Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заңды қабылдап, мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Палата депутаттары заң жобасының жаңашылдықтарын негізінен қолдай отырып, оның жекелеген ережелеріне бірқатар толықтыру енгізуді ұсынды. Осылайша, құжат жаңа редакциямен қабылданды.
Сенат Төрағасы қабылданған заң еліміздегі салық заңнамасын одан әрі жетілдіру үшін әзірленгенін атап өтті. Нақты айтқанда, жаңа нормалар азаматтардың төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру, өсімдіктер дүниесі объектілерін пайдалану және халықтың көші-қоны саласындағы салық ережелерін нақтылайды.
«Сенат бұл заңға бірқатар түзету енгізді. Олардың бір топтамасы бөлшек салықтың арнаулы режиміне қатысты. Бұл салық режимі пандемиядан зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен уақытша енгізілген еді. Мұндай шара шағын және орта бизнес субъектілеріне үлкен демеу болып, өзінің тиімділігін көрсетті. Сондықтан бөлшек салықты қалпына келтіріп, оның жұмысын мерзімсіз ету үшін тиісті түзетулер енгіздік. Осы заң салықтық міндеттемені орындауға байланысты қатынастарды жетілдіруге және салық салудың айқындылығын қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылданды. Оның нормалары Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарларды әкелу кезінде жанама салықтар алу тәртібін реттейді. Сондай-ақ заң ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кәсіпкерлері арасындағы өзара сауданың артуына ықпал етуді көздейді.
Бүгін сенаторлар «Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қабылдады. Бұл заң көлеңкелі трафикті қысқартуға, кедендік бақылау процесін оңтайландыруға және көліктік-логистикалық қызметтерді дамытуға оң ықпал етуге бағытталған. Келісім қадағалау объектілерін, навигациялық мөрлерге қойылатын талаптарды, ұлттық операторлардың қызметін айқындайды. Одан бөлек, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қадағалау органдарының өзара іс-қимыл нысандарын белгілейді.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды. Аталған заң екі ел арасындағы карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді, сонымен бірге, тиісті фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, оған бірқатар түзету енгізіп, мақұлдады.
Заңның негізгі мақсаты жер заңнамасының жекелеген ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу және жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізетін органдарға әкімшілік істерді қарау және тиісті жазалар қолдану бойынша өкілеттіктер беру екенін атап өткен жөн.
«Бұл заң жер заңнамасын бұзғаны үшін жекелеген баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікті нақтылауға арналып отыр. Сонымен қатар заң шеңберінде жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау жүргізетін органдардың өкілеттіктерін қайта қарау көзделген. Жаңа нормалар жер учаскесіне құқық беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жерді пайдалану мен қорғауға қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.