• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Наурыз, 2023

Шавқаттың айқын жеңісі

186 рет
көрсетілді

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC 285 турнирінің басты жекпе-жектерінің бірінде жартылай орта салмақта өнер көрсетіп жүрген қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмонов пен америкалық Джефф Нил күш сынасты.

32 жастағы Техас штаты тумасының осы спорт түрін серік еткелі 10 жылдан асты. Сол аралықта Джефф 19 кездесу өткізіп, 15 рет жеңіске жетті. 11 қарсыласын есінен тандырды. Ал Шавқаттың жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 28 жастағы қандасымыз 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекпен шұғылдануда. Сол кезден бері 16 рет октагонға шығып, барлық бәсекесін айқын басымдықпен аяқтады.

Лас-Вегастағы айқас өте тартысты өтті. Нил – жұды­рық­тасудың хас шебері. Шавқат та ашық айқасқа барудан «кет әрі» емес. Екеуі ұзақ уақыт бо­йы бір-бірін жақсылап тұрып төм­пештеді. Бұл айқаста қазақ спортшысының басымдығы бай­қалғанымен, АҚШ-тың өкілі де жұдырығын оңды-солды сілтеді. Үшінші раунда Рахмонов ауыр соққы жіберіп алды. Тіптен сол кезде тәлтіректеп те кетті. Бірақ ол дер кезінде есін жиып, қарымта шабуылға көшті. Қайтсем де есемді қайтарамын деген оймен алға ұмтылды. Бір мезетте Шавқаттың ауыр соққыларынан кейін Джефф есеңгіреп қалды. Қандасымыз сол сәтті ұтымды пайдаланып, қарсыласының артына шықты да, оны қылқындырып тастады. Сөйтіп, мұхиттың арғы жағалауында өткен жарыста Шавқат Рахмонов өзінің кезекті айқын жеңісіне қол жеткізді.

Ал осы кештің басты жекпе-жегі америкалық Джон Джонс пен франциялық Сирил Ган арасында өтті. 35 жастағы Нью-Йорктың тумасы 28 кездесудің тек біреуінде ғана ұтылған-ды. Бір айта кетерлігі, 2009 жылы Мэтт Хэмилге қарсы бәсеке барысында ол ережені өрескел бұзғаны үшін жазаланды, Міне, Джонстың жалғыз жеңілісінің «тарихы» осындай. Жалпы, бұған дейін жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен Джонсқа UFC-дегі көптеген рекорд тиесілі. 32 жастағы Ган 12 рет айқас алаңы­на шығып, 11 рет жеңіс тойын­ тойлады. Сегіз сайысты ол нокаутпен аяқтады. Осы қос алып ара­сын­да­ғы жекпе-жекте аталған про­моушеннің чем­пиондық белбеуі сарапқа салынды. Өкінішіке қа­рай, бұл жекпе-жек көпшілік күт­кендей аса тартысты болмады. Джонс бірінші раунд­та-ақ Ган­ды қыл­қындырып тас­тап, аса ауыр сал­мақтың алтын бел­беуін иеленді.