Бүгін елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқармасының жаңа төрағасы Әнуар Жанғозинді таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Шигео Катсу кеңес шешімімен Әнуар Жанғозин басқарма төрағасы болып тағайындалғанын хабарлады.
Шигео Катсу Күләш Шәмшидиноваға бүгінде әлемге жоғары стандарттарымен танылып, Қазақстанды жаһандық білім беру кеңістігіне интеграциялаған Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесін құрудағы жетістігі үшін алғысын білдірді.
Күләш Шәмшидинова өз сөзінде NIS-тің барлық жетістігіне командалық жұмыс пен кәсіби ұжымның арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
Әнуар Жанғозин Мәскеу мемлекеттік университетінің математика факультетін, Назарбаев Университетінің Кембридж университетімен бірлесе іске асырылған «Білім берудегі көшбасшылық» бағдарламасы бойынша магистратурасын аяқтаған.
2008 жылдан бастап «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жүйесінде менеджер, аға менеджер, департамент директорының орынбасары, мұғалім, Астанадағы NIS IB директоры қызметін атқарған.
2016-2019 жылдары Астана қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары және басқарма басшысы болып жұмыс істеген.
2022-2023 жылдары «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы болған.
Әнуар Жанғозин әлемдік деңгейде аты шыққан Зияткерлік мектептерді басқару ол үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік екенін атап өтті.