Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаулы жобасының мақсаты - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балаларға уақтылы білікті көмек көрсету, сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған қосымша шаралар кешенін қабылдау жөніндегі жүйені құру.
Кешенді жоспарда келесі бағыттағы бірқатар шаралар қарастырылған:
балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау бойынша адамдардың жауапкершілігін қатаңдату; білім беру ұйымдарын қорғаудың кешенді жүйесімен қамтамасыз ету; балалар арасында балаларға қатысты зорлық-зомбылық, құқық бұзушылық және суицид деңгейін төмендету, оның ішінде психологиялық қызметті күшейту; дағдарыс жағдайынан шығу бойынша балаларға білікті көмек көрсету; балалар арасында жолдарда, суда болуы мүмін оқиғаларға жол бермеу, өрттің алдын алу, балаларға жануарлардың шабуыл жасауы, балалардың терезеден құлауының алдын алу; балалар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру, балалар мен ата-аналар қатынастарын нығайту жөніндегі ақпараттық-түсіндіру қызметін ұйымдастыру.Атап айтқанда, кешенді жоспар заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруді көздейді.
Жоспарды іске асыру келесі көрсеткіштерге әкеледі деп күтілуде:
Балаларға қатысты, оның ішінде олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар санының жыл сайын 2%-ға төмендеуі; Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің жыл сайын 1,5%-ға төмендеуі; Қосымша біліммен қамтылған балалар санының жыл сайын 5%-ға артуы; Төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары және басқа да жазатайым оқиғалар салдарынан балалардың өлімі мен жарақаттану санын жыл сайын 5%-ға төмендету; Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру.Құжат 17 наурызға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2022 жылы балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалды (2021 жылы – 2 088), олардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 719 құрады (2021 жылы - 920), сондай-ақ балалар арасында 155 суицид оқиғасы тіркелді (2021 жылы – 144).
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада жыл сайын 600 мыңнан астам адам жарақат алады, олардың 22%-дан астамы - балалар, яғни 130 мыңы (соның ішінде мұзға құлау, терезеден құлау, ЖКО, өрт, су айдындарында және т.б.) немесе 360 бала күн сайын жарақат алады.