бидайды импорттау мен оны сол жерде ұнға өңдеу тиімдірек болды. Өзбекстандағы диірмен кәсіпорындарының ауғандық меншік иелерінің үлесі одан да жоғары. Өз еліндегі саяси тұрақсыздыққа байланысты олар Қазақстан мен Ресейден әкелінетін бидайды Өзбекстандағы толлингтік схема бойынша өңдеп, содан кейін өз еліне ұн етіп жеткізеді. Қалыптасқан жағдайдың нәтижесінде 2020-21 МЖ қорытындысы бойынша қазақстандық бидайдың Өзбекстанға рекордтық жоғары импорты тіркеліп, 3,23 млн тоннаға жетті. Ал Қазақстаннан ұн жеткізу, керісінше, ең төменгі мәнге ‒ небәрі 0,36 млн тоннаға жетті.
Соңғы үш маусымдық кезеңде шілдеден қарашаға дейінгі кезеңдерді салыстыра отырып, ағымдағы сәтте Ауғанстанға (алдыңғы маусымның көрсеткішіне +70%) және Өзбекстанға (+14%) жеткізілімдердің айтарлықтай өскенін байқауға болады. Өз кезегінде Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей Қазақстаннан сатып алу көлемін тиісінше 11%, 6% және 38%-ға қысқартты. Абсолютті түрде бұл елдерге жеткізілім көлемі елеусіз болып қала берді.
Қазіргі маусымда ресейлік ұнның нарыққа қысымы санкцияларға байланысты күшейе түсті. Ресей Орталық Азияның дәстүрлі нарықтарында қазақстандық ұнмен белсенді түрде бәсекелесе бастады. Солтүстіктегі жиналған бидайдың рекордтық өнімінің артығы, тиісінше артылған ұн көлемі қазақстандық экспорттаушылармен «таптаурын» болған логистикалық бағыттарға сәйкес келіп, ағылып кетті. Мәселен, Ресейден Түрікменстанға ұн жеткізу 2020-21 МЖ-дағы 3,2 мың тоннадан 2022-23 МЖ шілде-қараша қорытындылары бойынша 25,8 мың тоннаға дейін өсті.
Қазақстан аумағы бойынша ресейлік ұн транзиті жөніндегі «Қазақстан темір жолы» деректерін зерттей келе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 84%-ға өскенін көруге болады. Егер 2020-21 жылдары республика арқылы Ресейден 166 мың тоннаға жуық ұн өтсе, 2022 жылы транзит рекордтық 307,7 мың тоннаға дейін ұлғайған. Сол Түрікменстанға транзит көлемі – 7 есе, Қырғызстанға – 2 есе, Өзбекстанға, Тәжікстан мен Ауғанстанға орта есеппен 1,5 есе өсті.
Ресейден бидай импортының өсуі екі негізгі факторға: Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінде нан өнімдерін тұтынудың өсуі, сондай-ақ Қазақстанда өсірілетін бидайдың (Ресей бидайымен салыстырғанда) өзіндік құнының озық өсу қарқынына байланысты.
Заңды импорттан басқа, Қазақстан нарығына контрабандалық астық та араласуда. Заңсыз әкелу көлемінің ұлғаюы ресейлік астықты Қазақстан арқылы үшінші елдерге ҚҚС, транзиттік теміржол тарифі және экспорттық баж төлемей сату мүмкіндігін туғызады деген сөз. ЕАЭО ішіндегі жеткізілімдерге баж салынбайды, бірақ ол Ресей Федерациясынан алыс шетелге бидай экспорты үшін міндетті. Ресейлік бидайды заңсыз импорттай отырып, алыпсатарлар оны қағаздар бойынша қазақстандыққа айналдырады да, Өзбекстанға жеткізеді. Бұл көлеңкелі бизнес мемлекетті де, заңды бизнесті де шығындарға әкеледі. Мысалы, Қазақстанның қайта өңдеушілер одағының бағалауы бойынша, Ресей бидайының контрабандасы салдарынан республика жыл сайын шамамен 500 млн доллар жоғалтады. Мұның қандай сома екенін салыстырып көру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығын субсидиялауға жылына шамамен 100 млрд теңге бөлетінін ойға алуға болады. Ал заңсыз бидай саудасынан тегіс жерде 240 млрд теңгеге жуық қаржы жоғалады.
Жоғарыда аталған проблемалардан басқа, қазақстандық ұн нарығына бірқатар ішкі факторлар: логистикалық қиындықтар (маусымның қызған кезінде вагондар тапшылығы, «ҚТЖ»-ның конвенциялық тыйымдары, астық пен ұнды тасымалдау бағыттарын тиімсіз белгілеу), жеткілікті қолдаудың болмауы теріс әсер етеді. Қазірде еліміз өнімді қайта өңдеуді және экспорттауды қолдау қажеттігіне аса мән беріп отырғанына қарамастан, іс жүзінде диірменшілер елеулі қиындықтарға тап болып отыр. Ұн тарту саласының көптен жазылмай келе жатқан, әсіресе, 2022 жылы асқына түскен бір «жарасы» ‒ ҚҚС-ны қайтару мәселесі. Қазақстанның қайта өңдеушілер одағының есебінше, ҚҚС-ның қайтарылмауы салдарынан жылына 40 млрд теңге айналым қаражаты жоғалады, нәтижесінде жұмыс тиімділігі күрт төмендейді. Айналым қаражаттарының жетіспеушілігіне байланысты өңдеушілер жылдық 25%-ға дейін жоғары мөлшерлемемен несие алуға мәжбүр, бұл бір жағынан ұнның өзіндік құнының жоғарылауына әкелсе, екінші жағынан экспорттың дамуына тұсау болады. Ұн тарту саласындағы дағдарыс, ҚҚС-ның қайтарылмауы салық түсімдеріне, жалпы экономикаға кері әсерін тигізіп, 60 мыңға жуық адам жұмыс істейтін бұл саладағы әлеуметтік салдарға әкеледі.
Осылайша, қазақстандық қайта өңдеушілер бір жағынан өткізу нарықтарын бәсекелестердің жаулап алуы, екінші жағынан, ел ішінде бизнеске бағдарланған ойын ережелерінің үнемі бұзылуы нәтижесінде екі оттың ортасында қалғандай күй кешуде.
2021-22 МЖ-да Қытай, Израиль, Польша, тіпті Түркия сияқты елдерге ұн экспорттадық. Әлемдік ұн экспортында лидерлік үшін бәсекелесе бастадық. Демек, ендігі жерде ұн тарту саласының тиімді жұмысын қалпына келтіру және қосылған құны бар өнім экспортын ұлғайту үшін жаңа өткізу нарықтарын іздеу қажет.
2022 жылдың соңында Үкімет астықты, ұнды, мұнайды және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін Пәкістанға жеткізу ниетін жариялады. Бірақ бұл мәселе бойынша әлі ресми келісімге қол жеткізілген жоқ. Қытайға келетін болсақ, бұл өткізу нарығының тартымдылығына (географиялық жақындығына, жоғары сыйымдылығына және төлем қабілеттілігіне байланысты) қарамастан 65%-дық кеден тарифі қазақстандық ұнды жеткізу жағдайын тиімсіз етіп тұр.
Осылайша, бүгінде Орталық Азия елдері Қазақстанның ұн тартушылары үшін ең оңтайлы экспорттық бағыт болып қала береді. Ал біздің санаулы жылдар ішінде өзінің өңдеуші қуатын дамытуда үлкен серпіліс жасаған көршілерден үйренеріміз көп. Сондай-ақ Ресейде қолайлы агроклиматтық жағдайларға байланысты өсімдік шаруашылығы экономикасы Қазақстанға қарағанда мүлде басқаша көрінеді, бұл ұнның соңғы құнына әсер етеді. Сөйтіп, қазір отандық ұн тартушылар Үкіметтен ұн өткізудің жаңа экспорттық нарықтары – Таяу Шығыс пен Пәкістан елдерін игеру үшін қолдау көрсетуді сұрап отыр. Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбектің сөзінше, «Жыл сайын Орта Азия мен Ауғанстан елдері астық өңдеудің өзіндік көлемін арттырып жатыр.
«Қазақстандық ұн тартушылар үшін ұн өткізудің балама нарықтарын іздеу қажет. Қазіргі уақытта Таяу Шығыс елдеріне, атап айтқанда Иран арқылы Катарға, сондай-ақ Пәкістанға ұн жеткізу мәселесі белсенді түрде пысықталуда», дейді.
Айтуынша, Катар мен Пәкістаннан келген сатып алушылармен алдын ала келіссөздер жүргізілген, қазақстандық ұнды сатып алуға әзірлік бар. Иранның көлік компаниялары да өз аумағы бойынша транзит ұйымдастыруға, оның ішінде Бендер-Аббас портында ауыстырып тиеуді қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірген. Бастапқы кезеңде осы нарықтарға кірігу үшін ұн тартушылар Үкіметтен күрделі логистиканы ескере отырып, жеткізу құнын ішінара өтеу, сондай-ақ осы елдердегі Қазақстан елшіліктері тарапынан консультациялық сипатта қолдау көрсетуді сұрайды. Диірменшілер осы нарықтарға ұн жеткізуді дамыту елімізге басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін ‒ астық пен ет жеткізуді одан әрі ілгерілетуге жол ашады деп есептейді.
Астық өңдеушілер одағы басшысының айтуынша, диірменшілер Қытайға жылына 300-400 мың тонна ұн жеткізуге дайын. Тек жүктерді қабылдау үшін COVID-19-ға қарсы карантиндік шараларды алып тастау немесе жеңілдету туралы Үкімет деңгейінде келіссөздер қажет. Сондай-ақ жабық вагондарда ұнды Алашанькоу стансасына дейін жеткізу және одан әрі Қытай теміржол вагондарына қайта тиеуді жүзеге асыру тұрақты тиеп-жөнелтуді жолға қоюға мүмкіндік береді.
Елімізде өндірілген ұнның жоғары сапасы бір кездері отандық өнімнің жетекші экспорттаушылар рейтингінде лайықты бірінші орынға шығуына мүмкіндік берді. Дегенмен қатаң бәсекелестік жағдайында алынған өнімнің өзіндік құны және сәйкесінше, тауарларды төмен бағамен ұсыну мүмкіндігі үлкен маңызға ие болып отыр.